ЖАҢҒЫРҒАН «JAMBYL» АРНАСЫ
ЖАҢҒЫРҒАН «JAMBYL» АРНАСЫ
«JAMBYL» телеарнасы 1989 жылдың 1 қарашасында өз жұмысын бастаған. Бастапқыда ЖТД, «Қазақстан-Тараз» атауына ие болған телерадиоарнаға 2017 жылдан бастап «JAMBYL» атауы берілді. 30 жылдан аса уақыт облыстық телеарна аймақтың мәдени-рухани дамуына елеулі үлес қосып келеді. Осы уақытқа дейін телеарнаны он бір басшы басқарыпты. Он екінші басшы болып Гүлбаршын Құланбаева тағайындалды. – Телеарнаның 33-маусымын арнаның 33 жобасымен бастадық. Атап айтар болсақ, облыстық «Анаға тағзым» орталығымен бірлесіп түсірген «Бақыт кілті», «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесіп қолға алған «Қаламгерлер клубы», Эльмира Мырза-Ғалидың «Жүрек сөзі» бағдарламаларын айтуға болады. «Қаламгерлер клубы» қалам ұстаған қауымның әдемі естеліктерін бөлісетін, әзіл-қалжыңдарын еске алатын жақсы бағдарламаға айналды. Журналист – қоғамның тамыршысы. Журналист қоғамның тамырын дөп басуы керек. Дәл қазіргідей заманда не қажет, қандай тақырып сұраныста екенін білу керек, – дейді Г.Құланбаева. Бүгінгі таңда облыстық арнада 67 қызметкер жұмыс істейді. Бұған дейін «Қайырлы таң, Әулиеата!» аталып келген таңғы бағдарламаға бұрынғы «Рауан» атауы қайта беріліп, жаңа маусымда жарқырап шықты. Одан бөлек «Әкім», «Патриот», «Кеш жарық» сынды жаңа бағдарламалар да көрермен көңілінен шығып жүр. Тәулігіне 17 сағат эфирдің 80 пайызы қазақ тілінде, 20 пайызы орыс тілінде көрсетіледі. Оның ішінде өзіндік өнім 71 пайызды құраса, қалғаны кино және басқа да өнімдер. Күнделікті 3 мезгіл жаңалықтар қызметі тікелей эфирге шығады. Аптасына 30-дан аса хабар көрерменге жол тартады. Жаңалықтар мен хабарларда аймақ тынысы, сан саланың қыруар жұмысы қамтылады. Ауыл тіршілігі, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, шалғайдағы шаруа да – телеарна эфирінде. Бүгінгі күні телеарна анимациялық өнімдер жасауды қолға ала бастады. – Бір хабардың артында қаншама еңбек жатыр. Көрермен гримерден бастап, режиссер, оператор, монтажер, дыбыс режиссері сынды мамандардың еңбегін ескермейді. Он минуттық хабар жасау үшін қаншама маңдай тер мен қажымас еңбек кетеді. Көгілдір экран арқылы танылған қаншама жамбылдық журналистер бүгінде республикалық телеарнада еңбек етіп жүр. Бұл қарашаңырақ «JAMBYL» арнасы – майталман журналистердің ұстаханасы, – дейді Гүлбаршын Қайратқызы. Иә, 34 жыл ішінде аймақ айнасы көзіқарақты көрермен алдындағы миссиясынан айныған жоқ. Шынайы ақпарат, жедел хабар тарату қағидасын басты назарда ұстап келеді. Соңғы кездері жаңа форматқа көшіп, тікелей эфирде хабар таратып, тіпті жарыққа шыққан бағдарламалар да халықтың көз айымына айналған. Атап айтсақ, Рамазан айында облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінен тікелей хабар таратты. Орталық стадионда өткен республикалық VI жазғы Спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімінен ұжым болып аяқтан тік тұрып тікелей көрсетілім жасады. Әнші Алтынбек Қоразбаевтың шығармашылық концерті де халыққа тікелей эфир арқылы көрсетілді. Құт қонған қарашаңырақта арнайы креативтік топ жұмыс істейді. Тағы бір айта кетерлігі, жақында телеарна қайтадан жаңа маусымды бастайды. 34 жылдық белесті бағындырған қарашаңырақтың жаңа маусымдағы тартуы да аз емес. Жаңа маусым жаңашылдыққа толы. Тынымсыз тіршіліктегі түрлі жаңалықты қалт жібермей, әр салаға тіл бітіріп, бірінің сырын, бірінің мұңын толғатып, тарихты да сөйлету оңай емес. Көпшілікті көгілдір экран арқылы ақпаратпен сусындатып жүрген төртінші билік өкілдерінің еңбегі ерен. Уақытпен санаспайтын, тірлігі тәулікке тәуелді емес телеарна талғампаз көрермендері үшін алдағы уақытта да өз жұмысын түрлендіре бермекші. Әр үйдің төріне берік орныққан «көк жәшігіміздің» жүзі күн өткен сайын жарқырап, өскелең ұрпақтың таным-білімін арттырып, ұлттық өнер мен мәдениеттің дамуына және өрістеуіне ықпал етіп, көрермен аудиториясының эстетикалық талғамын қалыптастыра берсін деп тілейік! Эльмира БАЙНАЗАРОВА