Әлеумет

«Төртінші билікке» төрде орын бар

«Төртінші билікке» төрде орын бар

Ел ішінде «Журналист – қоғамның барометрі» деген сөз бар. Өйткені халық пен билік арасында «алтын көпір» саналатын журналистер қауымының қоғамдағы орны айрықша. Биліктің халыққа қызмет етуі, қоғамның алға жылжуы, еліміздің әлеуметтік және саяси дамуы жолында қаламын қару еткен түрлі БАҚ өкілдеріне деген құрметтің бұрын биік болғанын жасы үлкендер айтып жүр.

Мәселен, шындықты жазған журналистің қуғынға ұшырамауы, ол жазған сыни мақаладан биліктің нәтиже шығаруы, қызметке барған жерінде жеткілікті жалақы, тұрғылықты баспанамен қамтылуы, ол жазған мақалаға қаламақы төлену секілді мәселелер «төртінші билікке» деген лайықты жағдайдың шынайы көрінісі еді. Өз алдымызға ел болып, еңсе тіктеу жолында мемлекетіміз сан түрлі сындарлы кезеңді бастан өткергені белгілі. Сол тұста журналистер қауымы мұндай қолдаулардан біртіндеп айырылғанын несін жасырамыз? Оның ішінде басылымда еңбек ететін журналистерді ынталандыру үшін берілетін қаламақы кей ауданда ертеден-ақ тоқтаса, енді бірінде ішінара беріліп жүрді. Ал облыста 5-6 жылдан бері мүлде тоқтаған болатын. Десе де соңғы уақыттарда журналистерге көрсетілетін әлеуметтік тұрғыдағы қамқорлық қайта қолға алына бастады. Бүгінде «Масс-медиа туралы «заң жобасы әзірленіп, ол Парламенттің талқылауына ұсынылғаны белгілі. Мұны сөз етіп отырған себебіміз, жақында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақов аталған заң жобасын талқылау барысында мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек ететін журналистердің жалақысы артатынын сөз еткен еді. Ол өз сөзінде: «Мемлекеттік БАҚ құралында жұмыс істейтін журналистердің 2023 жылы, 2024 және 2025 жылдары жалақысы көбейеді. Биыл және келер жылы 30 пайызға, ал 2025 жылы 20 пайызға артпақ. Аталған мәселе бүгінде шешілді, ол үшін қаражат бар. Жаңа заң жобасында өңірлік БАҚ-қа арналған грант қарастырылған. Ол қайтарымсыз әрі қаржы түрінде беріледі. Мақсат – өңірлік баспасөз құралдарын дамыту. Сонымен қатар бүгінде Ұлттық экономика министрлігімен бірге БАҚ үшін қосылған құн салығын алып тастау жағын қарастырып жатырмыз. Яғни БАҚ қосылған құн салығынан босатылады», деді. Бұл біз сөз еткен заң жобасындағы жылт еткен жаңалықтардың бірі. Ал облысқа келер болсақ, бұл тұрғыда соңғы уақытта айтарлықтай татымды тірліктер атқарылып-ақ жатыр. Мысалы, былтыр халық жазушысы, қазақ журналистикасының қаранары – Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы туған топырағында елдік деңгейде ұйымдастырылды. Есімі «Баспасөз» үйіне беріліп, еңселі ескерткіш бой көтерді. «Aulieata-Мedia» ЖШС-на қарасты, облыс баспасөзінің қарашаңырағы – «Aq jol» газетінің 100 жылдығы мемлекеттік және жалпыұлттық дәрежеде аталып өтті. Сонымен қатар жастарды былтыр жаңадан қолға алынған «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасына қатысатын жастар қатарына журналистердің енгізілуін де айтарлықтай қамқорлық деп білеміз. Айтқандай, осыдан 5 жыл бұрын облыс басшысы облыстық «AR-AI» жастар газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабайға қаланың қақ ортасынан заманауи үлгіде салынған тұрғын үйден үш бөлмелі пәтер кілтін дүйім жұрттың алдында табыс еткені есте. Алайда сол пәтерді әріптесіміз мұндаға дейін заңдастыра алмай келген еді. Биыл осы мәселе шешімін тауыпты. – Баспана берілгенімен 5 жыл бойы пәтерді өз атыма аудара алмай келдім. Құжаттарды рәсімдеуге келгенде бірқатар қиындық кездесті. Анығын айтқанда, құжаты рәсімделмеген. Тиісті азаматтар бұл мәселеде құлықсыздық танытты. Дегенмен облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің ықпалымен биыл пәтер менің атыма заңдастырылды. Осы арқылы аймақ басшысының журналистер қауымының әлеуметтік жағдайына бейжай қарамайтынын анық аңғардым. Нұржан Молдиярұлына айтар алғысым шексіз! – дейді. А.Қартабай. Облыс әкімінің қолдауымен «Aulieata-Мedia» ЖШС-на қарасты облыстық «Aq Jol», «Знамя труда» және «AR-AI» жастар қоғамдық газетінің журналистері бірнеше жылғы үзілістен кейін биылдан бастап қаламақы ала бастады. Сондай-ақ осы басылымдар орналасқан «Баспасөз» үйіне қазіргі таңда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын да айта кетуіміз керек. – Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі (Өңірлік коммуникациялар қызметі)» мекемесінің іргетасы 1957 жылы қаланған. Үш қабаттан тұратын нысанға 51 жылдан кейін, яғни 2008 жылы соңғы рет жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. 2020 жылы 10 қаңтарда ғимарат облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі (Өңірлік коммуникациялар қызметі)» балансына берілді. Осы жылы облыстық бюджеттен ғимараттың іші-сыртына ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізуге 47 миллион 268 мың теңге қаржы бөлінді. Ал әкімшілік ғимараттың шатыры мен жертөлесіне күрделі жөндеу жүргізуге облыстық бюджеттен 53 миллион 578 мың теңге көлемінде қаржы қарастырылды. Осы бойынша биыл қаңтар айында ашық конкурс жарияланып, нәтижесінде нысанның 1,2,3-қабаттарын ағымдағы жөндеуден өткізу бойынша «Estet Story» ЖШС-мен 22 миллион 870 мың теңгеге, сондай-ақ сыртқы ағымды жөндеу жұмыстары бойынша «Алира сервис компани» ЖШС-мен 6 миллион 328 мың теңгеге келісімшарт жасалды. «Invest Kapital Story» ЖШС әкімшілік ғимараттың шатыры мен жертөлесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 42 миллион 318,7 мың теңгеге және техникалық қадағалау бойынша «Қабылан эксперт» ЖШС-мен 1 миллион 159 мың теңгеге келісімшарт жасалды. Аталған нысанда өңірдегі үш ірі басылымды бір арнаға тоғыстырған «Aulieata-Мedia» ЖШС орналасқан. Құрылыс жұмысы алдағы бірер айда аяқталады. Аймақтың тыныс-тіршілігін, сан саланың қыруар жұмысын бұқараға жеткізіп жүрген тілшілер қауымы үшін барлық жағдай жасалмақ. Енді аталған басылымдардың журналистері іші әрленген, таза әрі ыңғайлы кабинеттерде қызмет атқаратын болады, – деді «Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі (Өңірлік коммуникациялар қызметі)» мекемесінің басшысы Алмат Садуақас. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында: «Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек», деген еді Жалпы қоғамда журналистердің мәртебесін заңдастыру, олардың кәсіби құқығының заңмен қорғалуы аталған Жолдаудан туындаған міндеттердің жүзеге асырылуының айқын көрінісі. Ендеше алдағы уақытта да жергілікті жердегі журналистер қауымына бұдан да жақсы жағдай жасала беретінінен үміттіміз.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ