ЖОЛ ҚАТЕЛІКТІ КЕШІРМЕЙДІ: Тараз қаласында төрт айда жол-көлік оқиғасы 20,8 пайызға өскен
ЖОЛ ҚАТЕЛІКТІ КЕШІРМЕЙДІ: Тараз қаласында төрт айда жол-көлік оқиғасы 20,8 пайызға өскен
Сонымен уағдаласқан күні Төле би, №198 мекенжайында орналасқан облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасына табан тіредік. Бізді Тараз қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының взвод командирі, полиция капитаны Ермек Жақай күтіп алды. Амандық-саулықтан кейін бірден көлікке отырып, С.Аққозиев көшесіне бағыт алдық. Жұмыс қауырт екенін айтқан полиция капитаны уақыт созбастан күнделікті жұмыс барысын баяндай жөнелді. – Негізгі міндетіміз – қоғамдық қауіпсіздікті және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Таңертең шыққаннан бастап біздің қызметкерлер түрлі объектілерге қызметке түсіп, жол ережесін өрескел бұзған азаматтармен жұмыс істейді. Патрульдік полиция батальоны ауысыммен қызметке түсіп отырады. Бес саусақ бірдей емес. Жұмыс барысында түрлі жағдайларды бастан өткереміз. Бір жүргізуші жолда жүру ережесін әдейі бұзса, енді бірі қателікке жол береді. Ал жол қателікті кешірмейді. Айта кету керек, кейде ағаштардың өсіп кетуінің салдарынан жол белгілері көрінбей қалады. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолағы да өшіп кетеді. Мұндай жағдайда тиісті мекемелерге хат жазып, кемшілікті жоюға тырысамыз. Жасыратыны жоқ, көп жағдайда жол ережелерін бұзған жүргізушілер мәселесін шешу үшін түрлі амал-айлаға барады. Алайда заң баршаға ортақ. Мейлі қасақана, мейлі абайсызда жол ережесін бұзса да Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 599-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Қазіргі таңда көшедегі жүріс-тұрысы күмәнді адамдардың да жеке басы тексеріледі. Күмәнді көліктер де жіті тексеруден өтеді. Сондай-ақ әрбір қызметкердің өзінде және көлігінде видеоға түсіретін арнайы аппарат болады. Егер жүргізуші немесе құқықбұзушы кінәсін мойындамаған жағдайда бейнежазба пайдаланылады, – дейді Е.Яшұлы. Қала тұрғындарының жиі көтеріп жүрген мәселелерінің бірі – автобус жүргізушілерінің бір-бірімен жарысуы. Сонымен қатар самокат, велосипед және мотоцикл тізгіндегендер де жол қозғалысына айтарлықтай кедергі келтіріп, соңы оқыс оқиғамен де аяқталып жатады. Осы орайда Ермек Жақай жолда жүру ережелерін түсіндіру мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуінен айтарлықтай оң нәтиже байқала бастағанын айтады. – Қаншама жол-көлік апаты тіркеліп, адам өліміне соқтырып жатса да автобус жүргізушілерінің жылдамдықты шектен тыс асыруы, «клиентке» таласып жарысуы бұрнағы жылдары тіптен үдеп кеткен болатын. Сондықтан қоғамдық көліктердегі жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында алдын алу жұмыстары күшейтілді. Ережені елемеген жүргізушілерге айыппұл салынып, хаттама толтырылды. Нәтижесінде қазір «Шумахер» жүргізушілер сәл де болса азайды. Бірақ мүлдем жоқ дей алмаймыз. Жылдан-жылға қалада көлік ағыны көбейіп келе жатқандықтан шаһар тұрғындары көктем, жаз айларында самокат, велосипедпен жүргенді жөн көреді. Сондықтан жол қозғалысы ережелерін түсіндіру бойынша да кешенді жұмыстар қарқынды жүргізіп келеміз, – дейді Ермек Жақай. Ермек Яшұлы келтірген мәліметтерге сүйенсек, 2022 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша жалпы қала бойынша жол-көлік оқиғасы 20,8 пайызға (168-ден 203-ке дейін), қаза болғандар саны 37,5 пайызға (8-ден 5-ке дейін) және жарақат алғандар 16 пайызға (237-тен 275-ге дейін) өскен. Балалардың қатысумен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 593-бабымен (Маршруттық көлiк құралдарын тоқтату, тұрғын аймақтарда жүру, жолаушыларды және жүктердi тасымалдау қағидаларын сақтамау және жол жүрiсiнiң қағидаларын басқа да өрескел бұзуы) 854 хаттама жазылыпты. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 1 703 дерекке артқан. Сонымен қатар жаяу жүргіншілерді қағу деректері жиі орын алатын көшелерде ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 600-бабымен (жаяу жүргiншiлердің немесе жол жүрiсiнiң өзге де қатысушыларының жүруiне басымдық бермеу) жедел мәліметке сәйкес 202 хаттама толтырылған. Былтырғы жылмен салыстырғанда 226 дерекке өскен. Сондай-ақ аталған кодекстің 615-бабы (жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) бойынша 1 859 хаттама жазылған. Өткен жылмен салыстырғанда 2 251 дерекке ұлғайған. Айта кетейік, Тараз қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны 2022 жылы 131 қылмыстық іс (2021 жылы – 129 қылмыс) ашқан. Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қаланың тыныштығын күзетіп, халыққа қорған болу – патрульдік полиция қызметкерлерінің парызы. Білікті маман Ермек Яшұлымен тілдесіп, төзімді тірегі, тыныштықты тілегі еткен, халқына қызмет етуді мансап деп емес, парыз деп ұққан сала мамандарының жұмысымен аз да болса танысқан соң құрметіміз бұрынғысынан да тіптен арта түсті. Азат елдің тұғыры мызғымауы жолындағы атқарып жатқан еселі еңбектеріңіз жемісті болсын!
Шапағат ӘБДІР