Моңғол қызының махаббаты
Моңғол қызының махаббаты
1983 жылы аталған ауданда туып-өскен Салтанаттың әкесі Онка Жаба 1970-1980 жылдар аралығында Қытайдан жер ауып келген екен. Сол жылдары Қытайда революциялық дүмпу белең алып, әкесі біздің елге қарай бас сауғалап қашқан екен. Онка Жаба – қолынан келмейтіні жоқ құрылыс шебері. 71 жастағы ол исламдық сәулет өнеріне жетік болғандықтан осы мұндаға дейін мешіттердің күмбезін жасау секілді күрделі құрылыспен айналысып, жан баққан екен. Кейінірек қазақ қызы Забира Сыдыққызымен көңіл жарастырып, отау құрған. Қазақ қызының тәлім-тәрбиесін алған Салтанат 2005 жылы қазақтың Сейсенбек деген жігітіне тұрмысқа шығыпты. Анасы қазақ болғаннан кейін ол жасынан қазақтың әдеп-ғұрпы мен салт-дәстүріне жетік болып өскен. – Отбасында бір анадан төртеу, әкеден екі қыз тәрбиелендік. Біздің туыстарымыз Қытайдың Бұратала (Бора-Тала, Бортала) Моңғол автономиялық облысында тұрады. Әкемнің айтуынша, тегіміз торғыт елінен шыққандықтан Шыңғысханның тікелей ұрпақтары деп біздің әулетімізді моңғолдар ерекше құрметтейтін көрінеді. Қайбір жылы Қытайға туыстарымызға барып, танысып та қайтқан болатынбыз. Әкем негізі билік адамы болған. Қытай елінің әкемнің соңына түсіп, құғынға ұшыратуы да содан. Өзім балабақшада жұмыс істесем, қазір баламен үйде отырмын. Екі ұл, үш қыздың анасымын. Балаларымыздың барлығы қазақ тілінде сөйлейді. Моңғол тілінде әкем ғана еркін сөйлейді. Ұл-қыздарымызды қазақтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрімен сусындатып, үлкен отбасымыз қазақы өмір кешуде. Десе де арғы тегімізді ұмытпай, бабалар рухына құрмет көрсетіп, моңғол ұлтының мерекелерін ұмыт қалдырған емеспіз. Атап айтсақ, қазақтар сияқты моңғолдардың да көктем айында келетін өз Айт мерекесі бар. Алайда бұл мейрамның бір ерекшелігі – моңғолдар ол мерекеде үлкен дастарқан жаймайды. Айттап келген адамдар наны мен қантын өзімен бірге алып келіп, сол үйден шай ішіп, мерекесімен құттықтайды. Сондай-ақ моңғолдар Жаңа жыл мерекесін Қытай елінің күнтізбесімен қарсы алып, тойлайды. Ол кезде де өзінің ұлттық тағамдарын әзірлеп, салт-дәстүрлерін көрсетеді. Алайда қазір бұл дәстүрлер мен ырым-жоралғыларды берік ұстанып отырған моңғолдар некен-саяқ. Тарқата айтсам, ол мереке – «Саған сар», (Цагаан сар) деп аталады. Бұл күнді моңғолдар жыл басы ретінде ерте заманнан бері тойлап келеді. Бұл қаһарлы қыстан аман шығып, көктеммен қауышқан елдің көрісу мейрамы. Моңғолдар мерекені «Цагаан сар» деп атаса, қытайдағы қазақтар «Шаған», Моңғолиядағы қазақтар «Саған сар» деп атайды. Цагаан сардың қазақша аудармасы – ақ тағам. Бұл күні халық түрлі тәттілерді қолдан пісіріп, бір-бірінің үйіне кіріп, көрісіп, тілек айтады. Мереке ақпан айында өтеді. Мұны сөз етіп отырған себебім, моңғолдардың діні бөлек демесек, тұрмыс-салты қазақтарға ұқсас. Мысалы, оларда да мал ұстау, көшпелі өмір салтын ұстану жақсы сақталған. Оларда да киіз үй бар. ою-өрнектері де өте ұқсас. Біздің ұлттық тағамымыз да – ет. Ал сусынымыз – әткен шай. Ол шай тұз, құрт, құйрық, тары секілді тағы да басқа қоспалар қосу арқылы дайындалады, – деді Салтанат Онкақызы. Ол қазақтың топырағында, қазақтың суын ішіп, ауасын жұтып отырғандықтан жүрегі Қазақстан деп соғатынын айтады. – Қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін дамытуға менің де қосып отырған үлесім зор деп айта аламын. Мысалы, жыр алыбы – Жамбыл Жабаев атамыздың 175 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған облыстық байқауға аудан атынан қатысып, І орын алғанмын. Ол жерде өзге этнос өкілдері қазақтың әнін салып, жырын жатқа оқуы тиіс болды. Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының «Тілдерді оқыту» орталығы ұйымдастырған кезекті бір сайыста да бас жүлде иеленген едім. Сол секілді «AMANAT» партиясының аудандық филиалы ұйымдастырған іс-шараларда да бағым жанған. Бұл менің қаным моңғол болса да жаным қазақпен бір екенін көрсетеді. Бойымда әншілік қабілетім болғандықтан аудандық Әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде түрлі іс-шараларға ән салу үшін шақырылып тұрамын. Әрбір ана үшін ұрпақ тәрбиесі ең маңызды мәселе. Өйткені қазақта «Тәрбие тал бесіктен басталады» деген сөз бар. Бұл текке айтылмаған. Балаларым болашақта сынға қалмас үшін және қазақ елінің саналы ұрпағы болып қалыптасуы үшін қазақ ұлтының болмысына сай тәлім-тәрбие алуына күш салып келеміз, – деді С.Жаба. Ұлт пен ұлысқа бөлінбей, достығымыз бен ынтымағымыз берік тұрғаны осындай ниеттегі өзге этностардың арқасы екені анық. Бақытын қазақ жігітінен тапқан Салтанаттың адал ниеті бізді елжіреткенін жасырып қайтеміз. Қоғамдық сана өмірде осындай адамдардың қатары көбейгенде ғана жаңғыратыны хақ.