ОРАМАЛ БАСТЫ ТҮЙТКІЛ ЕМЕС
ОРАМАЛ БАСТЫ ТҮЙТКІЛ ЕМЕС
Ең алғаш Мұхаммед пайғамбардың әйелдері ғана хиджабпен жүретін болған. Кейін барлық мұсылман әйелдері, оның ішінде қазақтар соңғы уақытта осы салтты қатты ұстана бастады. Біздің де ата-бабамыз исламды қабылдағаннан кейін дәстүрлі дінімізге берік болды. Әйелдер орамал тақса, әжелер кимешекті болды. Ал тұрмыс құрмаған қыздар тақиямен жүрсе, ұзатыларда сәукеле киді. Бірақ олар бет-жүзін қазіргідей бүркемелемеді. Қазір хиджабқа оранған қыздар мен қысқа балақты, шоқша сақалды жігіттердің қатары артып келеді. Десек те елімізде түйіні шешілмей жатқан басты мәселе бұл ғана емес. Бұдан да маңызды, өмір мен өлім арасындағы түйткілді мәселелер жетерлік. Атап айтар болсақ, зорлық-зомбылық, жол апатының алдын алу, тіпті қоғамдық көлік, ұрлық-қарлық секілді орамалдан жоғары шешімін күткен мәселелер көп. Мәселен, соңғы жаңалықтарға көз жүгіртіп көрелік. Жақында Батыс Қазақстан облысында электр бағандары маңында ойнап жүрген кішкентай баланы тоқ ұрып, мүгедек атанды. Енді ол баланың жайы не болмақ? Екі тараптың жауапсыздығынан бейкүнә бала қолынан айырылды. Сонда бұған кім жауап береді? Ол аздай, қазіргі күні барлық жасөспірімдер арасында электронды темекі ауруы белең алуда. Зиянын айтпай кетпеске болмас. Зардабы кәдімгі шылымнан екі есе зиян. Миллиондаған долларын елден заңсыз шығарғандар мен мемлекет қоржынынан қаражат жымқырғандарды басты мәселе, қоғам дерті деуге де болады. Жемқорлық қоғамды өсірмейді, керісінше өшіреді. Елімізге адал қызмет етеміз деп жүрген шенділер, расында, ісіне һәм сөзіне берік пе? Оларға қаншалықты сеніп, үміт артуға болады? Қазақстандағы басты мәселелердің ең өзектісі – мамандар тапшылығы. Оның бастауы – еліміздегі жұмыссыздық. Үкімет жастарды өз ісінің білікті маманы болсын деп шетелге оқуға жібереді. Керемет жайлылықта өмір сүріп үйреніп қалған жас маман елдегі жұмыссыздықты көріп, көп жағдайда шет мемлекеттерде қалып қойып жатады. Мемлекетіміздегі түйткілдерді тізбелеп жазғандағы айтқым келген ойым – осы. Еліміздегі жалғыз мәселе – хиджаб емес. Рас, діни тұрғыдағы жөн-жоралғыға да абай болуымыз керек. Дегенмен хиджабқа кей жерде рұқсат етілсе, енді бір мемлекеттік мекемелерде оны тағуға тыйым салынған. Сол үшін мұны елдік деңгейде ойланып, заң шығарушы орган арнайы заң қабылдап, хиджабты тағу-тақпау мәселесін біржақты етсе екен дейміз.
Анар ӘУЕСБЕК, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 2-курс студенті