Қоғам

ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ АЗАМАТ

ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ АЗАМАТ

Өртсөндіруші мамандығы – өте маңызды және қауіпті сала. Өйткені өртті жылдам сөндіру үшін адам бойында тек ержүректік қасиет болуы аздық етеді. Сонымен қатар аталған мамандық иесі Отанын жан-тәнімен сүйетін патриот болуы тиіс. Осы орайда бүгін біз зейнеттегі полковник, «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» наградасымен марапатталған Керімхан Архабаевтың өнегелі өмір жолы жайлы сыр шертпекпіз.

Керімхан Қалмаханұлы – өз елінің нағыз патриоты. Кейіпкеріміз 1958 жылы Байзақ ауданының Үлгілі ауылында дүниеге келген. Өртке қарсы қызмет органдарында 1979-2008 жылдары қызмет атқарған. Еңбек жолында қаншама адамды аман алып қалып, талай мәрте ерен ерлігімен көзге түскен. Ажалмен бетпе-бет келген тұстары да аз емес. ... 2000 жылдың 26 наурызында таңғы сағат 05:00-де дабыл қағылып, өрт сөндіру байланысының орталық пунктіне қаламыздағы газ толтырғыш стансада ақау шыққандығы туралы хабар түседі. Мұндай сәтте сәл ғана кешігудің өзі орны толмас қайғыға алып келеді. Сол үшін оқиға орнына жедел жеткен кезекші өрт сөндіру қызметінің басшысы Керімхан Архабаев цистернаға жалғанған шлангадан жалын шығып жатқанын көреді. – Сол кезде жалынға жақындаудың өзі қорқынышты еді. Содан жан-жаққа барлау жасап, тез арада шешім қабылдадық. Барлығына жауапты болғандықтан ойланып отыруға уақыт болмады. Стансаның аумағында сыйымдылығы 10 тонна болатын 28 цистерна бар екен. Ақау шыққан жерге жақындау тіптен қорқынышты болса да бар ойым ажыратқыш қақпаны жауып үлгеру болды. Олай болмаған жағдайда қаламызға қауіп төнуі мүмкін еді. Екі рет ұмтылып, қақпағын жаба алмадым. Жапсам, қысыммен ашылып кете берді. Ыстық жалын шарпып, күйдіріп жібере жаздады. Жарылыс бола қалса, маңайдағы үйлердің бәрі отқа оранатын еді. Сонымен не керек, «ер кезегі үшке дейін» деп, үшінші мәрте бар күшімді салып, киіз орап, ақау шығып тұрған қақпақты жаптым. Сонда барып қана от ауыздықталды. Оттың шығу себебі – стансадағы күзетшілер үнемі осылай газ ұрлап жүрген екен. Кезекті рет газ ұрлап жатқан кезінде шланга қолдарынан шығып кетіп, соқтығысу салдарынан ұшқын шығып, арты алапат өртке айналған. Сол жылдары айлығымыз мардымсыз болатын. Қазір ойлап отырсам, біз жалақыны емес, халықтың өмірін бірінші орынға қоятынбыз, – деп еске алды өткен күндерді кейіпкеріміз. 2000 жылдары Керімхан Қалмаханұлының ерлік ісі баршаға аңыз болды. Оған қаһарман ретінде ел сүйсініп қарады. Мінсіз қызметі үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталыпты. – Ең біріншіден, біз дабыл түсісімен оқиға орнына тезірек жетуді, өртті жылдам сөндіруді, апатқа жол бермеуді мақсат тұтамыз. Адам өмірі – қашанда құнды. Бірде Бесағаш ауылынан шақырту түсіп, оқиға орнына асығып бара жатқанда жол апатына ұшырап, бір өлімнен аман қалдық. Көлікте алты адам едік. Қасымдағылар жарақаттанып, орталық ауруханаға апарды. Мені «қайтыс болды» деп, өлгендердің қатарына қосып қойыпты. Ғайыптың күшімен аман қалыппын. Жолдастарым, достарым әлі күнге «жейдемен туған» деп айтып отырады, – дейді Керімхан Қалмаханұлы. Өмір мен өлімнің арасында жүріп, елі үшін ерен еңбек сіңірген Керімхан Қалмаханұлының ісі баршаға үлгі. Бейбіт күннің батырлары арамызда жүр. Әр минут сайын басын қатерге тігетін өртсөндірушілердің еңбегі бағалана берсін!

Эльмира БАЙНАЗАРОВА