Аядай ғана ауылын алашқа танытқан әкім
Аядай ғана ауылын алашқа танытқан әкім
«Ауыл аманаты» бағдарламасының да қарапайым еңбек адамына берері көп. Осы бағдарламаларды әр тұрғынға түсіндіріп, жұртты жұмылдыруда ауылдық округ әкімдерінің жұмысы аса маңызды. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ауылшаруашылығына қатысты жиналыстарда «Әр ауылдық округ әкімі күніне кемінде бір тұрғынның үйіне кіріп, жағдайын біліп шығуы тиіс» деп үнемі нақты тапсырма беріп отырады. Қазір ауылдық округ әкімдерінің жұмыс ауқымы да, жауапкершілігі де жоғарылаған. Олардың арасында жыл сайын «Үздік ауылдық округ әкімі» байқауы өткізіліп тұрады. Биыл «Үздік ауылдық округ әкімі» республикалық байқауының бас жүлдесі біздің облысқа бұйырды. Ол қай аудандағы қандай ауылдық округтің әкімі? Бүгін осы жағына кеңінен тоқталмақпыз. Күлжахан Елемесова Қордай ауданының Қарасай ауылдық округінде (бұрынғы Михайловка ауылы) туып-өсті. Әкесі – Алмас, анасы – Мунире – қарапайым еңбек адамдары еді. Әкесінің Алматы қаласындағы электр желілері кәсіпорнында жұмысшы болып еңбек еткені болмаса, асыл жары Мунире екеуі барлық ғұмырын Алмалыда адал еңбекпен өткізген кісілер. Алмас аға шопан болды. Ел байлығын еселеу жұмыстарында аянып қалған жоқ. Алмалыда бағбандық жұмыспен де айналысты. Мунире де алма бағын күтіп-баптау жұмыстарында қатарының алды болды. Екеуі 7 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Барлығына да үлгілі тәрбие мен өнеге дарытып, сабақтарын жақсы үлгеріммен оқуларына жағдай жасады. Перзенттері аталған ауылдағы үлгілі және озат оқушылардың қатарында болды. Ата-аналарын тек жақсы жетістіктерімен қуантты. Осындай үлгілі отбасының үшінші перзенті (алдында екі ағасы болды) Күлжахан Алмасқызы Алмалы орта мектебін 1982 жылы үздіктердің қатарында бітірді. Сол кездегі барлық түлектер тәрізді аппақ арманмен Алматыға аттанып, жолы болды. Студент атанды. 1987 жылы Қазақ политехникалық институтын «Электронды есептеу жүйесі» мамандығы бойынша жақсы үлгеріммен бітіріп шықты. 2005 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін мәдени-тынығу жұмысы мамандығы бойынша тәмамдағанын да айта кеткен жөн болар. Еңбек жолын Тараз қаласындағы (бұрынғы Жамбыл) былғары аяқкиім бірлестігінде инженер болып бастағанымен, арада екі жыл өткенде отбасылық жағдайларына байланысты елге оралды. Содан бері табаны күректей 34 жыл өтті. Күлжахан Алмасқызы елдің ішінде. Содан бері тыным таппай еңбек етіп келеді. Әуелі «Алмалы» кеңшарының алма бағында бригадир болып еңбек етті. Онан соң қызметін құрылыс цехында қойма меңгерушісі, ауылдық әкімшілікте есепші қызметтерімен жалғастырды. Ал 18 жыл бойы Қарасай батыр ауылдық клубының меңгерушісі болып еңбек еткенде де ауыл тұрғындарымен етене араласып, еңбек етті. Өнерлі адамдарды қолдады, маңызды іс-шаралардың басы-қасында жүрді. Әсіресе көгеріштендіру-көріктендіру жұмыстарына ауыл перзенті ретінде де жанашырлық танытатын. Ауданның сол кездегі басшылары осындай іскерлігін ескерді ме, турашылдығы мен батылдығын бағалады ма, 2018 жылы қыркүйекте Күлжахан Елемесованы Қарасай ауылдық округінің әкімі қызметіне тағайындады. 4 мыңнан астам тұрғыны бар үлкен ауылдық округті басқара алады деп сенім білдірді. Сенім деген қандай жақсы! Аудан басшылығы сенді, Күлжахан барлық қиындықты жеңді. Бұл ауылдық округ құрамына Қарасай және Еңбек ауылдары кіреді. Ауылдық округте 4 250 тұрғын, 870 аула бар. 12 ұлт өкілдері бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай тату тіршілік кешуде. Ауылдық округ аудан орталығынан 115 шақырым шалғайда Алматы облысымен және Қырғыз Республикасымен шектесіп жатыр. Бұл ауыл Кенесарының жорығы өткен тарихи жер. Ол бір айтылса – таусылмайтын тарих. Ол жағына бөлек мақалада тоқталған дұрыс. Округ бойынша 3 орта мектеп, 3 балабақша, денсаулық сақтау мекемелері бар. Бір тігін цехы, бір сән салоны, екі кірпіш цехы, наубайхана жұмыс істеп тұр. Екі пошта бөлімшесі, 13 дүкен көпшілікке қызмет етіп отыр. К.Елемесова округ әкімі болып тағайындала сала жұмысқа кірісті. Кезінде қызметте болған, тәжірибесі мол Асық Уәлиев, Сарыбай Қалиев, Тұрысбек Манапбаев секілді ақсақалдармен де ақылдасып, кеңесті. Бір жағынан өзінің туып-өскен ауылы, балалығы өткен аяулы мекен. Қолынан келіп жатса, бұл ауылдық округті көтермегенде қай жақты көтереді. Есептеу жағынан білікті маман болған соң ауылдық округке бөлінуі тиіс қаражатты жоспарлау, тиісті құзырлы мекемелерге сметалық жобасын жасап ұсыну, құжаттарын әзірлеу бойынша сауаттылық танытты. Атап айтқанда, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында аталған округтегі ауылішілік жолдар жүз пайыз орташа жөндеуден өтті. Өзі талай жылын арнаған мәдениет саласына да, әр тұрғынға қажетті спорт саласына да ерекше көңіл аударды. 2020 жылы Қарасай ауылындағы Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектеп 225 миллион теңгеге, осы жылы ауылдық дәрігерлік амбулатория 27 миллион теңгеге күрделі жөндеу көрді. Былтыр Еңбек ауылындағы ауылдық клубты 57 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткізуге қол жеткізді. Бүгінгі таңда аталған клуб орындықтарына дейін жаңарып, әсемдігімен көз тартып тұр. Қарасай және Еңбек ауылдарында да шағын футбол алаңшалары салынып, ел игілігіне берілді. Қазір мұнда қазақ футболының болашақ жұлдыздары доп ойнап, өздерін шыңдап жүр. Биыл қыркүйекте спорттық сауықтыру кешені жаңадан салынып, ауыл жастарына пайдалануға беріледі. Біз көзімізбен көрдік. Былтыр басталған еңселі құрылыстың жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Ауылда үлкен саябақ бар. Шамамен 1,5 гектар аумақты алып жатыр. Саябақ жап-жасыл болып құлпырып, алыстан көз тартады. Мұнда шырша, арша ағаштары, гүлдің жиырмадан астам түрі егілген. Саябаққа кірген кісінің сарайы ашылады, тынысы кеңейді. Тараздан 440 шақырым қашықтықта жатқан ауыл бау-бақшасы гүлдеп, көгорай шалғынға малынып тұр. Осы істің басында округ әкімі Күлжахан Алмасқызы жүр. Әкесі Алмастың да, ауыл ақсақалдарының да өз қолымен еккен шыршалары, түрлі көшеттері бұл күнде көгеріп, үлкен талға айналған. Ауылдық округ кеңсесінің айналасы да түрлі талдармен, әсем гүлдермен көмкерілген. Алыстан жұпар иісі аңқыған гүлдер көздің жауын алады. Мұнда да ауыл әкімінің қолтаңбасы бар. «Ауыл өзіміздікі. Тұрғындардың барлығы мені бала күнімнен біледі. Әкімдік қызмет шектеусіз емес. Қанша уақыт отырсам да із қалдырғым келді. Әкімдік кеңсенің артындағы 30-40 сотық жерге 100 түп алма, 50 түп шие еккіздім. Көшеттердің көгеруін, уақытылы су ішуін өзім қадағаладым. Қазір алма да, шие де жаңадан жеміс бере бастады. Су болса, әлі ұзақ жыл жеміс салар. Осы алма бағын аралаған жастар бізге де алғысын айтар», дейді округ әкімі Күлжахан Алмасқызы. Ауыл тұрғындарының мал өсіріп, егіншілікпен айналысуына мүмкіндіктер мол. Округте 96 шаруа қожалығы бар. Оның ішінде отыз пайызы жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Шаруа қожалықтар 17 мың гектар егістік және суармалы, жайылым жерлерді пайдаланып отыр. Округ әкімі бір сәтке де тыным тауып жүрген жоқ. Оның белсенділігімен Сайлаукүл Жетігенова басқаратын «Ерболат» шаруа қожалығы құны 14 миллион 750 мың теңге тұратын заманауи тракторға қол жеткізсе, «Рахымбайтегі» шаруа қожалығы 11 миллион 500 мың теңгенің жаңбырлатып, барабанды бүріккіш техникасын алған. Бұл шаруа қожалықты да нәзікжанды Нұрбибі Есжанова басқарады екен. «Сұлтанғазы» шаруа қожалығында мал басының көбеюіне мүмкіндік жасалған. Қожалық төрағасы Жалғасбек Сұлтанғазиев нағыз істің адамы. Басқа шаруа қожалықтармен де жұмысты дамыту бағытында күнделікті жұмыстар тоқтаусыз жүріп жатыр. Ауылда игерілмей жатқан егістік жерлерді игеріп, тағы қосымша 160 гектар жерге егіс егуге үш шаруа қожалығын жұмылдырып отыр. Одан бөлек «Азия сад» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылуына, оған қатысты су мәселесінің шешілуіне ықпал етіп келеді. «Азия сад» ЖШС басшысы – Рахим Машухей. Қазір мұнда 120 гектар жерге интенсивті алма бағы өсіріліп, оған тамшылатып суару жүйесі қолданылып отыр. Бұл бақтың ерекшелігі сол, ағаштарға зиянкестер, бұршақтардың кіруіне жол бермейтін тіректер орнатылған. Бүгінгі таңда аталған серіктестік 30 адамды тұрақты жұмыспен, 300 адамды маусымдық жұмыспен қамтып отыр. «Азия садтың» жылдық кірісі шамамен 2,7 миллиард теңгені құрайды. Былтыр мұнда жеміс сақтайтын тоңазытқышы бар қойма құрылысы басталып, биыл қыркүйектің соңына дейін аяқталады деп көзделген. Қойманың қасынан 30 орындық жатақхана салынып жатыр. Оның өзі еңбекшілерге барлық жағдай жасалып жатқанын көрсетеді. Серіктестік басшылығы келесі жылы алма бақтың көлемін 50 гектарға ұлғайтып, жүз адамды тұрақты жұмыс көзімен қамтуды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта мұндағы алманың сапасын арттырып, сырт елдерге экспортқа шығару да жоспарланған. Міне, осындай қат-қабат жұмыстың басы-қасында округ әкімі Күлжахан Алмасқызы жүр. Бұл ауыл өздерінен шыққан танымал түлектермен мақтанады. Олардың арасында белгілі ғалым Тілектес Есболов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған Құрманғали Уәли, әнші-композитор, өнер жанашыры Алмабек Мәмбетәлиев бар. Жақында «Үздік ауылдық округ әкімі» республикалық байқауының бас жүлдесі осы Қарасай ауылдық округінің әкімі Күлжахан Елемесоваға бұйырды. Марапат облыс әкімдігінің ұйымдастырумен өткен салтанатты жиында табысталды. «Мұндай марапат аламын деп ойлаған жоқпын. Жұмысты марапат үшін атқарып жүрген жоқпын. Дегенмен облыс халқына қуаныш сыйлап, осындай нәтижеге жеткеніме қуанамын. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің нақты тапсырмаларын орындауда өзге әріптестеріммен бірге белсенділік таныта бермекпін. Аудан әкімі Бекзат Болатбековке ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта да ауылды көркейту жолында бар күш жігерімді жұмсаймын», дейді Күлжахан Алмасқызы.
Есет Досалы, Қордай ауданы