Қоғам

«ЖҰРТҚА ЖАҚЫН ПОЛИЦИЯ»

«ЖҰРТҚА ЖАҚЫН ПОЛИЦИЯ»

Батыр Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі бар. Расында да мемлекеттің өсіп-өркендеуі үшін темірдей тәртіп қажет. Онсыз алға басу мүмкін емес. Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен құқық қорғау органдарын реформалау жұмыстары жүргізілуде. Осы бағыттағы жаңа бастамалар 2019 жылдан бастау алғаны белгілі. Сол жылғы 17 сәуірде өткен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысқан Мемлекет басшысы құқық қорғау жүйесіндегі реформаның негізгі міндеті – қазақстандықтардың құқықтарын мүлтіксіз қамтамасыз ету екенін айтып, ведомствоның алдына құқықбұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру туралы міндет қойды.

Маңызды жиында Президент еліміз бойынша қылмыстық ахуал тұрақты екенін атап өтіп, ішкі істер органдарының жұмысындағы күшейтуді талап ететін бағыттарды көрсетті. Соның ішінде полиция мен қоғамның арасындағы өзара тиімді іс-қимылдың болмауы, мал ұрлығы, ұялы телефондар мен автомобиль бөлшектерінің қолды болуына байланысты алдын алу жұмыстарының қажетті деңгейде болмауы, сондай-ақ есірткі бизнесіне қарсы күрестің әлсіз болуы мәселелері бар. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жол апатынан болатын өлім-жітім көрсеткішін азайту қажеттігіне, құқықбұзушылықтардың алдын алу шараларына, азаматтарымызды табиғат апаттарынан және төтенше жағдайлардан қорғау жұмысын күшейтуге ерекше назар аударды. – Полицияға қойылатын негізгі талап – тиімді жұмыс. Ал оның тиімділігін бағалаудағы басты шарт – халық сенімі. Тұрғындар полицейлердің дөрекілігі мен біліксіздігіне байланысты жиі шағым айтады. Кейбір жағдайларда полиция қызметкерлерінің өздері заңды бұзады, әсіресе жол ережелерін сақтамайды. Ішкі істер министрлігі жүргізіліп жатқан реформалар аясында тәжірибелі әрі адал кәсіби мамандарды сақтап қалудың кешенді шараларын қарастыру қажет. Сондай-ақ жас кәсіби мамандарды іріктеу барысында олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетіне баса назар аудару керек, – деп тапсырды Мемлекет басшысы. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік туристермен жұмыс істеу үшін арнайы мамандандырылған жеке бөлімдерге байланысты қабылданып жатқан шаралардың орынды екенін атап өтіп, шетелден келген азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағымды инвестициялық климат қалыптастырудың аса маңызды шарты екенін де тілге тиек еткен болатын. Тапсырма қашанда орындалуымен құнды. Президент жүктеген міндеттерге сәйкес салада ауқымды жұмыстар басталып кетті. Бір сөзбен айтсақ, сең қозғалды. Оның алғашқы нәтижелері ҚР Ішкі істер министрлігінің 2020 жылғы 29 қазанда өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде айтылды. Сонымен қатар алдағы жоспарлар да айқындалды. Бұл өзі коронавирус індетінің өршіп, әлем елдерін әбігерге салып тұрған уақыты еді. Санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуде тәртіп сақшыларына да зор сенім артылған болатын. Осы орайда Президент коронавирус пандемиясы кезінде уақытпен санаспай өз міндеттерін абыроймен атқарған ішкі істер органдарының барлық қызметкерлеріне ризашылық білдірді. Ішкі істер министрлігі жүйесіндегі күнделікті жұмыстың қауіп пен қатерге толы екенін де атап өтті. «Мемлекеттің тұрақтылығын және қоғамның береке-бірлігін сақтау – басты міндет. Осындай сәтте полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейіне, отаншылдық рухына, қажыр-қайратына көп нәрсе байланысты. Мұны ішкі істер органдарының барлық қызметкерлері жете түсінеді деп ойлаймын», деді Президент. Мемлекет басшысы ішкі істер органдары мен азаматтардың өзара қарым-қатынасында қызмет көрсету моделін енгізу маңызды екенін, оған «полиция қадамдық қолжетімділікте» қағидатын негізге алу керектігін айтты. «Учаскелік инспектор – белгілі бір аумақтағы қылмысты болдырмауда, жергілікті халықтың мәселелерін шешуде, қылмыстың тікелей немесе жанама түрде алдын алуда, азаматтардың өмір сапасын арттыруда басты тұлға саналады. Халықпен ашық диалог жүргізу керек. Олардың жергілікті полициядан не күтетінін біліп, көмек керек кезінде қастарынан табылуы қажет. Отандастарымыздың сеніміне басқаша ие болу мүмкін емес», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент сонымен қатар құрылымдық өзгерістерді жалғастыра беруді, онсыз қолға алған реформаларды табысты жүзеге асыру мүмкін емес екенін атап өтті. Бұл тұрғыда полиция қосалқы функциялардан өкінбестен бас тартуы керек. «Қазір полиция тікелей өз міндеттеріне жатпайтын жұмыстармен айналысатын уақыт емес. Бұл бағытта алғашқы қадам жасалды. ІІМ-нің құрамынан төтенше жағдайлар жөніндегі қызмет бөлінді. Ішкі істер органдары құрылымдарын одан әрі оңтайландыру жұмыстары Құқық қорғау және сот жүйесін реформалау жөніндегі комиссияның шеңберінде жүзеге асырылатын болады. Бірақ бұл полицияның қызметін әлсірету деген сөз емес. ІІМ және оның құрылымдық бөлімшелері тәртіпті қамтамасыз етуде мемлекеттің негізгі тірек күші болған және солай бола береді», деді Президент. Жұмысты жүйелі жүзеге асыру мамандардың кәсіби біліктілігіне байланысты. Осы орайда Мемлекет басшысы ішкі істер саласындағы кадр саясатына да баса мән беріп келеді. Аталған жиында Президент полиция қызметін жаңғырту жөніндегі жол картасы аясында ведомстволық оқыту мекемелері қайта ұйымдастырылып, қызметкерлерді іріктеу жұмысы жетілдірілгенін атап өтті. «Полицияда дөрекілік пен біліксіздікке жол берілмеуі керек. Мұнда жоғары дайындықпен келген және өз ісіне шынайы берілген мамандар жұмыс істеуі қажет. Мемлекет пен қоғам оңтайлы өзгерістерді күтіп отыр. Тәртіп сақшылары азаматтарға үлгі болуға тиіс», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент сондай-ақ полиция қызметін цифрландыру, заңсыз есірткі айналымымен күресті күшейту, түзету жүйесінің жағдайын жақсарту керек екенін мәлімдеді. Салаға серпіліс әкелген өзгерістің бірі – полиция қызметкерлерін жан-жақты әлеуметтік қолдау. Президент алқалы басқосуда тәртіп сақшыларына баспана жалдауға өтемақы ретінде 15 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінетінін жеткізді. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап осы мақсаттарға қосымша 10 миллиард теңге бөлінетінін тілге тиек етті. Бұл шара аясында кезекші бөлімнің қызметкерлері, қарауыл қызметі, арнайы күзет ұйымдары, ведомстволық оқу мекемелері және қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері қамтылып, жалпы 8 мың адамға қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар Мемлекет басшысының Үкіметке 3 жылдың ішінде тәртіп сақшыларының еңбекақысын 30 пайызға көтеру туралы берген тапсырмасы да кезең-кезеңімен іске асуда. Президент 2022 жылы 1 қыркүйекте жасаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында да бес негізгі бағдардың бірі ретінде заң және тәртіп мәселесіне айрықша тоқталып, құқық қорғау органдарын реформалау әрдайым қоғамның жіті назарында екенін айтты. «Біз Қаңтар оқиғасынан сабақ алып, қоғамдық қауіпсіздікті едәуір күшейту қажеттігін түсіндік. Соңғы кезде адам өлтіру, қарақшылық жасау сияқты ауыр қылмыстар көбейіп барады. Аса қатыгездікпен жасалатын мұндай әрекеттер бүкіл қоғамға қатер төндіреді. Жазаны қатайту, мұндай қылмыс жасағандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды доғару арқылы осы қауіпті үрдістің тамырына балта шабу керек. Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмәнмен қарайды. Себебі мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ қалай десек те отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмайтын болса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шаралар қолдануы керек. Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні тіпті үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс. Сондықтан Нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет. Интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн. Бюджет қаржысын және жалпыұлттық байлықты талан-таражға салатын жемқорлық әрекеттер мен оның астыртын жолдарын ұйымдастырушыларды іздеуге, түпкі амал-тәсілдерін анықтауға барынша күш салу өте маңызды. Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерді мұқият саралап, ондағы қолданылмайтын немесе сот төрелігіне кедергі келтіретін артық-ауыс нәрсенің бәрінен арылу қажет. Тиісті түзетулер енгізілгеннен кейін оларды қайта-қайта өзгерте бермеу қажет. 2015 жылдан бері Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге 1 200-ден астам өзгеріс енгізілген. Уақытша жағдайларға байланысты немесе аясы тар корпоративті мүдделерге бола заңдарды өзгертуге жол берілмеуге тиіс. Сондықтан қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы түзету құзыретін Әділет министрлігіне беру қажет. Ол үшін мекеменің кадрлық әлеуетін нығайтып, заң шығару қызметінің сапасын арттыру керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Жолдау жүктеген міндеттерге сәйкес бүгінде ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіруге баса мән беріліп, полиция қызметінің сервистік моделі енгізіліп жатыр. Әсіресе «Жұртқа жақын полиция» қағидатын жүзеге асырудың тиімділігі мол болмақ. Бұл туралы жуырда Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде сөйлеген сөзінде айтты. «Жұртқа жақын полиция» қағидатын орнықтыру үшін нақты шаралар қабылдануда. Осы қарқынды тоқтатпау керек. Пилоттық жоба аясында қол жеткен жетістікпен шектеліп қалуға болмайды. Ашығын айтқанда, қызмет көрсетудің сервистік моделі туралы тек мамандар ғана айтып жүр. Қарапайым азаматтар мен қоғам өкілдері пікір білдіріп жатқан жоқ. Бұл – халық оның нақты нәтижесін, оң өзгерістерді көріп жатқан жоқ деген сөз. Сондай-ақ сотқа дейінгі тергеу саласына да назар аударған жөн. Бұл – құқық қорғау жүйесіндегі мемлекеттік қызметтің ерекше бір түрі, деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы жиында Президент полицияның жоғары деңгейдегі өкілдері университеттерге, мектептерге барып, заңдарды жастарға түсіндіруі керек екенін айтты. Әсіресе заң бұзудың салдарын анық көрсетуі қажет. – Өкінішке қарай, біздің жастарымыздың арасында заң сауатсыздығы кеңінен таралған, басқа сөзбен айтқанда, жастарымыз заңды білмейді, заңды сақтаудың мән-маңызын түсінбейді. Ал мұндай құқықтық сауатсыздықтың салдары өте ауыр. Мен әрбір жиында қоғамымызда заң үстемдігі болу керек, соның негізінде тәртіп болу керек деп айтып жүрмін. Полиция қызметкерлері осы қарапайым тұжырымдаманы халыққа, азаматтарға, әсіресе жастарға жеткізуі керек, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарымыз қиын жағдайға тап болғанда билік өкілдері әділдікті тез арада қайта орнатады, кінәлілерді жауапқа тартады және шығынды өтеуге көмектеседі деп үміттенетінін айтты. Сондықтан арыз-шағымдарды барынша жылдам әрі кәсіби түрде қарастырып, әрекет ету қажет. – Алайда шағымдардың көптігі құқық қорғау жүйесінің бұл міндетті тиісті деңгейде атқара алмай жатқанын көрсетеді. Азаматтар жылдар бойы талай мекеменің табалдырығын тоздырып, нақты жауап таппай, шындыққа қол жеткізе алмай жүр. Сондықтан менің тапсырмам бойынша Құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі комиссия қылмыстық және қылмыстық процестік заңнаманы жетілдіру туралы заң жобасын әзірледі. Бұл құжат тергеушілердің және анықтаушылардың жұмысын жеңілдету үшін керек. Басты мақсат – оларды артық рәсімдерден, құжаттардан арылту. Түптеп келгенде, мұның бәрі сіздерге көмек сұрап келген азаматтар үшін жасалып жатыр. Бюрократия жойылса, полицияның уақыты үнемделеді, күш-қуаты босқа жұмсалмайды. Азаматтардың өзекті мәселесін шешуге көбірек мүмкіндік туады. Біздің азаматтарымызға құрғақ есептер емес, сіздердің қызметтеріңіздегі елеулі өзгерістер мен нақты нәтижелер қажет. Сервистік модельдің мәні – осы. Оның негізгі тәсілдері полиция қызметінің барлық аспектілері мен салаларына енгізілуі керек, – деді Президент. Сондай-ақ Мемлекет басшысы заңға бағыну мен құқықбұзушылықтың аражігін нақты ажырата білу қажет екеніне тоқталды. – Қоғамда заң мен тәртіп қатаң сақталуы керек. Сонда ғана еліміз өсіп-өркендейді. Бұл – мызғымас қағида. Қылмыскерлермен күрес ымырасыз жүргізілуге тиіс. Бірде-бір құқықбұзушылықты елеусіз қалдыруға болмайды. Мұнда ұсақ-түйек деген жоқ. Полиция қызметкері заңға бағынатын адамға құрметпен қарауы керек. Ал тәртіп бұзушылармен заң аясында сөйлесу қажет. Адамды азаптауға, қинауға, тергеудің тыйым салынған тәсілдерін қолдануға мүлдем жол берілмейді. Әрбір тәртіп сақшысы мұны жете түсінуге тиіс. Күнделікті жұмыста осы талаптар сақталса, азаматтардың полицияға деген сенімі артады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл ретте Мемлекет басшысы полицияға қоғам тарапынан да тиісті құрмет көрсетілуі керек деп санайды. Президенттің пікірінше, тәртіп сақшысының заңды талабына бағынбау, оған қоқан-лоқы көрсету, тіпті күш қолдану дұрыс емес. Мұндай жағдайда бұзақылар жауапсыз қалмауы қажет. Әлеуметтік желіде полицияға қатысты түрлі бейнежазбалар бар. Кейбір адамдар қасақана арандатушылық жасайды. Сондай кезде ұстамдылық танытып, дөрекі әрекеттерге жол бермеу өте маңызды. Тәртіп сақшысы сауатты сөйлеп, өзін лайықты ұстауы қажет. Президент сөзін қорытындылай келе, ішкі істер органдарының жұмысын мемлекет жоғары бағалайтынын атап өтіп, соңғы үш жылда атқарылған нақты шаралар туралы айтты. – Жалақыны бірнеше рет көтердік. Тұрғын үй төлемдерін алатын қызметкерлер көбейді. Қазір олардың саны 38 мыңнан асты. Ұлттық ұланға қолдау көрсетілуде. Материалдық-техникалық базаны нығайту үшін жыл сайын қомақты қаржы бөлініп отыр. Инновациялық технологиялар енгізілуде. Жалпы ішкі істер органдарына қолдау көрсетіле береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Жоғары деңгейде берілген тапсырмалар жергілікті жерде қалай жүзеге асуда? Енді соған тоқталайық. Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзиннің айтуынша, биылғы бірінші жартыжылдықта жалпы қылмыстардың саны 21 пайызға төмендеген. Оның ішінде кісі өлтіру (-31пайыз), тонау (-12,5 пайыз), ұрлық (-33 пайыз), автокөлікті айдап әкету (-19 пайыз), бұзақылық (-6 пайыз) деректері былтырғыдан қарағанда азырақ жасалған. Интернет-алаяқтық деректерінің саны да 41 пайызға төмендепті. Қоғамдық орындар мен көшелердегі қауіпсіздік деңгейі артып отыр. Бұдан бөлек қылмыстардың барлық санаттарының ашылуы жақсарды. Тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғаларының алдын алуға баса назар аударуда. Бұл мәселеге байланысты Президент те Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде нақты міндеттер жүктеген болатын. Осы орайда облыс аумағында «Автомобиль» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы аясында кең ауқымды тексеру жұмыстары өткізілді. Іс-шараға 500-ден астам полиция қызметкері және 155 қызметтік көлік құралы жұмылдырылып, «Дрон» ұшу аппаратының мүмкіндіктері пайдаланылды. Биіктен бақылаудың нәтижесінде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу, көбінесе қарсы қозғалыс жолағына шығу деректері тайға таңба басқандай таспаға жазылды. Өңірде жүргізілген жұмыс барысында үш тәулік ішінде 2 540 әкімшілік құқықбұзушылық дерегі анықталыпты. Мәселен, 77 жүргізуші көлік басқаруда белгіленген қозғалыс жылдамдығын асырған. Бұл ретте 589 жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаған, ал 38 жүргізуші тиісті құжаттарсыз көлік құралын тізгіндеген. Сонымен қатар жолды белгіленбеген орыннан кесіп өткен 239 жаяу жүргіншінің кім екені белгілі болып, шара қолданылды. Бұдан бөлек патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректерінің жолын кесті, оның ішінде мас күйінде көлік құралын басқарудың 14 дерегі анықталды. – Бұл іс-шара жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жолдағы қозғалыс тәртібін сақтамайтындығын тағы да көрсетті, ал оның салдары жол-көлік оқиғалары туындауының негізгі факторы болып табылады. Үздіксіз жүргізіліп жатқан ауқымды алдын алу және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қарамастан, азаматтар белгіленген ереже талаптарын бұзуды жалғастыруда. Азаматтарымыз жолдағы жауапкершіліктің маңыздылығын және жол ережелерін сақтау қажеттілігін барынша түсінуі керек. Осы немесе басқа да құқықбұзушылық қандай салдарға әкелуі мүмкін екенін ешқашан болжауға болмайды. Ойланбай жасалған әрекеттің салдары өте ауыр болуы мүмкін, – дейді облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Манас Әбдікәрімов. Бұл бар-жоғы үш тәуліктің ішінде белгілі болған жағдайлар. Ал жыл басынан бері 189 мың құқықбұзушылық анықталған. 324 жүргізуші мас күйінде ұсталыпты. Сондай-ақ жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін бұзудың 8 500 фактісі тіркелген. Статистика жол-көлік оқиғалары саны 36 пайызға қысқарғанын көрсетіп отырғанына қарамастан мәселе өзекті болып қала береді. Облыстық полиция департаментінің бастығы аймақта мал ұрлығының тіркелуі 2,1 пайызға төмендеп, олардың ашылуы 22,3 пайызға жақсарғанын да тілге тиек етті. Биыл 44 мал ұрысы ұсталып, 6 қылмыстық топтың жолы кесіліпті. Сонымен қатар ол ҚР Ішкі істер министрлігі тарапынан азаматтық қоғаммен бірлесе қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тұжырымдама әзірленгенін хабарлады. Тұжырымдама аясында ішкі істер органдарының жұмыстың «күштік» моделінен азаматтармен өзара іс-қимылдың «сервистік» моделіне көшуі жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ құқық қорғау органдарын цифрландыру бағытында да ілгерілеу бар. Соның жарқын бір мысалы – Тараз қалалық полиция басқармасы 1-полиция бөлімінің ғимаратында іске қосылған «CYBERPOL» пилоттық жобасы. Жобаның мақсаты – цифрлық технологиялар саласындағы қылмыстарға қарсы іс-қимыл, басқаша айтқанда, интернет-алаяқтыққа қарсы күрес. «CYBERPOL» тобының құрамына тергеушілер, жедел уәкілдер және криминалист-маман кіреді. Арнайы топ кабинеттермен, жаңа техникалармен және базалармен жабдықталған. Әділетті қоғам қалыптастыру бағытында құқық қорғау органдарына жүктелетін жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы реформа қолға алынып, тәртіп сақшыларының жұмысына жергілікті атқарушы билік тарапынан да қолдау көрсетілуде. Мысалы, соңғы үш жылда Жамбыл облыстық полиция департаментіне жергілікті бюджеттен 45 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Оның 22 миллиард теңгесі қызметкерлердің жалақысына жұмсалса, 9 миллиард теңгесі материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған. Артылған сенімді ақтау жолында сала мамандары да аянып жатқан жоқ. Лайым, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Бақыт Жалғас