Жаңалықтар

Өңір туризмінде өрлеу бар

Өңір туризмінде өрлеу бар

Дүниежүзілік туристік ұйымның дерегі бойынша, әлемдік жалпы өнімнің оннан бір бөлігін, халықаралық инвестицияның 10 пайызын туризм қамтамасыз етеді екен. Тіпті әлемдік тәжірибеде туризмнен түскен табыспен ғана күн көріп отырған елдер бар. Жаһандық өндірістегі әрбір тоғызыншы жұмыс орны да осы саланың үлесіне тиесілі. Сондықтан дамыған елдердің қатарына енуге талаптанып отырған Қазақстан үшін туризмді дамытудың маңызы зор. Оның ішінде, Жамбыл өңірінде туризмді дамытудың мүмкіндігі мол.

Облыста жалпы туристік саланы дамытуға бағытталған бірқатар іс-шара жүзеге асырылып, көптеген жетістіктерге қол жеткізілді. Соңғы жылдары облыстағы ірі туристік аймақтардың ашылуы, туристік бизнес өкілдерімен ұсынылып отырған қызмет түрлерінің кеңеюі, орналастыру орындары санының көбеюі, ішкі туристік ағындардың өсуіне өз септігін тигізіп, өңірімізге келіп жатқан туристер легі артып келеді. Облыс әкімдігі туризм басқармасы берген мәліметке сүйенсек, былтыр облысқа келген туристер саны 135 712 адам, оның ішінде шетел туристерінің саны 2 872 адамды құраған. Ал осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша облысқа 31 144 турист келіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 116 пайызға артып отыр. Олардың 467-сі шетелдік турист болса, қалған 30 677-сі еліміздің басқа өңірлерінен келген туристер екен. Келушілерге 498 миллион теңгеге қызмет көрсетілген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша туризм саласына салынған инвестиция көлемі 15 миллиард 12 миллион теңгені құрап, жылдық жоспарлы көрсеткіш 146,6 пайызға орындалыпты. Ұлы Жібек жолының бойында ғасырлар бойы өзінің тарихи құндылығын жоймай келе жатқан Әулиеата тарихи-мәдени ескерткіштерге бай өлке. Облыс аумағында 3 510 тарихи-мәдени ескерткіш орналасқан. Оның 25-і республикалық дәрежедегі нысандар болса, 3 480-і жергілікті маңызы бар ескерткіштер. Ал 5 археологиялық ескерткіш ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген. Олар – Баласағұн, Құлан, Өрнек, Қостөбе қалашықтары және Ақыртас сарай кешені. Сонымен қатар аймақта 200-ден астам ежелгі қалашық, 8 ерекше қорғалатын табиғи аумақ, ал таулы бөктерінде 30-дан астам шатқал орналасқан. Өңірге туристерді арзаншылықпен шақыра алмаймыз. Шаһардағы жайлылық пен меймандостығымыз арқылы ғана тарта алатынымыз белгілі. Бізде көрсетуге тұрарлық һәм мақтан ететін жерлеріміз бар. Алайда қанша жерден ауқымды жобалар жасалғанымен халықтың мәдениеті соған сай дамымаса, оның бәрі бекер. Қазіргі уақытта облыс аумағында 214 туристерді орналастыру, 434 тамақтану орны, 15 туристік ұйым қызмет көрсетеді. Сонымен қатар 11 балаларды сауықтыру лагері, 7 шипажай, 15 демалыс орны, 200-ден аса қолөнершілер мен 25 көлік субъектісі жұмыс атқарады екен. Сондай-ақ туристік нысандар саны 65-ті құрап, олар арқылы өтетін 45 туристік маршрут әзірленген. Салада сервис сапасын арттырып, білікті маман даярлау ісін дамыту мәселесі де басқарма тарапынан басты назарға алынған. Себебі туризм саласын дамытудағы негізгі мәселелердің бірі – білікті кәсіби мамандар даярлау. Мамыр айында туристік салада білікті мамандар даярлауға жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, гидтер мен экскурсоводтар курстары ұйымдастырылып, 30 маман халықаралық дәрежедегі сертификат алған. Өңірде туризм саласын дамытуға ерекше назар аударылып, туристік әлеуетімізді күшейту мақсатында нақты шаралар қолға алынып келеді. Айталық, осы жылы облыс аумағында қазіргі заман талабына сай, туристердің барлық сұраныстарын қанағаттандыратын 2 туристік демалыс аймағы ашылды. Осы жылдың 4 ақпанында Жуалы ауданындағы Талас Алатауының Көксай шатқалында орналасқан «Koksai resort» туристік демалыс аймағының қысқы маусымының ресми түрде ашылу салтанаты өтті. Бұл туристік аймақта туристерге спорттық және сауықтыру, мәдени және ойын-сауық қызметтерінің толық спектрі ұсынылады. Жобаның жалпы құны 3 миллиард теңгені құрайды. Бүгінгі таңда жоба бастамашысының 550 миллион теңге жеке қаражаты жұмсалып, кешенге қажетті инфрақұрылымдар тартылды. Қысқы спорт түрлерімен шұғылданатын шаңғышыларға арналған бугель және тюбинг жолдары іске қосылды. Болашақта бұл кешен тағы да қосымша нысандармен кеңейтіліп, қонақүйлер мен спорт кешендері, футбол мен баскетбол алаңдары, бассейн құрылыстар жүргізілетін болады. Осы жобаны іске асыру нәтижесінде ішкі және кіру туризмі бойынша туристік ағындардың өсуі орта есеппен 32 мың адамға жетеді деп күтіліп отыр. Мұнымен қатар 26 сәуірде Жамбыл ауданындағы Қырғыз Алатауының Алмалы шатқалында орналасқан «Алмалы» туристік демалыс орталығы ресми түрде ашылды. Жобаның жалпы құны – 2 миллиард теңге. Бүгінгі таңда жоба бастамашысының 700 миллион теңге жеке қаражаты жұмсалып, кешен құрылысының 1-кезеңі аяқталды. Сонымен қатар Тараз қаласының орталығында орналасқан «Зербұлақ» көлінің маңында құны 1,2 миллиард теңге болатын Зербұлақ аквапаркінің құрылысы жүргізіліп, іске қосылды. Күні кеше ғана ашылған аквапарктің ішкі туризмді дамытуға қосар үлесі зор. Қазірдің өзінде бұл кешендер көптеп келіп жатқан облыс тұрғындары мен туристердің сүйікті демалыс орнына айналып, келушілерге жағымды әсер мен ұмытылмас естеліктер қалдыруда. Облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Біржан Күзембековтің айтуынша, облыстың туристік әлеуетін жарнамалау мақсатында халықаралық және республикалық деңгейлердегі имидждік іс-шаралар тұрақты өткізіліп тұрады. Осы жылдың басынан «Жанды сабақтар» жобасы, «Көктем көркі – қызғалдақ» республикалық фестивалі, Жамбыл экономикалық және инвестициялық форумы аясында туристік іс-шаралар өткізіліп, Тараз-Түркістан-Тараз бағыты бойынша «Taraz City bus» экскурсиялық бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Жастардың патриоттық сезімін дамытуға және өз өлкесін танып білуге бағытталған бұл іс-шара аясында барлығы 36 ақпараттық тур ұйымдастырылып, жалпы саны 2000-нан аса бала қамтылды. Туризм саласына инвестиция тарту мәселесі бойынша облыс кәсіпкерлерімен және шетел инвесторларымен бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы әртүрлі деңгейде кездесулер өткізіліп тұрады. Облыстың туризм саласы бойынша 2023-2025 жылдары, жалпы сомасы 7 миллиард 355 миллион теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Олар – «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің 3-кезеңі, «Koksai resort» туристік демалыс аймағы, «Aksai resort» этно-туристік демалыс орталығы, «Ақ жол» этно-туристік кешені, «Таскөл» демалыс орталығы, «Алмалы resort» туристік демалыс орталығы. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 106 уақытша және 65 тұрақты, барлығы 171 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде, – дейді Біржан Мықтыбекұлы. Өткен жылдан бастап туристік бизнес өкілдеріне 7 позиция бойынша мемлекеттік қолдау, яғни субсидиялау мүмкіндіктері қарастырылған. Оның ішіндегі 4 позиция бойынша мемлекеттік қолдау жергілікті атқарушы органдармен жүзеге асырылады. Тарқатып айтсақ, туристік бизнес өкілдері туристік қызмет объектілерінің құрылысын жүргізсе, олардың шығындарының он пайызы өтеледі. Туристік бизнес субъектілері туристерді тасымалдауға арналған туристік автобустар сатып алатын болса, сол шығындарының 25 пайызы қайтарылады. Сондай-ақ республикалық автомобиль жолдары бойында жол бойғы сервис объектілерінің құрылысы жүргізілетін болса, ол объектілердің сметалық құнының пайызы туристік бизнес субъектілеріне қайтарылады. Туристер үшін тартымды аумақтарда және оларға алып баратын жолдарда орналасқан дәретханаларды күтіп ұстауға кететін бизнес өкілдері шығындарының бір бөлігі айына 83 300 теңге көлемінде субсидияланады екен. Бұл позиция бойынша биыл туристік бизнес субъектілерінен 9 өтінім түсіп, мемлекеттік қолдау шаралары басталып кетіпті. Қазір жазғы туристік маусым ашылып отыр. Облыста туристерге қызмет көрсететін нысандардың: шипажайлардың, қонақүйлердің, ойын-сауық және демалыс орындарының жағдайы қанағаттанарлық және сапалы қызмет көрсетуге дайын. Осындай ауқымды іс-шаралардың өткізілуі облыс туризмінің дамуына жаңа серпін беріп, өңірде қолайлы туристік ахуал құруға ықпал етеді.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ