Жаңалықтар

Ұлты басқа болғанымен ұстанымы бір келіндер

Ұлты басқа болғанымен ұстанымы бір келіндер

Облыс орталығындағы «Достық» үйінде алғаш рет облыстық «Текті келін» байқауы өтті. Облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесі мен «Gulfairus_ studio» сән салоны ұйымдастырған іс-шара ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыруға негізделді. Сонымен қоса бұл шара жақында ғана іске қосылған республикалық жоба – «Мәдениетті ана, мәдениетті ұлт» іс-шарасын өңірде ілгерілету, жалпыұлттық бірлікті, отбасы институтын одан әрі нығайтудың көрінісі. Байқаудың ерекшелігі оған әртүрлі этностардың келіндері қатысқандығында жатыр.

Тараз қаласы, Шу, Талас, Жамбыл, Байзақ, Меркі және Т.Рысқұлов аудандарынан келген 10 жас келін «Ошақтың ең үлгілі сақтаушысы» атану құқығын дәлелдеді. Қатысушылар үй шаруашылығын жүргізу дағдыларын, шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін, салт-дәстүр мен ұлттық тағамдар туралы білімдерін ортаға салды. Қатысушылар конкурстық бағдарламаның қызықты, алуан түрлі және күрделі тапсырмаларын орындады. Олардың негізгі мақсаты – қазақ халқының дәстүрлері негізінде отбасы құндылықтарын көрсету. Байқау барысында жас үй шаруасындағы әйелдер сахнада дефиле көрсетіп, өз өнерлерін ортаға салумен қоса ұлттық тағамдар да дайындады. Салт-дәстүрлерге қатысты сұрақтарға жауап беріп, бесік жырын шырқады. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің мәдениет және өнер кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, өнертанушы, профессор Айгүл Қабиева, елге танымал актриса Дариға Бадықова, «Вынхуа» дүнген республикалық этномәдени орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Аналар кеңесінің төрайымы Сара Даузова, ҚР Білім беру ісінің ардагері, Т.Рысқұлов ауданының құрметті ардагері Мырзабек Маңғұтов, «Жомарт Жан» Президенттік орденінің иегері Алтын Қаниқар секілді зиялылар сайысқа қазылық жасап, келіндердің іскерлігін бағалады. Байқау қорытындысында Тараз қаласының тұрғыны Аружан Әбілқасым бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші орынды Шу ауданынан келген Еркемай Мұқанова, екінші орынды тараздық Айжан Жарылқасынова, үшінші орынды Жамбыл ауданының қатысушысы, дүнген этносының өкілі Роза Юнусова олжалады. Сөзімен де, ісімен де тектілік танытқан үздік келіндер диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бибүгіл ШАХЗАДА, «Қоғамдық келісім» мекемесінің «Баспасөз қызметі» орталығының басшысы