Ел құтқарушыларының біріншілігі басталды
Ел құтқарушыларының біріншілігі басталды
Бейбіт елде ғұмыр кешіп жатқанымызбен түрлі айтып келмейтін апаттардың кесірінен қызмет бабымен жүріп қаза тапқан құтқарушылар қаншама. Күнделікті өмірде адам жанын ажалдан арашалап, тосыннан келетін тілсіз жаудан сақтап қалған батырлардың ерлігі – ерен. Міне, осындай өз қызметтерінде жасаған ерліктерін ерлік емес, басты міндетіміз деп жүрген төтенше жағдай қызметкерлерін бүгінгі күннің батырлары деуге әбден лайық. Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында Қазақстан Республикасының Өрттен құтқару спортынан ХХІХ ерлер арасындағы және ІХ әйелдер арасындағы жазғы өрттен құтқару спорты бойынша чемпионатының ашылу салтанаты өтті. Аталған жарыс өздерінің қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза болған жамбылдық өрт сөндіруші-құтқарушыларды еске алу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Сайыстың салтанатты ашылуына облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, «Қазақстандық өрт сөндірушілер және құтқарушылардың спорттық федерациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Дәурен Данаев, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылық өкілдері қатысты. Салтанатты іс-шара басталмас бұрын қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза болған жамбылдық өрт сөндіруші-құтқарушыларды бір минут үнсіздікпен еске алды.Жиында аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов жұрт алдында сөз алып, сайысқа қатысушыларға өзінің ыстық лебізін білдіріп, сәттілік тіледі. – Әлемдегі ең қауіпті мамандық иелерін өздеріне тән спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша ерлер мен әйелдер арасындағы «Тараз-2023» чемпионатының салтанатты ашылуымен құттықтаймын! Бүгін алауы жағылған республикалық чемпионат барысында біз құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің шеберліктері мен кәсібиліктеріне куә боламыз. Асқан жылдамдық пен жоғары кәсіби шеберлікті талап ететін құтқарушы мамандығының ең басты міндеті – адам өмірін құтқару! Бұл – жоғары және жауапты миссия. Олардың әрбір жедел әрі табысты әрекетінің артында сан мыңдаған құтқарылған өмір тұрады. Осы орайда халықтың бейбіт өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеуде аянбай тер төгіп жүрген құтқарушылар мен өрт сөндірушілерге ризашылығымды білдіремін! Бүгінгі чемпионатта өздерінің антына адал болып, өзге жандардың өмірін сақтау жолында жанқиярлық танытып, қызмет бабында орны толмас қазаға ұшырап, ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші-құтқарушыларды құрметпен еске алып, есімін ескеру – борышымыз! Ер есімі ел есінде сақталары сөзсіз! Кәсіби біліктілігі мен ерлігі бағаланып, Мейіржан Айманов Қақпасынұлының туыстарына ҚР Президентінің Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы мен «Қызыл жұлдыз» ордені, сондай-ақ қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза болған бірқатар азаматтық қорғау саласы қызметкерлерінің жақындарына әртүрлі дәрежедегі «Айбын» ордендері табыс етілді. Қызмет бабында жүріп қаза болған әрбір өрт сөндіруші-құтқарушылардың отбасыларына облыстық әкімдік тарапынан қаржы бөлініп, отбасы мүшелеріне қолдау көрсетіліп келеді. Батырлардың есімдерін ұлықтау, ұрпақ жадында мәңгілік сақтау мақсатында қаза болған қызметкерлердің туып-өскен елді мекендерінде арнайы аллеялар, Тараз қаласындағы өрт сөндіру бөлімінде ескерткіш алаңы ашылғаны белгілі. Ал қала орталығындағы саябақтардың бірінде өрт сөндіруші-құтқарушылардың құрметіне арнайы ескерткіш орнату жоспарланып, көше атауларын беру жұмыстары жүргізіліп келеді. Баршаңызға сәттілік тілей отырып, бүгінгі ұйымдастырылған чемпионат бұл жолы да жоғары деңгейде өтетіндігіне сенім білдіремін, – деді Нұржан Молдиярұлы. Чемпионат Қазақстанның мемлекеттік Әнұранын орындаудан басталды. Мұнан соң «Қазақстандық өрт сөндірушілер және құтқарушылардың спорттық федерациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Дәурен Данаев сөз алды. Ол өткізіліп жатқан чемпионаттың маңыздылығына тоқталып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі. Өрт сөндіру-құтқару спорты – жеке, топтық сынақта өрт сөндіру практикасында қолданатын әртүрлі тәсілдер кешенін орындайтын спорттың қызметтік-қолданбалы түрі. Дүбірлі додаға республика бойынша барлығы 34 команда қатысады, атап айтқанда, ерлер арасында 20 команда болса, ал әйелдер арасында 14 команда. Сайыс өрт сөндіру-құтқару спортының 4 түрі бойынша өткізіледі. Тарқатып айтсақ, оқу мұнарасының 2 және 4-қабатына шабуыл сатысымен көтерілу, кедергілері бар 100 метрлік жолақтан өту, өрт сөндіру эстафетасы және жауынгерлік қанат жаю жарыс түрлері бойынша күш сынасады. Сонымен қатар осы біріншілік қорытындысы негізінде Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасын жасақтау үшін үздік спортшыларды анықтамақ, Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасының құрамына резервке қосу үшін де спортшыларды іріктемек. Іріктелген команда осы жылдың тамыз айында Түркия мемлекетінің Стамбұл қаласында өтетін өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша әлем чемпионатына қатысады. Айта кетсек, Қазақстандағы өрт сөндіру-құтқару спортына биыл 68 жыл. Ал әйелдер ұлттық құрамасы 2014 жылы ғана пайда болды, сол жылы алғашқы ел чемпионаты өтті. Кеш соңында сайысқа қатысушылар мен қонақтар назарына концерттік бағдарлама ұсынылды. Бұл біріншіліктің сайыстары 19-22 шілде күндері аралығында өтеді.
(Суреттерді түсірген Ю.КИМ)