МАМАН ТАПШЫЛЫҒЫН ЖОЮ – МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ
МАМАН ТАПШЫЛЫҒЫН ЖОЮ – МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ
– Шу қалалық ауруханасы қолданыстағы мемлекеттік лицензиялар мен өтінімдерге сәйкес амбулаториялық-емханалық медициналық көмекті, стационарлық медициналық көмекті, соның ішінде стационарды алмастыратын көмекті көрсетеді. Қалалық аурухана құрамында 8 клиникалық, 2 қосымша, яғни зертхана мен диагностикалық бөлім халыққа қызмет көрсетеді. Атап айтар болсақ, клиникалық бөлімшелер: триаж жүйесі бар жедел жәрдем бөлмесі; терапевтикалық бөлім; ауданаралық нейроинсульт бөлімі (ІІ деңгей); ауданаралық жарақат бөлімі (II деңгей); перзентхана бөлімі (I деңгей); ота бөлімі (II деңгей); балалар бөлімі; реанимация және қарқынды терапия бөлімі. Сондай-ақ көмекші қызмет бағытында трансфузиология кабинеті, қосымша қызмет бағытында клиникалық диагностикалық зертхана, ИФА, бактериологиялық, цитологиялық, гистологиялық, қышқыл-негіз балансының зертханалары, консультативтік-диагностикалық бөлім, физиотерапия кабинеті, жаттығу терапиясы, массаж, эндоскопиялық диагностика–фиброгастроскопия, ультрадыбыстық, бронхоскопия, колоноскопия; рентгендік диагностика, ультрадыбыстық, КТ (компьютерлік томография) қызметтері жолға қойылған. Шу қалалық ауруханасының құрамына кіретін ауданаралық травматология бөлімі мен нейроинсульт бөлімі ұзындығы 123 шақырымға дейінгі Шу, Мойынқұм аудандары мен Шу қаласының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Сонымен қатар Мойынқұм, Шу аудандары, Төле би ауылы және Шу қаласының тұрғындарына қызмет көрсете отырып, дәрігердің нұсқауы бойынша науқастарға компьютерлік томография жүргізіледі. – Ауруханада қанша қызметкер бар? Олардың біліктілік деңгейі қандай? – Ауруханада барлығы 236 қызметкер (33 дәрігер, 104 орта буын медицина қызметкері, 68 кіші буынды медицина қызметкері және басқа 31 қызметкер) еңбек етеді. Санатты дәрігерлердің үлесі – 26 (81,3 пайыз). Санатты орта буын медицина қызметкерлерінің үлесі – 91 (87,7 пайыз). Ұйымның барлық медициналық персоналында тиісті мамандық бойынша мамандардың жарамды сертификаттары бар. – Аурухананың материалдық-техникалық базасы жөнінде айтып берсеңіз... – Материалдық-техникалық база сұранысқа сәйкес қажетті медициналық аппараттармен қамтылуда. Атап айтқанда, өкпенің жасанды вентиляциясы аппаратын, көпфункциялы төсекті, науқастарды Тараз қаласына тасымалдау үшін реанимобильді пайдаланудамыз. Қазіргі уақытта қосымша өкпенің жасанды вентиляциясы аппараты, наркоз-тыныс алу аппараты, ультрадыбысты аппарат, рентген аппараты, лапароскоп, ұрықтың кардиотопографиялық аппараты сынды қажеттіліктерді сатып алу үшін құжаттар дайындалуда. 2024 жылға қалалық аурухананы жаңғырту, ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар жаңа ангиограф жабдығын сатып алу көзделуде. Аурухана 170 төсек-орынмен қамтылған. – Медициналық сақтандыру бойынша қандай жұмыстар атқарылуда? – 2020 жылғы 1 қаңтардан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін іске асыру басталған болатын. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басты қағидаттарының бірі – халықты сапалы әрі қолжетімді медициналық қызметпен қамту. Медициналық сақтандыру жүйесі аясында ауруханада тегін емделудің екі жолы бар. Біріншісі – жоспарлы түрде ауруханада емделу, яғни дәрігердің бағыттауы бойынша созылмалы аурулар мен өмірге қауіп төндіріп тұрмаған ауруларды емдеу. Сонымен қатар шұғыл ауруханаға жатқызу. Бұл – науқастың өміріне қауіп төндіріп тұрған, кейінге ысыруға келмейтін ауру бойынша ауруханадағы ем. Шұғыл емдеу әрдайым тегін жүргізіледі. Шұғыл медициналық көмекті қажет еткен адамға тіркеуі жоқ болса да көмек көрсетіледі. – Бүгінгі күннің өзекті мәселесі – ана мен баланың денсаулығын қорғау мәселесіне де тоқталып өтсеңіз... – Жүкті әйел мен дүниеге келген сәбидің денсаулығы әрқашан білікті дәрігерлердің бақылауында болады. 2021 жылы аурухананың перзентхана бөлімінде үшем дүниеге келген болатын. Мұнан кейін егіз, үшемнің дүниеге келуі тіркелген жоқ. Ал биылғы жылдың бес айында 219 әйел босанса, оның 23-і, өкінішке қарай, медициналық көрсеткіштер бойынша кесарь тілігі арқылы дүниеге келді. – Қазіргі таңда ауруханада маман тапшылығы мәселесі бар ма? Нақты қандай мамандар жетіспейді? Мәселені шешудің қандай жолдары қарастырылуда? – Қалалық деңгейдегі аурухана болғандықтан және ауданаралық деңгейде қызмет көрсететін бөлімдер жұмыс істейтіндіктен маман тапшылығы жоқ деп айта алмаймыз. Атап айтар болсақ, бүгінгі таңда неонатолог, реаниматолог, реабилитолог мамандары жетіспейді. Кадр тапшылығын болдырмау мақсатында жас мамандарға арналған әлеуметтік пакет және жас мамандарға үй сатып алу үшін мемлекет мамандарды пайызсыз несиемен қамту қажет деп санаймын. Әсіресе жас мамандарға және әлеуметтік жағынан аз қамтылған мамандарға жалға берілетін тұрғын үй мәселесі өзекті мәселелер қатарында тұр. Бұған жоғарыдағы билік өкілдері баса назар аударған жөн. – Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Динара БАТЫРХАИРОВА, журналист, Шу ауданы