ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ЖАН-ЖАҚТЫ ДАЙЫНДЫҚ ҚАЖЕТ
ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ЖАН-ЖАҚТЫ ДАЙЫНДЫҚ ҚАЖЕТ
Жиында баяндама жасаған облыс әкімдігі энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, өңіріміздегі 9 негізгі жылу-энергетика кешені, 593 автономды қазандық 1 737 әлеуметтік нысан мен 1 646 көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді. Жалпы көлемі 1,117 миллиард теңгеге жылыту маусымына дайындық іс-шаралары жұмыс кестесіне сәйкес толығымен атқарылған. 2023 жылы отын-энергетика кешендерімен 1 250,0 миллион текше метр газ тұтыну жоспарланып, «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы облыстық филиалымен шарт жасалған. Ал облыстық бюджеттен қаржыландырылатын Қаратау және Шу қалаларының орталық қазандықтарына 2023 жылдың соңына дейін жалпы 10,4 миллион текше метр газ сатып алу үшін 302,029 миллион теңге қарастырылған. Сондай-ақ келесі жылдың бірінші тоқсанына қосымша 10,6 миллион текше метр газ сатып алу үшін 353,7 миллион теңге қажет екен. Сонымен қатар облысқа қажетті 24,4 мың тонна әлеуметтік мазуттың көлемі жасақталып, ҚР Энергетика министрлігіне бекітуге ұсынылыпты. – Отын-энергетика кешендерімен жоспарланған жылыту маусымына дайындық іс-шараларына жалпы 9,862 миллиард теңге қаралды. Бүгінде отын-энергетика кешендерімен жылыту маусымына дайындық іс-шаралары кестеге сәйкес атқарылып, өңірлік штабтың тұрақты бақылауында. Облыс бойынша 350,7 шақырым жылу желісі (тозу деңгейі – 56,7 пайыз) болса, 199 шақырымы ауыстыруды қажет етеді. 2023 жылдың соңына дейін тозу деңгейін 55,5 пайызға төмендету жоспарланған. Қазіргі таңда Тараз қаласы мен моно қалаларда 6,760 шақырым жылу желісін ауыстыру қолға алынып, 2,6 шақырымы (38 пайыз) жөндеуден өтті. Биылғы жылы ауыстыруды қажет ететін 82,5 шақырым жылу желісіне техникалық тексеру жүргізіліп, қорытындылары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жолданды. Тексеру қорытындысы көрсеткендей, жылу желілерінің тозуы 65-80 пайызды құрады. Осыған орай тозған жылу желілерін жобалау бойынша 2025 жылға дейінгі іс-шаралар жоспары жасақталды. Биыл 57,8 шақырым жылу желілерін реконструкциялау бойынша 22 жоба әзірленуде. Құрылыс-монтаж жұмыстарының құны шамамен 20,8 миллиард теңгені құрайды, – деген Құдайберген Нұрсерікұлы келесі кезекте тұрғындарды көмірмен қамту мәселесіне тоқталды. Жылыту маусымына орай тұрғындарға жеткізілетін көмірдің көлемі – 149,7 мың тонна. Облыста жалпы 31 нарық субъектісі көмір сатумен айналысса, бүгінде көмір тұйықтарында 10,3 мың тоннаға жуық көмір бар. Ал бюджеттік ұйымдардың автономды қазандықтары үшін жалпы 66,2 мың тонна көмір жеткізу жоспарланса, әзірге 16,7 мың тонна көмір жеткізілген. – Облыс бойынша орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 1 646 көпқабатты тұрғын үй болса, әкімдіктердің ұсынған мәліметінше, тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындығы 62 пайызды құрайды. Тұрғын үйлердің дайындығын тексеру мақсатында Тараз, Жаңатас, Қаратау және Шу қалаларындағы үйлердің жай-күйіне зерделеу жүргізілді. Нәтижесінде Тараз қаласында 28 проблемалық тұрғын үйге арнайы Жол картасы бекітілді. Сол сияқты, яғни анықталған Жаңатас қаласындағы – 21, Қаратау қаласындағы – 14 және Шу қаласындағы 9 проблемалық тұрғын үйге іс-шаралар жоспары жасақталды. Тұрғын үйлердің басым көпшілігінде, әсіресе моно қалаларда басқару органдарының болмауынан жертөледегі инженерлік желілер мен жабдықтардың тозуы, жертөленің су басуы жағдайлары орын алған. Барлығы 72 проблемалық тұрғын үйдің жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз ету үшін әкімдіктер тарапынан тұрғындар, басқару органдары арасында және демеушілер есебінен тиісті жұмыстарды жеделдету қажет, – деді Қ.Қорғанбаев. Басқарма басшысы «Шахристан» тарихи-мәдени кешеніндегі 5 нысанды жылумен қамтамасыз ету мәселесіне де айрықша тоқталып өтті. Кешеннің бой көтергеніне бірнеше жылдан асса да жылу мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппаған. Құдайберген Нұрсерікұлының сөзіне сенсек, жуық уақытта мәнді мәселеге біржола нүкте қойылмақ. Тарихи-мәдени кешендегі нысандар қаланың коммуналдық меншігіне қабылданыпты. Бүгінгі таңда жобалаушы «ҚұрылысИнвестЖоба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен блокты-модульді қазандық орнату, сыртқы және ішкі жылу желілерін жүргізу жұмыстарының жобасы әзірленуде. Жобаға сәйкес жалпы қуаттылығы 4,48 Гкал/сағ құрайтын 3 су жылытқыш қазанын орнату жоспарланып отыр. Баяндаманы тыңдап, дайындық жұмыстарының жай-жапсарына қаныққан Нұржан Молдиярұлы жауаптылардың жұмысын сынға алды. Сондай-ақ өңір басшысы жылу және энергиямен қамтамасыз ететін кәсіпорын жетекшілерінен, аудан әкімдерінен, әлеуметтік сала бойынша басқарма басшыларынан қыс мезгіліне дайындық барысы туралы жауап алды. – Есептеріңізді тыңдасақ, жұмыстарыңызда ешқандай мін жоқ. Бірақ жағдай тура сіздер баяндағандай емес. Жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу үшін 10 миллиардтан аса қаражат бөлінді. Алайда жұмыстың оң нәтижесін көріп отырған жоқпыз. Қандай жағдай болмасын барлық әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер жылумен қамтамасыз етілуі тиіс. Жылыту маусымын ешқандай қиындықсыз өткізу үшін тиянақты жұмыс істеп, мәселелерді шешуге күш салыңыздар. Әсіресе білім, спорт, денсаулық, мәдениет нысандары үздіксіз жылумен қамтамасыз етілуі қажет. Мейірхан Азатұлы, есебіңізде айтып өткендей, «кейбір мектептер суық болады» деген жауап қабылдандайды. Оқушылар қыста бүрсең қағып отырмай, сапалы білім, саналы тәрбие алуы керек. Сіздерге бір апта уақыт беремін. Кемшілікті жойыңыздар. 15 қазанға дейін барлық жұмыстар аяқталып, оқушылар жылы мектепте білім алуы қажет. Сондай-ақ мәдениет нысандарының 70 пайызы жылымайды. Содан кейін де қыс айларында мәдениет үйлері қаңырап бос тұрады. Үйірме, кітапханалар жұмыс істемейді, – деген Нұржан Молдиярұлы орынбасары Ерболат Мақсұтханұлына, басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Талғат НҰРХАНОВ