Әлеумет

ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ ОЙДАҒЫДАЙ МА?

ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ ОЙДАҒЫДАЙ МА?

Әне-міне дегенше жаздың екінші айы ортасынан ауды. Енді санаулы аптадан кейін жаңа оқу жылы басталады. Ал оқу жылына дайындық мәселесіне келгенде олқылыққа жол беруге болмайды. Сондықтан да кеше облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық жиында мектептердің оқу жылына дайындығы мен оқушылардың қауіпсіздігі мәселесі қаралып, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты талқыланды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша, ең алдымен, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, облыста жаңа оқу жылында 494 мектепте болжаммен 251 мыңнан аса оқушы білім бұлағына бас қоймақ. Сондай-ақ 1-сыныпқа 24 мыңнан аса оқушы келеді деп жоспарланып отыр. Баяндамада келтірілген мәліметтерге зер салсақ, мектептер интернет желісімен толық қамтамасыз етілген. Алайда 446 мектептің 281-інде интернет жылдамдығы 20 мегобит/сек жоғары, ал 165 мектепте 20 мегобит/сек төмен болған. Сол себепті интернет жылдамдығын көтеруге техникалық мүмкіндігі бар мектептер үшін 61 миллион теңге бөлініпті. Облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасымен және байланыс операторларымен бірлескен жұмыс нәтижесінде 165 мектептің 18-інде интернет жылдамдығы көтерілген. Ал техникалық мүмкіндігі бар 136 мектептің қаржысы мектеп бөлінісінде есептеліп, аудандық білім бөлімдеріне бөлініп берілген. Дегенмен 11 мектептің интернет жылдамдығы әлі төмен екен. Сондықтан қазіргі таңда интернет жылдамдығын көтеру бойынша байланыс операторларымен техникалық мүмкіндіктер қарастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ал облыс бойынша үш ауысымды – 4, апатты жағдайдағы – 3, орын тапшылығы бар 2 мектеп тіркелген. Үш ауысымды мектептердің мәселесі 2023-2024 жылдары шешіледі. Апатты 3 мектептің жобалық қуаттылығы 1 240 орынды құрайды. 2023-2025 жылдары 1 мектептің мәселесі қосымша құрылыс, 2 мектептің мәселесі жаңа мектеп құрылысы есебінен шешіледі. Орын тапшылығы бар 2 мектеп мәселесіне де биыл нүкте қойылмақ. – 25 білім нысанының құрылысына 23,1 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Биыл 9 мектеп және 5 мектептің қосымша құрылысы пайдалануға беріледі. Мұнан бөлек 17 білім нысанының күрделі жөндеу жұмыстарына 4,4 миллиард теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар облыс бойынша 47 білім нысанына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы 2023 жылға барлық мектептердің әктеу, сырлау жұмыстарына 324 миллион теңге бөлінді. Жөндеу жұмыстары 25 тамызға дейін аяқталады, – деген Мейірхан Азатұлы келесі кезекте оқушыларды ыстық тамақпен қамту мәселесіне тоқталып, облыстағы 446 мектептің 410-ында (92,1 пайыз) асхана бар екенін жеткізді. 2023 жылы жалпыға бірдей міндетті орта білім қорынан оқушыларды тамақтандыруға 3,2 миллиард теңге қаржы бөлінген. Өткен оқу жылында ыстық тамақпен 49 137 бала қамтылса, биыл жалпыға бірдей міндетті білім қоры есебінен аз қамсыздандырылған және көпбалалы отбасынан шыққан 48 671 оқушыны әлеуметтік қолдауға 6 миллиард 64 миллион 606 мың теңге бөлініпті. Сондай-ақ 1 қыркүйектен бастап барлық 1-4-сынып оқушылары бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылады. Ал әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 11 326 баланы 1 қыркүйектен бастап тегін тамақпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 425 678 мың теңге бөлініпті. Балаларды киім-кешек және кеңсе тауарларымен қамтамасыз етуге өткен жылы бір балаға 37 389 теңге қаралса, биыл 40 567 теңгеге жеткенін айтқан басқарма басшысы осы орайда Тараз қаласында және аудандарда «Мектепке жол акциясы» кең көлемде ұйымдастырылуы керек екенін айтты. – Жаңа оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді және қосымша оқу құралдарын сатып алу үшін 3,1 миллиард теңге қаржы бөлініп, 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Оқулықтарды баспадан тасымалдау, білім мекемелеріне жеткізу жұмыстары 20 тамызға дейін аяқталады. Ал оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары 690 білім беру ұйымында жүргізілуде. Облыстағы 690 ұйымның барлығында 100 пайыз бейнебақылау камералары орнатылған. Мемлекеттік сатып алу 80 пайыз өтілді деп танылып, құрылғыларды орнату, интеграциялау және тағы да басқа жұмыстары жүргізілуде. 4 ауданда (Қордай, Байзақ, Мойынқұм, Сарысу) жекелеген санаттар бойынша мемлекеттік сатып алу өтпеді деп табылып, мемлекеттік сатып алу қайта жарияланды. 1 қыркүйекке дейін бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары толық бітеді деп күтілуде, – деді Мейірхан Азатұлы. Баяндаманы мұқият тыңдаған Нұржан Молдиярұлы оқушылардың қауіпсіздігі мәселесіне айрықша тоқталып, жауаптылардың жұмысын сынға алды. – Қаражат кеше, бүгін емес, жыл басында бөлінді. Жарты жыл бойы не істеп жүрсіздер?! Әлі 4 ауданда тиісті жұмыстар толық аяқталмаған. Мейірхан Азатұлы, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды 1 қыркүйекке дейін 100 пайыз бітіру керек. Жекеменшік мектептерді де назардан тыс қалдыруға болмайды. Интернетпен қамтуды жеделдету, құрылыс жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтау қажет. 1 қыркүйек күні оқушылар мектеп табалдырығын аттауы керек. Өткен жылы Т.Рысқұлов және Мойынқұм аудандарында 3 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары уақытында бітпей қалды. Сол кезде ата-аналар тарапынан көп сын айтылды. Сондай жағдай қайталанбауы үшін қазірден қам жасаңыздар. Қажет болса, басқарма басшылары құрылыстың басында жүріңіздер, – деген Нұржан Молдиярұлы тамыз айын күтпей «Мектепке жол» акциясын тездетіп бастауды тапсырды. Сондай-ақ бірқатар басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Аппараттық жиында орындаушылық тәртіп бойынша облыс әкімі аппаратының өңірлік бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық жұмысы бөлімінің бас инспекторы Жандарбек Әбдіхалықовтың, жеке азаматтардың арыз-шағымы бойынша облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұхамед Ниязбековтің есептері тыңдалды.