Жастықтың оты жалындап, Жас жүректе жанған шақ...
Жастықтың оты жалындап, Жас жүректе жанған шақ...
Бүгінгі түлек ертең жас маман ретінде мемлекетіміздің тұғырын биік, еңсесін тік етеріне сенім мол. Қызығы көп студенттік шақтарды артта қалдырған жас түлек, жылдар бойы тәлімі мол ұстаздардан алған білімін іс жүзінде қолданып, егемен еліміздің айбынын асқақтатуға күш салады. Отанымыздың түкпір-түкпірінде, алыс жақын шет елдерде еліміздің атын баянды істерімен, терең білімдерімен танытады. Жарқын болашақтың кілті жалынды жастардың қолында. Сондықтан да бірнеше жылдық білімді тәмамдап, қолына диплом алғалы тұрған түлектер үшін өмірінде маңызды рөл атқаратын сол тарихи сәттен асқан қуанышты кез болмайтын шығар. Мұндай көңіл-күйді күні кеше М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің бітіруші түлектері де сезінді. Жастар аллеясына жиналған тараздықтар Дулати университеті жастарының жарқын сәттеріне куә болды. Бұл күні Білім алаңына білім жолында талмай ізденіп, табысқа жеткен талапты түлектер жиналды. Облыстағы іргелі оқу орны М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін үздік бітіруші 200-ден астам түлекке, 20-дан астам магистрантқа, өнер, білім-ғылымда, спортта жетістікке жеткен жалынды жастарға диплом тапсыру салтанаты өтті. Айтулы іс-шараға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, университет ұстаздары, бақыттан жүрегі алып-ұшқан ата-аналар да қатысып жас түлектердің өміріндегі ең маңызды сәтінде қасынан табылып, қуаныштарымен бөлісті. Бітіруші түлектерді ең алғашқы болып Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек онлайн режим арқылы құттықтап, ақ жол тіледі. – Құрметті түлектер, бүгін сіздер үлкен өмірге қадам басқалы тұрсыздар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жоғары білімнің дамуына үлкен көңіл бөліп келеді. Мемлекет басшысы, біздің министрлік, төрт жыл бойы сіздерді оқытқан ұстаздарыңыз, ата-аналарыңыз сіздерге үлкен үміт артып отыр. Сол сенімнің үдесінен шыға білгейсіздер. Алға қойған мақсаттарыңызға жетулеріңізге шын жүректен тілектеспін, – деді С.Нұрбек. Сонымен қатар министр Дулати университетінің базасында Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы ашылатынын атап өтіп, жастарды ғылым-білім жолында мүмкіндіктері мол оқу орнын таңдауға шақырды. Жиналғандардың алдында сөз алған аймақ басшысы жұртшылықты осынау мерейлі күнмен құттықтап, түлектерге сәттілік тіледі. – Сіздер мектептен алған білімдеріңізді жоғарғы оқу орнында жетілдіріп, жас маман атанып, жаңа өмірге қадам басқалы тұрсыздар! Дана халқымызда «Білекті бірді жығар, білімді – мыңды жығады», деген жақсы сөз бар! Білім мен тәрбиені, соған сай еңбексүйгіш қасиетті бойына сіңірген адам бәсекеге қабілетті маман атанып, ел дамуына мол үлесін қосатыны анық. Осы орайда ертеңгі ел тұтқасы, жарқын болашағы ретінде жастарға үлкен үміт, зор сенім артылады. Сол сенімді ақтау – сіздердің мерейлі міндеттеріңіз, – деді Нұржан Нұржігітов. Университет ректоры Мұхтар Байжұманов та қуаныш иелерін құттықтап, жастарға сәт-сапар тіледі. Сондай-ақ салтанатты шараға өңірімізге белгілі тұлғалар, ғылым жолындағы табыстарға қол жеткізген ғалымдар да қатысты. Облыстық мәслихаттың хатшысы Абдалы Нұралиев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Лесбек Ілебаев, Дулати университетінің түлегі, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков, «Жаңару» РҚБ облыстық филиалының басшысы Қасымхан Төлендиев, Тараз қаласының Құрметті азаматы Батырбек Құлекеев бітіруші түлектерге диплом тапсырды. Жалпы 2022-2023 оқу жылында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін тәмамдаған түлектердің жалпы саны – 4 255. Оның 4037-сі – бакалавриатты, 202-сі магистратураны, 16-сы PhD докторантураның білім беру бағдарламаларын аяқтағандар. Соның ішінде университетті 220 студент, сондай-ақ 3,5-тен жоғары GPA деңгейіне жеткен 20-дан астам магистрант үздік бітіріп отыр. Қоғамдық, ғылыми, әлеуметтік-мәдени жұмыстарда әртүрлі жетістіктерге жеткен 10 студент және спорттық және ғылыми салаларда үлкен табыстарымен көзге түскен ерекше білім беру қажеттіліктері бар 11 студент бар. Көңіл толқып, сезімді тулатқан салтанатты шарада республикамызға белгілі эстрада жұлдыздары жастарға ән мен биден шашу шашты. Әсел Уашева, «NOMAD» «Сарман», «Adekee» топтары әуелетіп ән салып, «Томирис» бишілер тобы өз өнерлерін көрсетті. Тараздың түнгі аспанына атылған фейерверктер ерекше өрнек салып, жастардың шаттық күйін жеткізіп жатты. Мерейлі кеште К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әртістері де өнер көрсетті. Кеш барысында үздік бітірушілер де өз ризашылығын жеткізіп, алдағы уақытта ел дамуы жолында аянбай еңбек ететіндеріне сендірді. Жылдар бойы алған білімдерінің жемісі – дипломдарын қолына алған түлектер, өмірлерінде жаңа кезеңнің басталуының белгісі ретінде бітіруші мантиясын аспанға лақтырды. Маман иелері атанған кешегі студенттердің ендігі болашағы жарқын болғай!