Жаңалықтар

Облыс әкімі Тараз қаласындағы бірқатар құрылыстарды аралап, тұрғындармен кездесті

Облыс әкімі Тараз қаласындағы бірқатар құрылыстарды аралап, тұрғындармен кездесті

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласы «Ұлы дала» (№15) шағын ауданы және «Бурыл» тұрғын алқабындағы бірқатар нысандардағы құрылыс жұмыстарымен танысты. Алдымен «Ұлы дала» шағын ауданында салынатын 1200 және 2000 орындық жайлы мектептердің жобасы мен құрылыс аумағын көрген аймақ басшысы маусым айында басталуы тиіс жұмыстардың әлі күнге қолға алынбағанын сынға алып, жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді. Айта кетейік, биыл «Жайлы мектеп» жобасы аясында облыс бойынша 7 мектептің құрылысы жүзеге асады. Келесі кезекте облыс әкімі Сүлейменов көшесінің соңындағы (№16 жер телімі) 1200 орындық мектептің құрылысы мен бес қабатты 10 тұрғын үйдің, саябақтың құрылыс жұмыстарымен танысты. Саябаққа мыңдаған ағаш көшеттері отырғызылып, балаларға арналған ойын және спорт алаңшалары салынып, орындықтар орналастырылады. Аталған шағын аудандағы «Отбасы» банк арқылы пайдалануға берілетін көпқабатты үйлердің аулаларының жағдайымен танысқан аймақ басшысы автотұрақтардың көлемін арттыру қажеттігін ескертті. Ал, осы аудандағы № 21 жер теліміндегі 1200 орындық мектептің құрылысын мердігерге жаңа оқу жылына аяқтап, пайдалануға беруді тапсырды. Сондай-ақ, Нұржан Нұржігітов «Бурыл» алқабының бір топ тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Тұрғындар жол, абаттандыру секілді өзекті сауалдарын жолдады. Аймақ басшысы аталған мәселелер 1-2 жылда шешімін табатынын, қазіргі таңда тиісті шаралар қолға алынып жатқандығын атап өтті. Облыс  әкімі барлық құрылыстардың сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстау керектігін баса айтып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.