«Жетістік еңбекпен келеді»
«Жетістік еңбекпен келеді»
– Тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезі болатын. Мөр шығару деген маған таңсық еді. Бір нәрсені ойласам, тез арада жүзеге асырып тастауға тырысамын. Кәсіпорынға керекті мөр жасайтын құрылғыны Венгриядан сатып алып, кәдімгі жолаушылар тасымалдайтын пойызбен алып келдім. Үш шекарадан өттім. Мөрді елге алып келгенімді қайтейін, 6 айдай ісімді аша алмай салпақтап жүрдім. «Сен ақша жасайын деп жатырсың, ал мұның қандай қылмыс екенін білесің бе?» деп кінә таққандар да болды. Сол күні тауым шағылып қайтсам да, келесі күні қайта баратынмын. «Жоқ, сіздер мені түсінбедіңіздер, мен ақша шығарғалы жатқаным жоқ, мөр жасаймын» деймін шырылдап. Қайдан, сөзіме құлақ асып, мені тыңдайтын адам табылмады. Бұл әрекеттерім сәтсіз болған соң, сол кездегі облыстың бірінші басшысы Өмірбек Байгелдидің қабылдауына жазылдым. Хат дайындап, мөр жасайтын кәсіпорын ашқанымды, қажетті құрылғыны әкелгенімді, бірақ ресми рұқсат алудың мүмкін емес екенін жаздым. Тіпті жақын шетелге, Қырғыз Республикасына барып, сол жақтан кәсіпорын ашуға мәжбүр екенімді жеткіздім. Міне, содан кейін ғана сең орнынан қозғалып, мен әкелген техниканы арнайы қабылдап, рұқсат берілді. – Қош, кәсіпті мөр шығарудан бастадыңыз. Ал қазір компания одан басқа қандай өнімдер шығарады? – Компаниямыз ашылғалы да 31 жыл уақыт өтіпті. Осы уақыт аралығында көп кедергілерден өттік. Сүрінген кездеріміз де аз болған жоқ. Бастапқыда тұтынушылардың қалаған нәрсесін жасап бере алмаған кездеріміз де болды. Халықтың өтініш айтуы, кейде ренжуі, қуануы, алғысы қанаттандырды, өсірді. Сондықтан бізді өсірген халық деп айтудан жалықпаймын. Бүгінде полиграфиялық өнімдердің барлық түрін шығарамыз. Тойларға шақыру қағаздарын ұлттық нақышта алғаш рет біз шығардық. Қазіргі таңда қолөнер бұйымдары мен баспахана өнімдеріне сұраныс жоғары. Халық бізді жақсы біледі. Жарнамасыз-ақ өздері іздеп келеді. «Көне Тараз» сериясымен шығарып жатқан қолөнер туындыларымыз көпшіліктің көңілінен шығып жүр. Қалта күнтізбелерін, буклеттер дайындаймыз. – Жекеменшік мектеп те аштыңыз. Бас-аяғы қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз? – Жалпы компанияда 30-ға жуық маман еңбек етеді. Бір айта кететіні, жұмысшылардың бірқатарының еңбек өтілі 25 жылдан асып кеткен. Сондықтан кәсіпорын ашылған кезден бері бірге келе жатқан сенімді серіктестерім деуге де болады. Ал «A-Status» мектебінде 60 шақты мұғалім жұмыс істейді. – Бүгінде «A-Status» жұрт армандаған мектептің біріне айналды. Осы орайда білім ошағының басты ерекшеліктеріне тоқталып өтсеңіз... Қазіргі таңда мектебіміз шетелдік тәжірибеге сүйене отырып білім береді. Мектебіміздің болашағын «ЭКСПО-2017» көрмесі айқындады. Экологиялық білім берудің басымдылығын бүгінде бүкіл әлем қауымдастығы мойындап отыр. 2017-2018 оқу жылында мектепте «Жасыл мектеп» экологиялық жобасын жүзеге асыру басталды. Бастапқыда балабақша, мектепалды даярлық сыныбы, болып, кейін мектеп-гимназияға айналған. Бүгінгі таңда тек мектеп-гимназияның өзінде 1 мен 6-сынып аралығында 15 сынып, әр сыныпта кемі 22 баладан білім алады. Кешенде интерактивті тақта, компьютерлермен жабдықталған робототехника негіздерін үйрететін сынып, шахмат, бірнеше өнер үйірмелері бар. Балғындар өз таңдаулары бойынша сегіз үйірмеге жалпы оқу ақысы негізінде сабақтан тыс мезгілде қатыса алады. Сондай-ақ акт, спортзалдарымен қамтылған. Жеткіншектерге спорттың бірнеше түрімен шұғылдануға мүмкіндік жасалған. Оқу кешені жобасының негізгі ерекшелігі де осында. Балабақшада да, мектепте де балалардың сабақтан тыс уақытын пайдалы іске бағыттау жоспарланған. Оқушыларымыз көкөніс егеді. Әр қабатта арнайы қоқыс жәшіктері қойылған. Биылғы ерекшелігіміз қала бойынша «Қоқыстарға екінші өмір сыйла» деген тақырыппен эко-фестиваль өткіздік. Шараға көптеген қонақтар келді. Экологиялық мәдениетті үйретіп, арнайы сабақ оқытып жүргенімізге 6 жыл болды. Баспадан арнайы кітап та шығардық. Бұл біздің үлкен жетістігіміз. Бүкіл мектепке кітапты таратып, әдіс-тәсілдерімізді үйрете аламыз. – Бүгінде полиграфиялық өнім өндіретіндер көбейіп кетті. Нарықта бәсекелестік бар ма? – Полиграфия саласы кез келген басқа салалар сияқты жаңа бағытты, жаңа идеялар мен технологияларды қажет етеді. Кітап тауар болғандықтан, баспагерлер өз өнімінің өтімділігін қадағалайды, тиімді сатуға талпынады. Қазіргі таңда Қазақстанда 150-дей баспа болса, бәрі жекеменшік баспаханалар. Мемлекет тарапынан баспаларға қолдау көрсетіліп, жұмысына қарай тендер бөлінеді. Осы баспалар арасында өзара бәсекелестік бар. Біздегі басты мәселе – шикізаттың тапшылығы. – Тоқсаныншы жылдары жарнаманың қай түрін пайдаландыңыз? – Біздің қандай қызмет ұсынатынымызды, қандай өнімдер шығаратынымызды жарнамалау оңайға соққан жоқ. Тіпті басылым беттерінде жарнама берілмейтін. Сол үшін қолдан жарнама қағаздарын дайындап, кешке дейін негізгі жұмысымызды істеп, түннің бір мезгіліне дейін қаланы жаяу аралап жүріп, аялдамаларға жапсырып шығатынбыз. – Киім киісіңіз, кескін-келбетіңіз ерекше. Әсіресе, әр киіммен сәйкестендіріп түрлі қалпақтар киесіз. Өзіңіз тігесіз бе? – Киім – адамды қолайсыз қоршаған орта әсерлерінен сақтайтын денедегі жамылғылардың жиынтығы. Қазір киіміңе қарап қарсы алып, ісіңе қарап шығарып салатын заман болды ғой. Әдемі киінгенді жаным сүйеді. Қалпақ кию оқушы күнімнен басталған. Мектепте оқып жүрген кезімде Жаңа жыл кешіне әжем маған тамаша қалпақты қолдан тігіп, жылтыраған бөтелкенің сынықтарын әшекейлеп, өте сәнді етіп жасап берді. «Қызым, сен енді ханшайымдай бол!» деген еді. Жарықтық әжемнің екі ауыз сөзі санамда қалып, есейгенде де қалпақ киюді тастамадым. Одан бөлек әр кәсіпте бәсекелестік көп. Сондықтан ерекшеленіп жүрейін, көргенде көптің есінде қалатындай, ұмытылмастай болайын деп шештім. Бүгінгі таңда гардеробымда 50 шақты қалпақ бар. – Демек әженің қызы болып өстіңіз ғой. Табысты кәсіпкер атанып, халыққа танымал болуыңыз әжеңізден алған тәлімнен бе? – Иә, әжемнің қызымын. Әжем даналықпен, еңбекпен тәрбиеледі. Ұрысқанының өзі майдай жағатын. Еркелетіп отыратын. Ауылды жерде табиғатпен үйлесімділікте әжемнің аялы алақанында өскеніме қуанамын. Ата-әжесінің тәрбиесін көрген бала бәрібір басқаша болады. Өйткені ауыл үлкендерінің жанында жүріп, өнегелі әңгімесін тыңдап өскен баланың сана-сезімі басқалардан ерекше болып қалыптасады. Сондықтан әжелерді таптырмас тәрбие мектебі дер едім. Дүниеге келген сәбиді көзін ашқаннан құшағына алып, бесік жырымен әлдилеп, ес білгенде ертегі-жырларымен сусындататын әженің орны ойсырап, бейнесі көмескіленіп кеткені де жасырын емес. Көп қазақтың отбасында әже тәрбиесі деген ұғым өшіп кетті. – Кредит алуға қалай қарайсыз? Жалпы кәсіпкер несие алудан қорықпау керек пе? – Тоқсаныншы жылдары теңгемен емес, доллармен кредит алғанмын. Адам тәуекелшіл болуы керек. 1992 жылы 25 мың доллар несие алдым. Бір жылда өтедім. 25 мың доллардың 20 мыңын инфляция жеп қойды. Бар-жоғы 5 мың долларды өндіріске салдық. Келесі жылы 15 қарашада айналымға төл теңгеміз шықты. Бұл да бізге көп көмек болды. Ол кезде несие алу деген ақыретпен тең еді. Міндетті түрде таныс іздеп, «шапкасын» беру керек болатын. Кәсіпорын ашқанға дейін мен де ала дорба арқалағанмын. Кеңестік кезеңнің ақшасының қалай құнсыздана бастағанын сауда-саттық жасап Венгрияға, Ресейге барып жүргенімде байқағанмын. Инфляцияның тигізген зияны да, пайдасы да болды. Несие деген кәсіпкерге үлкен көмек қой. – Жетістікке жету үшін не істеу керек? – Біз жетістікке бір күнде жетпедік. Асықпай, тынымсыз еңбекпен, кейде қуанумен, кейде мұңаюмен жеттік. «Үздіксіз өсу мен прогресс болмаса, жақсарту, жетістік және сәттілік сияқты сөздердің мағынасы болмайды» деп Бенджамин Франклин айтқандай жетістіктерге жету – бұл сәттілік емес, бұл сіздің көзқарасыңызға, сіздің күш-жігеріңізге, қалай көңіл бөлуіңізге байланысты. Мақсатқа ұмтылған адам күндердің бір күнінде сол көздеген дүниесіне жетері анық. Жетістікке жетіп, шалқаю жақсы адамның ісі емес. Жетістік тек оза шауып бәйге алуда емес, адамдық қасиетті жоғалтпауда жатыр. Әуелі адам деген атқа лайық болғаныңыз жөн. Тағы бір айта кететін нәрсе, жақсы адам өзіне қалағанды өзгеге де қалайды. Тек қана өзім үшін деп емес, өзгелерге де пайда келтіру жағын ойластырыңыз. Ең үлкен жетістік – өзгелерге пайда келтіру, қоғамға пайдалы іс тындыру. – Сіз жететін биік белестер әлі де алда. Кез келген адам кәсіпкер бола ала ма? – Жоқ. Өйткені кәсіпкерлік те – ерекше қабілетті талап ететін іс. Мысалы, өз ісіңізді бастаған уақытта алдыңыздан түрлі қиындық кездеседі, оларды еңсере білу керек. Не істеймін деп бір орында отыру кәсібіңді дамытпайтыны белгілі. Сондықтан да қорқынышты жеңе білу маңызды. Ал ол үшін табандылық қажет. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Эльмира БАЙНАЗАРОВА