Қазақстан ядролық қарудан неге бас тартты?
Қазақстан ядролық қарудан неге бас тартты?
Заң нормаларына сәйкес бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонында Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру жоспарланып отыр. Бұл аумақ ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағындағы жерлерді шаруашылық айналымға біртіндеп қайтару үшін оңалту мақсатында құрылады. Арнаулы аймақты кешенді экологиялық тексеру және мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижелері бойынша анықталған ластанған учаскелерде құру жоспарланған. Негізі 2015 жылы ҚР Энергетика министрлігі тарапынан Семей полигонының жерлерін ауылшаруашылығы мақсатында пайдалануға тыйым салынған. Араға жылдар салып 2021 жылы бұрынғы ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Мәжілістің қарауында жатқан жаңа заң жобасына, полигон жерлерін пайдалануға рұқсат беру жөнінде түсініктеме берді. Мағзұм Маратұлы сонда Семей полигонының жалпы ауданы 18 мың шаршы шақырымды құрайтынын, жартысы ауылшаруашылығының пайдасына берілуі мүмкін учаскелер екенін айтты. Әрине, аталған мәнді мәселе кеше, бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Ғалымдардың радиациямен уланған жердің көп бөлігін ауылшаруашылығы үшін пайдалануға болатынын айтып жүргеніне талай жылдың жүзі болды. Мәселен Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталықтың мамандары полигон аймағының пайдалы екенін дәлелдеуге тырысып бағуда. Қайбір жылдары орталық ғалымдары полигон аумағына туристерді тартып, тіпті 80 пайыз жерін шаруаларға пайдалануға беріп, кіріс көзі ету керектігін мәлімдеді. Өйткені орталық шетелдік әріптестерімен қоян-қолтық жұмыс істеп, радионуклидтермен ластану деңгейі республикада белгіленген нормадан аспайтын жерлерді анықтапты. Бірақ алдымен полигон аумағына радиоактивті қалдықтарды сақтайтын үлкен кешен салу керек екен. Ал Ұлттық ядролық орталыққа қарасты Радиациялық қауіпсіздік институтының бұрынғы директоры, 40 жылдан аса еңбек өтілі бар эколог әрі метеоролог, радиациялық қауіпсіздік пен метеорология саласындағы білікті маман Лариса Птицкаяның айтуынша, полигон аумағындағы жерді қалпына келтіру іс жүзінде мүмкін емес. Себебі, діттеген мақсатқа жеті үшін бір мезгілде 2 миллион гектар жердің үстіңгі қабатының шамамен 25 сантиметрін сыпырып, жерге көміп тастау қажет көрінеді. Сондай-ақ химия ғылымдарының докторы Қорлан Әбсалықова: «Егер плутонийдің бір бөлігі адам ағзасына түссе, сүйек тінінде 80 жыл, бауырда 40 жыл өмір сүреді екен. Барлық тірі жасушаны өлтіріп, табиғи қасиетін жойып, бұзуға әкеліп соғады. Осындай деректерге анық қол жеткізе отырып, сол аймақтарды қалайша халықтың қолданысына береміз?! Семей халқы полигонның зардабын әлі тартып отыр. Сондықтан полигон аймақтарына инвестиция салуға мүлде қарсымын», деп пікір білдірді. 2008-2011 жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігін басқарған ғалым Ақылбек Күрішбаев та табиғатқа келтірілген залалдың зардаптарын бізден кейін болашақ ұрпақ та жүздеген ғасыр бойы тартуы мүмкін екенін, әзірге бұл жерлер ешқандай ауылшаруашылығына жарамайтынын айтқан болатын. Енді ұзақ жылдан бері талқыланған мәнді мәселеге байланысты мамандардың, ғалымдардың жан жақты пікірі ескеріліп, «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Заң қабылданды. Ал жаңа Заңда бұрынғы Семей сынақ полигоны жерлерінде және нормативтен тыс радиоактивті ластануға ұшыраған іргелес аумақтарда «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы» арнаулы аймағын құру; радиоактивті ластанудың таралуын шектеу; полигон аумағындағы радиоактивті қалдықтарды жинау, орналастыру және кәдеге жарату арқылы Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағын оңалту; Семей ядролық қауіпсіздік аймағындағы радиоактивті ластану деңгейіне үздіксіз мониторинг жүргізу сынды мәселер қарастырылған. ...Жалпы биыл экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлық шығарғанына 32 жыл толып отыр. Осыдан 32 жыл бұрын Қазақстан ядролық қаруды қолдануға қарсылық танытып, бейбітшілік жолын таңдайтынын жариялады. Бірден атом бомбасын таратпау туралы шартқа қосылды. Еліміздің ядролық қарудан бас тарту хронологиясын зерделесек, Қазақстан осылайша әлемдегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуға негіз болар бірегей шешім қабылдағанын көреміз. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Қазақстанда қуаты бойынша әлемнің 4-ядролық қоры қалған еді. Кезінде байтақ территорияда Ембі, Сарышаған (Приозёрск), Байқоңыр, Семей полигоны сияқты КСРО-дағы ірі сынақ, космостық және ядролық полигондары орналасты. Алайда еліміз 1993 жылы кеңестік әскери арсеналдан мұра болып қалған әлемдегі 4-ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартты. Мәліметтерге сүйенсек, бұл Жер шарының кез келген нүктесіне жететін 1200 ядролық оқтұмсығы бар 110-нан астам баллистикалық ракетаны құрайды. Еліміз АҚШ-пен, Ресеймен бірлесіп оқтұмсықтар мен жарылғыштарды залалсыздандырған. 1991 жылы Семей атом полигоны жабылды. Осыдан кейін ядролық қаруды таратпаудың және қарусызданудың жаһандық үдерісінің жаңа кезеңі басталды. БҰҰ-ның шешімімен ядролық сынақтарды тыю туралы келісімге қол қоюға жол ашылды. Оған Қазақстан ең алғашқылардың бірі болып қол қойды. Ел аумағында атмосфералық, жерүстілік және жерасты әскери және «бейбітшілік мақсатында» делінген барлығы 500-дей сынақ өткізілді. Бұл ядролық қару пайда болғаннан бері әлемде жүзеге асырылған барлық сынақтың тең жартысы еді. Радиация салдарынан айналадағы тіршілік атаулы бірте-бірте жойылды, өзен, көлдер уланды. Ең сорақысы, полигон маңында тұратын бір жарым миллионнан астам адамның тағдыры тәлкекке салынып, олар денсаулығынан айырылды. Осының есесін қайтару үшін Қазақстан 1992 жылы 22 мамырда атомдық қарудан бас тартып, Лиссабон хаттамасына қол қойды. Ал 1993 жылы 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Ядролық қаруды таратпау келісіміне қосылу туралы» қаулы қабылдады. 1994 жылы Қазақстанның Ядролық қаруды таратпау Келісіміне қосылуына байланысты Қазақстан, Ресей, Ұлыбритания мен АҚШ Қазақстанның қауіпсіздік кепілдері туралы меморандумға қол қойды. Бұл кепілдіктерге кейін Қытай мен Франция да қосылды. Сондай-ақ осы жылы Қазақстан В.Метта арқылы АҚШ-қа 24 ядролық бомбаның (90 пайыз, 600 кило) уранын сатты. Бұл уран суасты ядролық отын үшін жиналған еді. 1995 жылдың сәуірінде Қазақстан барлық ядролық қаруды Ресей аумағына шығарды. Ал 27 мамырда бұрынғы Семей ядролық полигонының ұңғымасында соңғы ядролық заряд жойылды. Осылайша, елдегі ядролық қару мәселесіне нүкте қойылды. 1996 жылы Қазақстаннан Ресейге стратегиялық бомбалаушы ұшақтар шығарылды. Осы жылдың 30 қыркүйегінде Қазақстан жалпыға бірдей ядролық сынақтарға тыйым салу туралы келісімге қол қойды. 2000 жылы бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонында соңғы ядролық сынақтарға арналған ұңғыма жойылды. 2009 жылдың 2 желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде жария етті. Бұл халықаралық күнді белгілеу туралы ұсынысты қазақ елі жасаған еді. Міне, осылайша Қазақстанның ядролық қаруды таратпау іс-шараларына белсенді атсалысып, ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі елеулі үлесі əлемдік қауымдастыққа үлгі болып қала бермек.