«ЕРТЕ, ЕРТЕ, ЕРТЕДЕ...» КІТАПШАСЫНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ
«ЕРТЕ, ЕРТЕ, ЕРТЕДЕ...» КІТАПШАСЫНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ
Мерекелік кештің шымылдығы үйірме шәкірттерінің орындауындағы поэзиялық композициямен түрілді. Дарынды балалар әуезді әндерімен, әсем бимен қонақтарға тамаша көңіл күй сыйлады. Келесі кезекте үйірме қатысушылары осы кешке арнайы дайындаған «Бұлбұл, жарқанат және қарақұрт» ертегісінің қойылымын сахналады. Ертегіні өнерлі қыздар қуыршақтар арқылы сомдады. Ал бұл қуыршақтарды орталықтың «Бойтұмар» қолөнер және дизайн үйірмесінің жетекшісі мен шәкірттері өздері арнайы тіккенін айта кеткен жөн. «Ана тілі» шешендік өнер үйірмесі жетекшісінің тапсырмасымен қыздар өз ұшқыр қиялдарына қанат бітіріп, түрлі ертегілер, әңгімелер құрап жазып жүр. Мұның өзі бағалағанға үлкен еңбек. Қаламалды тебіреністері еш кетпесін, олардың келешектегі шығармашылық жолдарына үлкен қолдау болсын деген ниетпен орталық басшылығы шағын жинақ кітапшасын басып шығартты. Кітапқа үйірме шәкірттерінің өз қиялдарынан туған ертегі-әңгімелері, өлеңдері мен жұмбақтары сияқты тырнақалды туындылары енген. Кітаптың лентасын педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жанат Сарыбекова мен ҚР Мәдениет саласының үздігі Камила Абашева салтанатты түрде қиып, жас жеткіншектерге аналық ақ тілектерін арнады. Өнегелі кеште өрелі сөздерін арнаған филология ғылымдарының докторы, профессор, үйірме жетекшісі Сейсекүл Исматова бұл жасап жатқан дүниелердің тек бастамасы екенін айтып, алдағы уақытта шәкірттерінің нағыз тіл жанашыры, тіл шебері болуы үшін барлық күш-жігерін жұмсайтындығын жеткізді. Шәкірттері көпке ой салатын танымдық шығармаларынан үзінді оқып, зор қошеметке ие болды. Сондай-ақ шара барысында қолөнерші, кәсіпкер Раушан Иманалиеваның жасаған бұйымдарынан көрме ұйымдастырылып, кішігірім шеберлік сағаты өткізілді. Алдағы уақытта Раушан ханыммен болатын шеберлік сағатының ауқымы кеңейтіліп, тігін үйірмесінің қатысушыларына өз тәжірибесімен бөлісу жоспарланды. Кеш соңында іс-шараға атсалысқан барлық өрендер орталық директорының Алғыс хатымен марапатталып, бүлдіршіндерге тегін балмұздақтар таратылды. Жиынға қатысушылар естелік суретке түсіп, бұл кездесудің тағылымы мол екендігін айтып, тағылымды бас қосудан рухани демалып тарқасты. Анель Әшірқұл, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ІІІ курс студенті