Жұртшылықтың пікірін ескеру маңызды
Жұртшылықтың пікірін ескеру маңызды
Спикердің айтуынша, осы жылдың бірінші жартыжылдығында аудандағы Жаңатұрмыс, Қазақ, Сәлімбай елді мекендерінде орталықтандырылған ауызсу жүйесі іске қосылып, ел игілігіне берілді. Сонымен қатар Құлан ауылындағы «Арай» тұрғын үй алқабындағы 80 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйлердің алғашқы нүктесі пайдалануға берілсе, 80 пәтерлі екінші нүктесі жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Одан бөлек, Луговой ауылындағы бұрынғы кеден қызметкерлерінің үйлері мұқтаж 20 отбасыға табысталады деп күтіліп отыр. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде Көкдөнен ауылдық округінің Жақсылық ауылынан 75 орындық балабақша ашылды. Сонымен қатар Шолақ-Қайыңды ауылына келісімшарт құны 166,214 миллион теңге көлемінде табиғи газ құбырын тарту жұмыстары басталған. Мердігер – «Ремстрой» ЖШС. – Аудан тұрғындарының жүйелі спортпен шұғылдануын және инфрақұрылымды дамыту мақсатында құны 856,5 миллион теңге болатын 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Тарқатып айтсам, Ақыртөбе, Көгершін, Р.Сабденов ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады. Одан бөлек, Көгершін ауылынан 90 орындық мәдениет үйі пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Ақыртөбе ауылынан 345 миллион теңгеге мәдениет үйінің және 330 миллион теңгеге Жаңатұрмыс дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы бастау алатын болады. Қазіргі сәтте мердігерлер анықталуда. Ауданға қарасты 15 ауылдық округтегі 42 елді мекенде 67 636 адам тұрады. Оның 27 200-і экономикалық белсенді топтың қатарында. Яғни, жұмыспен қамтылғандар – 26 000. Оның ішінде 18 500 жалдамалы жұмысшылар болса, 7 500-і өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Жыл басынан бері бейресми 63 жұмыс берушіден 232 жұмыскердің еңбек қатынастары заңдастырылып, көлеңкелі экономикадан шығарылды, – дейді Ернар Серікәліұлы. Аудан жастарының саны – 20 960, яғни жалпы халықтың 21 пайызын құрайды. Ауданда «NEET» санатындағы жастардың үлесі 2023 жылдың 5 айына 0,08 пайызды, яғни 88 жасты құрады. Есепті кезеңде 479 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, жұмыссыздық 2,7 пайызды құрады. Осы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша 295 іс-шара өткізіліп, 7800-ге жуық жас қамтылды. «Жасыл ел» еңбек жасағына 80 жасты қамту жоспарланып, қазіргі таңда 45 жас қамтылып, маусымдық жұмысқа тартылып отыр. Жұмыссыздықты азайту мақсатында аудан әкімдігі, Құлан агротехникалық жоғарғы колледжі және аудандағы ірі жұмыс беруші кәсіпорындармен үшжақты меморандумға қол қойылды. Жалпы 150 білімі жоқ жұмыссызды оқытып, жұмысқа қабылдау жоспарланған. Оның ішінде NOMAD балық шаруа қожалығы 15 маманға сұраныс берген. Спикердің айтуынша, ауданда егістік алқап 145 мың гектарға жеткен. Оның ішінде масақты дақылдар 115,01 мың гектарға, майлы дақылдар 16,2 мың гектарға, қант қызылшасы 610 гектарға отырғызылған. Сонымен қатар аудан бойынша 5 айда мал саны 855,3 мыңды құрап отыр. Ал сүт өндірісі – 9,6 мың тонна, жұмыртқа – 1,6 миллион, тірі салмақтағы ет өндірісі 3,4 мың тоннаны құрайды. Отандық қант өнеркәсібінің сұранысын қанағаттандыру мақсатында былтыр аудандағы қант қызылшасы егілген алқаптың аумағы 390 гектар болса, биыл егілген алқаптың көлемі екі есеге артып, 610 гектарды құрады. «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы бойынша да ауданда қолға алынған игі істер жетерлік. Мәселен 2019-2020 жылдары 5 бағыт бойынша Құмарық ауылдық округіне 797,2 миллион теңгеге несие беріліп, жобаның тұрғындарға тиімді екені байқалды. 2022 жылы жоба Абай ауылдық округінде жалғасын тапты. Ауданның жетістіктерін баяндаған спикер, өңірде шешімін күтіп тұрған мәселелер бар екенін де жасырмады. – 2022-2025 жылдарға арналған «Amanat» партиясының «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың жол картасына енгізілген халық саны 1000-нан жоғары Жаңатұрмыс ауылына 90 орындық клуб ғимаратын салу үшін облыстық құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім берілген. Бүгінгі күнге қаражат мәселесі шешімін таппай тұр. Құрылыс құны –148,2 миллион теңге. Жамбыл облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына енгізілген жобалық-сметалық құжаттары дайын, мемлекеттік сараптамадан өткен Д.Қонаев ауылдық мәдениет үйінің жобалық құны 95943 мың теңге және Қорағаты ауылдық мәдениет үйіне жобалық құны 73336 мың теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына бюджеттік өтінім берілген. Алайда бүгінгі күнге бұл мәселе шешімін таппай отыр. Жалпы маған кез келген өзекті мәселе ешбір сүзгіден өтпей, қаз-қалпында ұсынылады. Әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарындағы жазбалардың әрқайсысы бойынша жеке танысып отырамын. Ешбір тұрғынның мәселесі назардан тыс қалмайды. Кез келген өзекті мәселеге қатысты шешім қабылдайтын кезде алдымен қоғамдық пікірмен, халықпен санасу керек. Шешім қабылдарда олардың ой-ұсыныстарын, пікірлерін ескеру маңызды. Сонда ғана түсінбестік, наразылық туындамайды, – деді спикер сөзін түйіндей отырып. Брифинг соңында журналистер қосымша сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.
А.БЕКЕНҚЫЗЫ