Әлеумет

Бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақ беріледі

Бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақ беріледі

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен кезекті брифингте облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдын Досыбаева «2022-2023 оқу жылының қорытындысы, оқушыларды жалпыға бірдей міндетті орта біліммен қамту, жазғы сауықтыру, білім беру ұйымдарының күрделі жөндеуі» тақырыбында есеп берді.

Өткен оқу жылында облыстағы 382 орта мектептің 370-інде 11-сыныпты – 12115 оқушы, мемлекеттік мектептерді – 10437, жекеменшік мектептерді 1201 оқушы аяқтапты. 15 оқушы арнайы оқу орындарын бітірсе, 22 оқушы облыстық спорт-интернатты бітіріпті. Оның ішінде 9535-і қазақ тілінде, 2568-і орыс тілінде, 12-сі өзбек тілінде оқыған. 9-сыныпты 22956 оқушы тәмәмдаған. Облыс бойынша оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасы 67,6 пайызды құрапты. Өткен оқу жылының қорытындысымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 0,5 пайызға жоғары екен. Айдын Орынбекқызының мәліметінше, биылғы ҰБТ 18 мамырда басталып, 4 шілдеге дейін жалғасқан. Тестілеу облыс аумағындағы «Ustudy» білім орталығының 2 тест тапсыру пунктінде өткізілген. 2021 жылдан бері ҰБТ-ның жаңа форматы мектеп бітірушілерге өте қолайлы болған, себебі биылғы ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік беріліп отыр. Тестілеуге 12115 мектеп бітірушінің 9373-і базаға тіркеліп, 9119-түлек қатысыпты. Облыс бойынша ҰБТ-дағы орташа балл 84,4-ті құрапты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,9-ға жоғары. Тағы бір айта кетерлігі, биылғы оқу жылына мектеп формасына 48 671 балаға 40 567 теңгеден 1 миллиард 974 миллион 436 мың теңге қаржы қарастырылып отыр. – Жыл сайын «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілер есебінен көмек көрсетіледі. Өткен жылы демеушілер есебінен 7 656 балаға 108 миллион 308 мың теңгеге көмек көрсетілді. Облыстағы 446 мектептің 410-ында асхана бар. Биыл жалпыға бірдей міндетті орта білім қорынан оқушыларды тамақтандыруға 3,5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Тамақтың құны орташа есеппен 450 теңгені құрайды. 2022-2023 оқу жылында ыстық тамақпен қамтылған бала саны – 49 137. Облыс бойынша 1-4-сынып оқушыларының жалпы саны – 94 373, оның ішінде жекелеген санаттағы 23 400 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылды. Ең жағымды жаңалықтың бірі – биылғы 1 қыркүйектен бастап барлық 1-4-сынып оқушылары бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылады. Оған облыстық мәслихаттың 2022 жылғы 14 желтоқсандағы «2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» №23-3 шешімінің негізінде 2,5 миллиард теңге қаржы бөлінді, – деді ол. Сондай-ақ қала сыртындағы «Болашақ», «Рауан», «Ә.Молдағұлова», «Тау самалы», «Берікқара», «Балауса», «Жұлдыз» лагерьлерінде сауықтырумен қамтылатын жоспарлы 7614 баланың 3760-ы демалысқа жіберілгенін айтып өтті. Биыл «КазТрансГаз» акционерлік қоғамы облыстағы жұмысшыларының 400 баласын Түркістан облысындағы Машат аумағында орналасқан «DREAM CAMP» балалар сауықтыру лагеріне демалысқа жіберуді бастапты. Жиын соңында осы жылы жалпыға бірдей міндетті білім қоры есебінен жекелеген санаттағы отбасынан шыққан 48 671 оқушыны әлеуметтік қолдауға 5,9 миллиард теңге бөлінгенін, оның ішінде тамақтандыруға – 3 545 871,0 мың теңге, киім-кешекке – 1 974 436 мың теңге, жазғы сауықтыру демалысын өткізуге 351 283 мың теңге кеткенін де атап өтті. Облыс мектептерінде 2021 жылдан бері киім-кешекке бөлінген қаржы ата-аналардың шоттарына аударылып жүр. Себебі алдыңғы жылдары аудандық білім бөлімдерінің мемлекеттік сатып алу арқылы берілген киімдердің сапасына байланысты ата-аналар наразылық білдірген екен. Брифингте әлеуметтік желі қолданушылары да сұрақ қойды. Жансая Базарбаева есімді қала тұрғыны балабақша тәрбиешілерінің айлық жалақысын көтеруді ұсынды. Әрі мемлекеттік балабақшаларда түскі асқа жеміс-жидек қосуын да сұрады. Ал Дәметкен Юсупова есімді желі қолданушысы қызының басқа мектепке ауысып жатқанын айтып, тегін мектеп формасын қай мектеп беретінін сұрады. Қойылған сұрақтардың барлығы назарға алынатынын айтқан баяндамашы ұсыныстарды да енгіземіз деп жауап қатты.

Э.Тілеубердіқызы