Демократиялық даму діңгегі
Демократиялық даму діңгегі
Комиссиялардың құзіреті қандай?
Бағамдап көргеніміздей, сайлау комиссияларына жүктелген жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Қазақстан Республикасындағы сайлау органдарының құрылымы және олардың қалыптастырудың өзіндік қағидаттары бар. Сайлау комиссияларының біртұтас жүйесі Орталық, aумақтық, округтік, учаскелік сайлау комиссияларынан тұрады. Орталық сайлау комиссиясы республиканың аумағында сайлау туралы заңдардың атқарылуына бақылауды жүзеге асырады, олардың бiрыңғай қолданылуын қамтамасыз етедi; өзiнiң құзыретi шегiнде бүкiл республика аумағында мiндеттi шешiмдер қабылдайды. Президент пен Парламент Мәжiлiсi депутаттарының сайлауын әзiрлеу мен өткiзудi ұйымдастырады. Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын ұйымдастыру мен өткiзуге басшылық етедi. Сонымен қатар мәслихаттар, әкімдер мен өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерін сайлауды ұйымдастыру мен өткiзу кезiнде аумақтық сайлау комиссияларына әдiстемелiк басшылықты және олардың қызметiнің сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес келуін бақылауды жүзеге асырады. Аумақтық сайлау комиссиясына артылар міндет те ауқымды. Комиссия әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстер аумағында сайлау туралы заңдардың атқарылуына бақылауды жүзеге асырады. Президенттi, Парламенттiң және мәслихаттардың депутаттарын, әкімдерді, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауды әзiрлеу мен өткiзудi қамтамасыз етедi. Төменгi тұрған аумақтық, округтік және учаскелiк сайлау комиссияларының қызметiне басшылық жасайды. Сайлаушылар және сайлау учаскелерінің шекаралары туралы мәліметтердің өзектілігі мен анықтығын, дауыс беруге арналған сайлаушылар тізімдерінің уақытылы әрі дұрыс жасалуын және олардың барша жұрттың танысуы үшін ұсынылуын бақылайды. Сенат депутаттары сайлауын өткiзудi қамтамасыз етедi. Әкімдерді сайлауды тағайындайды және өткізуді ұйымдастырады. Шығып қалғандардың орнына сайлау округтері бойынша мәслихаттардың депутаттарын сайлауды іске асырады. Мәслихаттардан басқа, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауды, қайта сайлауды және шығып қалған мүшелерiнiң орнына сайлауды тағайындайды және ұйымдастырады. Сайлау туралы заңнаманы түсіндіру, сайлау процесіне қатысушыларды оқыту жұмыстарын жүргізіп, семинарлар өткiзедi. Ал округтік сайлау комиссиясы бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттарын сайлауды өткізуді ұйымдастырады. Бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттарын қайта сайлауды және шығып қалғандардың орнына сайлауды өткізеді. Учаскелік сайлау комиссияларының қызметін ұйымдастырады және үйлестіреді. Жоғары тұрған сайлау комиссиясына сайлау округі бойынша дауыс беру нәтижелерін беруді қамтамасыз етеді. Учаскелiк сайлау комиссиясы сайлау учаскесiнде Президенттi, Парламент Мәжiлiсiнiң, мәслихаттардың депутаттарын, әкімді және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау жөнiндегi сайлау шараларын жүргiзедi. Учаскелiк комиссияның орналасқан жерi туралы сайлаушыларды құлағдар етеді. Тиiстi сайлау учаскесiнде сайлаушылардың тiзiмiн нақтылайды. Азаматтарды сайлаушылардың тiзiмiмен таныстырады, тiзiмдердегi қателiктер мен жаңсақтықтар туралы арыздарды қарайды және оған тиiстi өзгерiстер енгiзу туралы мәселелердi шешедi. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыру бойынша қажетті шаралар қабылдайды. Сайлаушыларды дауыс беру күнi, уақыты және орны туралы хабарландырады. Дауыс беруге арналған үй-жай дайындайды, кабиналар мен жәшiктердiң болуын қамтамасыз етедi. Сайлау күнi сайлау учаскесiнде дауыс берiлуiн ұйымдастырады. Дауыс санауды жүргiзіп, учаскедегi дауыс беру нәтижелерiн анықтайды. Дауыс берудi әзiрлеу мен ұйымдастыру мәселелерi жөнiндегi арыздар мен шағымдарды қарап, олар бойынша шешiмдер қабылдайды. Сайлау туралы заңнаманы түсіндіру бағытында да учаскелік сайлау комиссиясы аянып қалмайды.
Өткен күндерге көз жүгіртсек
1995 жылы қабылданған Ата Заңымыз мемлекеттік билікті ұйымдастырудың негізгі қағидаты ретінде ерікті сайлауды, ал егемендікке ие әрі мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі - халық екенін анықтады. Бұл тұрғыда демократиялық сайлау бәсекелі, мерзімді және өкілдік сайлау деген ұғымды білдіреді. Оның процесінде кең еркіндікке ие азаматтар билік құрылымдарына өздерінің өкілдерін балама негізде сайлайды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабы Қазақстан Республикасының он сегiз жасқа жеткен азаматтарының тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысу құқығына кепілдік береді. Тек сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқы жоқ. Бүгінде еліміз беделді халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі бола отырып, өзі қабылдаған ерікті және бәсекелі сайлау өткізу жөніндегі барлық міндеттемелерді ұстанып келеді. Мемлекет басшысын сайлау және Қазақстан Республикасының Парламентін, сондай-ақ жергілікті өкілді органдарды құру біздің елімізде ұлттық заңнамаға және Жалпыға бірдей адам құқығы декларациясына, Халықаралық азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіге, Еуропалық адам құқығы мен негізгі бостандықты қорғау туралы конвенциясына, ЕҚЫҰ-ның Копенгаген кеңесінің құжатына енгізілген принциптерге сәйкес ашықтық және жариялық жағдайларында өтеді. Сайлау және сайлану құқығы 1995 жылғы қыркүйекте қабылданған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңмен реттелген. Конституцияның және аталған заңның ережелеріне сәйкес Президентті, Парламент Мәжілісі мен жергілікті өкілді органдар депутаттарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жергілікті органдарының мүшелерін сайлау жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру жағдайында өткiзiледi. Жалпы, дүниежүзінде әбден жетілдірілген сайлау жүйесі әлі де болса қалыптаспаған. Ғасырлық демократиялық дәстүрі бар ежелгі мемлекеттердің өзі жаңа сайлау науқандарын ұйымдастыру мен өткізу барысында кемшіліктерге кезігіп жатады. Дана қазақ мұндайда «Көш жүре түзеледі» деп тектен тек айтпаса керек. Осы орайда «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң да үнемі жетілдіріліп, заман талабы мен уақыт сұранысына сәйкес толықтырылды. Сәйкесінше еліміздің сайлау заңнамасы ЕҚЫҰ-ның 1990 жылғы Копенгаген құжаты қалыптастырған сайлау құқығының негізгі қағидаттарына жауап беретін, Қазақстан Республикасы Конституциясына негізделген және Сайлау туралы Конституциялық заңның жалпы бөліміне енгізілген және оның тараулары мен баптарында тәптіштелген сайлау жүйесін құруға жол ашты. Сайлау туралы заңға неғұрлым тұжырымдамалық өзгерістер 2004, 2007 және 2009 жылдары енгізілді. Сонымен қатар 2004 жылы баламасыз сайлау, алдын ала дауыс беру алынып тасталды. Сайлау комиссияларын қалыптастырудың жаңа қағидаты - саяси партиялардың ұсынуымен жергілікті өкілді органдарды сайлау енгізілді. Сайлаушылардың тізімін құру қағидаты өзгерді. Яғни сайлаушылар тізімге тұрғылықты жеріндегі тіркеуге сәйкес енгізіледі. Бұдан бөлек кандидаттардың БАҚ-қа тең қолжетімділігіне кепілдіктер қамтамасыз етілді. Отандық және халықаралық байқаушылардың құқықтары едәуір кеңейді. Конституцияға 2007 жылғы мамырда енгізілген өзгерістерге байланысты Сайлау туралы заңда Парламент Мәжілісін қалыптастырудың жаңа тәртібі белгіленді. Сондай-ақ саяси партиялардың сайлау комиссияларының жұмысына қатысу мүмкіндігі едәуір кеңейді. Республиканың сайлау заңнамасына 2009 жылы енгізілген маңызды өзгерістердің бірі – Парламент Мәжілісін, екінші партия заңда белгіленген 7-пайыздық кедергіні еңсермеген жағдайда да, кемінде екі саяси партияның қатысуымен құруға мүмкіндік беретін құқықтық тетіктің қарастырылуы. Аталған тетіктің енгізілуіне себеп – 2007 жылы өткізілген Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауда дауыс беру нәтижелері бойынша қалған барлық партиялар заңда белгіленген 7-пайыздық кедергіні еңсермегендіктен, барлық мандаттардың бір партияға тиесілі болғандығы. Бұдан басқа сайлау алдындағы үгітті жүргізу тәртібін регламенттейтін және кандидаттар мен саяси партияларға бұқаралық ақпарат құралдарына қолжетімділіктің тең шарттарын қамтамасыз ететін баптарға өзгерістер енгізілді. Жергілікті өкілді органдардың (мәслихаттардың) шығып қалған депутаттарының орнына сайлаудың бірыңғай күні белгіленді. 2011 жылғы толықтырулар республика Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау мен өткізу мәселелерін қамтыды. Соның ішінде толықтырулар кезектен тыс президент сайлауын Президент тағайындайтынын және тағайындалған күннен бастап екі ай мерзімде кезектен тыс Президент сайлауы үшін белгіленген ережелерге сәйкес өткізілетіні, ал кезектен тыс Президент сайлауынан кейінгі Президенттің кезекті сайлауы бес жылдан кейін жарияланатыны анықталды.Бұл ретте сайлау іс-шараларын өткізу мерзімін Орталық сайлау комиссиясы анықтайтын болды. 2013 жылғы толықтырулар Парламент Сенаты мен Мәжілісінің кезектен тыс сайланған депутаттарының өкілеттіктерінің конституциялық мерзімін есептеуге қатысты болды. Былтырғы 5 маусымда өткен республикалық референдумға сәйкес Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соған байланысты сайлау заңнамасы да жетілдіріле түсті. Атап айтқанда Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылатын болды. Сенаттағы президенттік квота қысқарды, мәжілістегі ҚХА квотасы жойылды. Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді. Әрине, жалпыхалықтық референдумның мұнан өзге де басымдықтары аз емес. Ол туралы Мемлекет басшысы референдумның қорытындысы бойынша Қазақстан халқына жасаған Үндеуінде де кеңінен тоқталды. «Референдум еліміздің тарихындағы маңызды белес болды. Ұлтымыздың шынайы өзгерістерге деген дайындығы мен ұйымшылдығын көрсетті. Дауыс беруге азаматтарымыздың белсенді қатысуы қоғамымыздың кемелдігі мен жауапкершілігін білдіреді. Сайлау учаскесіне келіп, елімізді жаңғырту бастамасын қолдағандардың бәріне алғыс айтамын. Сіздер нағыз патриотизмнің үлгісін көрсетіп, Қазақстанның дәйекті дамуына зор үлес қостыңыздар. Еліміз үшін осы бетбұрысты сәтте заңды құқықтарын пайдаланып, өздерінің ұстанымдарын айтқан бүкіл азаматқа ризашылығымды білдіремін. Ата Заңға өзгерістер енгізу реформаларымыздың соңғы сатысын емес, енді басталғанын білдіреді. Біз елімізді жан-жақты жаңғыртуды жалғастырамыз. Жаңартылған Конституция негізінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастырамыз. Олардың арасындағы үйлесім мен тепе-теңдік механизмін нығайтамыз. Дәйекті саяси жаңғыру ұлттық экономиканы дамытуға, ұлттық кәсіпкерлікті нығайтуға ықпал етеді. Енді біздің алдымызда ашық әрі әділетті экономика құрып, заңнамаға реформа жүргізу міндеті тұр. Қолдан жасалған монополияларды түбегейлі жойып, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою маңызды. Біз кәсіпкерлердің бастамаларына қолдау көрсетіп, жекеменшікті сақтап, бәсекелестікті күшейтуіміз керек. Алдымызда экономиканы шынайы әртараптандыру бойынша ауқымды жұмыстар тұр. Жоғары өнімді ауылшаруашылығы мен қуатты көлік-логистика жүйесін дамыту, барлық салада цифрлық экожүйе қалыптастыру үшін шаралар қабылдау қажет. Еліміздің орнықты дамуының негізгі қозғаушы күші еңбек, білім және азаматтық белсенділік болуға тиіс. Тек сонда ғана өзін-өзі қамтамасыз ететін орта тап пен тиімді экономика қалыптастыра аламыз. Бұндай экономика кірісті әділетті бөлуге, сапалы жұмыс орнын ашуға, тұрмыс сапасын тұрақты арттыруға және барлық азаматтардың толыққанды жетілуіне мүмкіндік береді. Мемлекеттік аппаратты жаңғыртып, бюрократиядан барынша арылту үшін жүйелі жұмыс жалғасады. Біз қоғамның барлық өкілдерінің талап-тілектеріне жауап беретін озық мемлекет құруымыз керек. Басқару жүйесінің тиімділігі жұмыстың барысымен емес, түпкі нәтижемен өлшенетін болады. Мемлекеттік аппарат бизнеспен, үкіметтік емес ұйымдармен және азаматтармен тығыз жұмыс істеуге баса назар аударуға тиіс. Сол арқылы ел мүддесіне сай тиімді шешімдер қабылданып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы жақсара түседі. Мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек. Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз. Конституциялық реформа бүкіл құқық саласын жаңғыртуға жол ашады. Парламент пен Үкімет Конституцияға енгізілген өзгерістерге сай Заңнамаға тиісті өзгертулер енгізуі қажет. Қазақстанда тиімді құқық қорғау және сот жүйесін құруға мүмкіндік беретін реформалар әзірленуге тиіс. Мұны әлемдік тәжірибені ескере отырып жүзеге асырған жөн» деп атап өтті Президент.
Жаңғыру жолы
Жалпыхалықтық референдумнан кейін жаңғырудың жаңа қадамы басталды. 2022 жылғы 20 қарашаға белгіленген Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы осындай оң өзгерістердің бірі еді. Ата Заңның жаңа талабына сәйкес Мемлекет басшысы жеті жылдық бір ғана мерзімге сайланатын болды. Сайлау науқаны үш айға жуық уақытқа созылды. Еліміздің болашағына қатысты әралуан пікірталастар өрбіді. Саяси алаңға жаңа тұлғалар шықты. Осы тұста азаматтық қоғамның белсенділігінің артқаны айқын аңғарылды. Ал дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 81,31 пайызы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдады. Ұлықтау рәсімінде сөз сөйлеген Мемлекет басшысы сайлау саяси партиялар және қоғамдық ұйымдардың маңызды сәтте жұдырықтай жұмыла алатынын көрсеткенін айтып, осы ретте өзін қолдап дауыс берген халыққа рақметін жеткізді. «Өткен Президент сайлауы нағыз патриоттық шара болды. Сайлау азаматтарымыздың ел тағдырына бей-жай қарамайтынын көрсетті. Бұл әділдік идеясының және халықтың ерік-жігерінің салтанат құрғанын, елімізді жан-жақты жаңғырту үдерісі басталғанын білдіреді. Сайлау Қазақстандағы электоралды процестің ашықтығы мен әділдігін жаңа деңгейге көтерді. Сондай-ақ біздің қоғамның саяси мәдениеті мен кемелдік дәрежесі жоғары екенін танытты. Халық сайлау учаскелерінде алдағы жеті жылға арналған мемлекетті дамыту бағдарламасына оң баға берді. Маған сенім артқан барша отандасыма шексіз ризашылығымды білдіремін. Президент лауазымында елімізге адал қызмет етуге дайынмын. Бұл – зор абырой әрі үлкен жауапкершілік. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Алдағы жеті жылда халықтың зор сенімін ақтау үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын. Енді біздің ортақ мақсатымыз – заң мен тәртіп үстемдік құратын, азаматтардың құқығына лайықты құрмет көрсетілетін Әділетті Қазақстанды құру. Қоғамды трансформациялап, Қазақстанды шынайы демократиялық институттары дамыған елге айналдыру үшін ауқымды жұмыс атқаруымыз керек. Сонда ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып, қастерлі тәуелсіздігімізді нығайтамыз. Қазір біз осы қиын-қыстау жолдың басында тұрмыз. Алдымызда атқаратын жұмыс көп. Әрбір азамат елдің болашағы үшін өз жауапкершілігін сезінуге тиіс. Мемлекеттік саясатымыздың негізгі бағыты – білім беру ісінен бастап индустрияландыруға дейін қоғамның барлық саласын жаңғырту. Еліміздің ұзақ мерзімді экономикалық өсімінің негізін жаңа технологиялар, жоғары еңбек өнімділігі, азаматтардың шығармашылық бастамалары құрайды. Басты міндет – іскер азаматтарымыздың кәсіпкерлік рухына зиянын тигізетін жасанды кедергілер мен шектеулердің бәрін жою. Кәсіпкерлер бизнеске жүргізілетін себепсіз тексерулерді біржолата ұмытуы қажет. Олар тек салық органдарының алдында ғана есеп береді. Мемлекет пен бизнес – сенімді серіктестер. Шағын және орта бизнестің дамуына заңсыз кедергі келтіретіндердің бәрі заңға сәйкес қатаң жауапқа тартылады» деді Қ.Тоқаев. Конституциялық реформаларды іске асыруға қажетті заңнамалық базаны жетілдіруде Қазақстан Республикасының Парламентіне зор сенім артылатындығы айтпаса да түсінікті. Сондықтан да көп ұзамай 2023 жылғы 14 қаңтарға Сенат депутаттарының сайлауы тағайындалды. Ал 19 наурызға белгіленген Мәжіліс және мәслихаттар сайлауында кандидаттардың партиялық тізімнен бөлек бірмандаттық округтер бойынша өзін-өзі ұсынуына мүмкіндік берілді. Биылғы сайлау науқаны мұнымен шектеліп жатқан жоқ. Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімін сайлау шаралары да тұрғындардың аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына деген көзқарасын нығайтуға септігін тигізуде. Осы жылдың өзінде біздің облысымызда бірнеше ауыл әкімі сайлау нәтижесі арқылы қызметке кірісіп кетті. Мысалы, 2 сәуірде өткен Қордай ауданының Ноғайбай би ауылдық округінінің әкімін сайлауға үш үміткер қатысып, тіркелген 1525 сайлаушының 1108-і дауыс берген. Көпшіліктің қолдауымен 1993 жылы туған, Ноғайбай ауылдық округінің әкімі аппаратының бас маманы болып қызмет атқарып келген азамат Ер-Серік Ешмұрат округ әкімі болып сайланды. Сол сияқты Шу ауданындағы Шу қаласының, Жаңақоғам ауылдық округінің, Қордай ауданындағы Қордай, Сарыбұлақ және Масанчи, Сарысу ауданындағы Жайылма, Байзақ ауданындағы Түймекент, Үлгілі, Жуалы ауданындағы Қошқарата және Ақсай, Мойынқұм ауданындағы Ақбақай, Талас ауданындағы Ойық, Т.Рысқұлов ауданындағы Көгершін, Жамбыл ауданындағы Қарасу ауылдық округтерінің әкімдері де халықтың дауыс беруімен қызметтің тізгінін ұстады. Алдағы тамыз айында Жамбыл, Жуалы, Мойынқұм, Шу және Қордай аудандарында тағы да бірқатар ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтеді.
Бақыт Жалғас