Мақсатымыз – қылмысты азайту
Мақсатымыз – қылмысты азайту
Баспасөз мәслихатында ол облыста жалпы қылмыстың азайғанын мәлім етті. Атап айтар болсақ, қарақшылық 57,1 пайызға, бопсалау 33,3 пайызға, ұрлық 33 пайызға, алаяқтық 12,5 пайызға азайып, көшелердегі қылмыстар саны 15,8 пайызға қысқарған. Ал интернет алаяқтығы 40,6 пайызға төмендеген. – Прокуратураның қадағалау қызметі жаңа тәсілдер арқылы облыстағы жүйелі мәселелерді шешуге бағытталады. Оның екі түрлі механизмі бар. Біріншісі – проблеманы анықтау, екіншісі – оның себептерімен жұмыс істеу. Қылмыстың жолын кесу бойынша өңірде «Тараз – қауіпсіз қала» бағдарламасын сәтті жүзеге асырып келе жатқанымызға биыл үшінші жылға аяқ басып отыр. Бұл бағдарлама прокуратураның бастамасы бойынша қоғамның, мемлекеттік органдардың ой-пікіріне сүйене әзірленіп, мәслихатпен бекітілген болатын. Нәтижесінде Тараз қаласында 10 мың тұрғынға шаққанда құқық бұзушылықтар саны 2 есеге азайды. Бұл облыс орталықтарының қылмыс көрсеткіштері арасындағы ең төмен деңгейдің көрсеткіші, – деді облыс прокуроры Нұрғалым Мәжитұлы. Сондай-ақ ол халықтың мұң-мұқтажын тыңдау үшін «Сенім маршруты» жобасының да іске қосылғанын атап өтті. Ал халықпен диалог құрып, тұрғындардың өтініштерін қараудың нәтижесінде жалпы 3771 жолданым қаралып, оның 1672-не жауап беріліп, оның 301-і нақты шешімін тапқан. Сонымен қатар жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген «Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл» жобасы да сәтті жүзеге асып жатқанын жеткізді баяндамашы. – Биыл наурыз айында «Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл» жобасы аясында Ұлттық қауіпсіздік департаментімен бірлескен жұмыстарының нәтижесінде Байзақ ауданында аса ірі мөлшердегі, яғни 34 келі мефедрон синтетикалық есірткі затын сату мақсатында заңсыз дайындап, сақтаған 5 адамнан тұратын қылмыстық топтың әрекеттері әшкереленді. Қылмыстық топ 3 айдың көлемінде аудан аумағында жасанды лабораториялық цехта синтетикалық есірткі дайындап, өткізу мақсатында жұмыс жасаған. Тінту барысында дайын синтетикадан басқа, 2 тонна прекурсор тәркіленді. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабымен қылмыстық іс тіркеліп, күдіктілер қамауға алынды. Сонымен қатар бір жарым айдың ішінде ескірткіні жарнамалайтын 400-ден аса тарату сілтемелері анықталып, олардың 100-і толығымен жойылды. Сондай-ақ кеше ғана облыс әкіміне, мәжіліс депутаттарына және құқық қорғау органдары басшылығына «NARKO SHEKTEU TARAZ» телеграм-боты таныстырылып, оны енгізу және іске асыру бойынша бірлескен жоспарға қол қойылды. Платформаның негізгі мақсаты – есірткінің заңсыз айналымын барынша азайту, халық арасында есірткі айналымы мен тұтынуына теріс көзқарас қалыптастыру, – дейді Н.Әбдіров.
Шапағат ӘБДІР