Сарысу көшелерін «Сергек» камералары күзетпек
Сарысу көшелерін «Сергек» камералары күзетпек
Сарысу аудандық полиция бөлімінің мәжіліс залында Мемлекет басшысының алқа мәжілісіндегі жүктеген міндеттері мен «Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында аудан әкімі Сәкен Мамытов аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен кездесу өткізді. Жиынды аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Асхат Алметов жүргізіп, полиция бөліміне жүктелген міндеттер мен тапсырмалардың орындалуында жергілікті әкімдіктің ықпалы көп екенін жеткізді. Сонымен бірге тұжырымдамадағы 7 бөлім, 19 міндет бойынша ауданда атқаруға тиіс мәселелер бойынша баяндама жасап, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған қоғамдық орындардағы модульдік бекеттер, учаскелік пунктер, сервистік орталықтардың жұмысын жүргізу үшін аудан басшысының қолдауы мен көмегі қажет екенін жеткізді. Аудандық полиция бөлімінің бастығы сондай-ақ сервистік модель аясында полицияның халықпен өзара іс-қимылы ең алдымен ішкі істер органдарына деген сенімге негізделуі үшін барлық қажетті шаралар қабылданатынын атап өтті. Аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы Мемлекет басшысының тапсырмалары орындалатынын жеткізіп, қазіргі уақытта Жаңатас қаласына тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Сергек» камерасын іске қосу бойынша жергілікті бюджеттен тиісті қаражаттың бөлінетінін айтты. Сондай-ақ аудандық полиция ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу үшін қажетті құжаттарды реттеуді тапсырды. Бүгінгі таңда ауданда 14 учаскелік полиция пункті бар.
«AR-AI»-ақпарат