Сенатор мәслихат депутаттарымен кездесті
Сенатор мәслихат депутаттарымен кездесті
Алдымен Байзақ ауданына барған сенатор «Amanat» партиясының аудандық филиалында аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті. – Сенат депутаттары қазіргі уақытта ел өмірінде ерекше орын алатын маңызды заңдарды қарастыруда. Өздеріңіз білетіндей, жақында өткен Сенаттың жалпы отырысында палата төрағасы Мәулен Әшімбаев сессия жұмысын қорытындылады. Сегізінші шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясы наурыз айының соңында ғана басталды. Осы уақыт ішінде жоғарғы палата Мемлекет басшысының елімізді жаңғыртуға арналған реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыстар атқарды. Үш ай мерзімде 25 заң қабылданды. Оның ішінде жалпыға бірдей декларациялау бар. Қолыңыздағы мүліктің бағасы турасында мемлекет алдында есеп беру азаматтардың заң алдындағы міндеті. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Құжат аясында электр самокаттармен жолда жүру тәртібі реттеледі. Заң бойынша «электрондық самокат» ұғымы енгізіледі. Палата сонымен қатар бұрын қабылданған заңдарға да түзетулер енгізеді. Қабылданатын заңдардың сапасын қамтамасыз ету мақсатында біз халықпен белсенді қарым-қатынас жасап келеміз. Заңдардың жүзеге асу барысын көзімізбен көру үшін ең шалғай ауылдық елді мекендердің тұрғындарымен кездесулерге барамыз. Осы жылдың өзінде облыстан 87 өтініш келіп түсті. Жеке өзіме 25 өтініш келді. Мәселен «Қазфосфат» ЖШС-ның 12 жұмысшысы менімен жолығып, қаржы мәселесіне қатысты шешілмей жүрген базынасын айтты. Өтінішті тыңдап, сол 12 адамның мәселесін заң жүзінде шешіп бердік, – деді Б.Орынбеков. Сондай-ақ жыл басында Талас ауданына арнайы іссапармен барған Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қаратау қаласындағы «Игілік» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында мазут қондырғылары мен екі бу қазандығы қайта жаңғыртуды қажет ететінін өз көзімен көріп қайтқан. Алайда оған кәсіпорынның қаржылық мүмкіншілігі жетпей отырған болатын. – Бұл мәселе де Сенат назарына алынып, жақын арада шешілмек. Мазутты газға ауыстыратын болғандықтан ол да уақытты алады. Осы секілді сіздердің ауданда да халықтың жағдайын жақсарту үшін көтерген бастамаларыңыз қолдаусыз қалмайды, – деді сенатор. Мұнан соң аудан депутаттары өздерін мазалаған сұрақтарын қойды. Аудандық мәслихаттың хатшысы Бақтияр Ақбаев аудандық полиция бөлімі қызметкерлеріне жаңа форма, видеотіркеу құрылғылары керек екенін айтты. Ал аудандық мәслихат депутаты Құралай Үкібаева Бурыл ауылы қалаға жақын болғандықтан, халық саны жылдан-жылға артып, сол себепті мектеп тапшылығы сезіліп жатқандығын жеткізді. Ал аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Мырзағали Мəдімаров ауруханада маман тапшы екенін тілге тиек етті. Жас дәрігер мамандардың ауданда тұрақтамауының басты себебі баспана мәселесінің шешілмеуі. Жастарға баспана алғанға 5 миллион теңге қаражат бөлінгенімен, ол ақшаға үй ала алмайтыны белгілі. Депутаттардың өтініштеріне құлақ түрген Б.Орынбеков бұл мәселелерді тиімді шешу жолдарымен бөлісті. Сондай-ақ ұсыныстар назарға алынып, қажет болған жағдайда заңнамаға өзгерістер енгізетінін айтты. Сенатордың жергілікті мәслихат депутаттарымен кездесуі Жамбыл ауданында жалғасын тапты.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ