ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ ЕЛ АРАЛАДЫ
ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ ЕЛ АРАЛАДЫ
Байзақ аудандық орталық ауруханада Динара Наумова ем алушылармен және медицина қызметкерлерімен әңгімелесіп, палаталарды аралап, материалдық-техникалық базамен танысты. Аурухананың бас дәрігері Жандос Рысқұлов тар бейінді мамандардың жетіспейтіні, сондай-ақ техниканың тозуы сынды мәселелер бар екенін атап өтті. Сарыкемер ауылында Д.Наумова кәсіпкер Гүлсары Алмағамбетованың шаңырағына барды. Мемлекеттік бағдарлама аясында қайтарымсыз грант алып, тігін шеберханасын ашқан қолөнер шебері өзінің біраз өнімін көрсетті. Ісін енді бастаған кәсіпкер алдағы уақытта ауылдастарын жұмысқа қабылдауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ халық қалаулысы аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында болып, ерекше қажеттіліктері бар келушілерге жасалған жағдаймен танысты. Одан соң Динара Наумованың жұмыс сапары Т.Рысқұлов ауданында жалғасып, Құлан ауылында көпбалалы аналармен еркін форматта кездесті. Көпбалалы аналар мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік қызмет көрсету, инклюзивті білім беруді дамыту мәселелерін көтерді. Динара Рустамқызы мүгедектер мен қарттарға арналған күндізгі бөлімдегі жартылай стационарлық үлгідегі оңалту орталығының жұмысын көзбен көрді. Мұнан кейін «Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсіп бастаған кәсіпкерлермен кездесті. Мәжіліс депутаты келесі күні Тараз қаласындағы К.Әзірбаев көшесінде орналасқан бұрынғы онкология және хирургия орталығына барды. Мекеме алдағы уақытта аутизм және басқа да менталды бұзылыстары бар балаларға арналған орталық болмақ. Әзірге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Орталық қазан айында ашылады. Онда 110 бала ем алады деп жоспарланып отыр. Аутизм және басқа да менталды бұзылыстары бар балаларға арналған орталықтың директоры Рашида Каримованың айтуынша, мұндай орталықтарға бүгінде сұраныс жоғары. – Балалардың дені туабітті аутизмге шалдыққан немесе жүре келе пайда болған аурулармен ауырады. Әзірге 30 шақты бала ескі ғимаратымызда ем алып жатыр. Егер балалар ерте жастан емделетін болса, 60-70 пайызының денсаулығы жақсара түседі. Көптеген отбасы үшін мамандардың білікті көмегі қолжетімді емес немесе тым қымбат. Бұл мәселе аутизмі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар арасында бүгінде өткір мәселеге айналған. Сондықтан мұндай орталықтардың қызметі аутизмнің ауыр түрлерімен ауыратын балаларға ұзақ мерзімді көмек көрсетуге мүмкіндік береді, – деді ол. Одан соң халық қалаулылары облыстық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығына ат басын бұрды. Мұнда «Даун синдромымен» ауыратын 68 ерекше бала ем алады екен. 75 қызметкер оларға қызмет көрсетеді. Орталық директорының орынбасары Дана Сұлташева ерекше балалар ем алатын сенсорлық бөлмелермен, психолог, дефектолог, логопед мамандардың жұмыстарымен таныстырды. Мұнда 1 жастан 18 жасқа дейінгі балалар ем алады. – Өзім де кішкентай күнімнен сал ауруымен ауырамын. Аурудың не екенін бала күнімнен білемін. Ем алу, түрлі қызмет түрлерін қабылдау деген басымнан көп өткен. Қазір шүкір, емделдім. Бүгінде мен өз армандарымды орындап, Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде өзім секілді жандарға, әсіресе мүмкіндігі шектеулі балаларға, оларды қарап отырған аналардың пікіріне құлақ асып, уәждерін тыңдап, Парламентте мәселе көтеріп, шешілгенін қалаймын. Сол себепті Қазақстанның барлық облыстарын аралап жүрмін, – деді халық қалаулысы. Сондай-ақ Динара Рустамқызы «Анаға тағзым» орталығында көпбалалы және мүгедек балалары бар аналармен кездесті. «Алқа» мәжіліс залында өткен жиында Гүлнар Боранбаева есімді ерекше баласы бар ана эпилепсияға қарсы дәрі-дәрмектердің жеткізілмей жатқанын, баласының ауруы қозғанда дәрі таппай қалатынын айтты. Ал жыл сайын атаулы көмек алушыларға тұрақты комиссия мүшесі болатын Шынар Ілебаева атаулы әлеуметтік көмектің шын егелеріне жетпей жатқанын жеткізді. Аяқ-қолы балғадай ер адамдарға жоғары жалақысы бар жұмыс ұсынса да еріншектікке салынып, үйде отырғандарын қынжыла айтып өтті. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қағаз жүзінде ай сайын мүгедектігін растап тұруы – барша аналардың жеткізген мұңы болды. «Күннің аптап ыстығында не қақаған суықта бір жапырақ қағаз үшін сандалып жүреміз, осы мүгедектікті растау қағазын онлайн жасауға немесе растамаса болмай ма?» деп қапа болған Гүлнар Еділбаеваға бұл мәселенің қаралып жатқанын, жақын арада шешімін тауып қалатынын жеткізді.