Су қоймалары мен бөгеттер қатаң бақылауда
Су қоймалары мен бөгеттер қатаң бақылауда
Алдымен облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков күн тәртібіндегі мәселе туралы баяндады. Басқарма басшысы су шаруашылығы жүйелерін қалпына келтірудің өңірлік жол картасы аясында облыс бойынша 257 су шаруашылығы нысанына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланғанын айтты. Коммуналдық меншіктегі 250 нысанның 56-сының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленсе, 74-інің сметалық құжаттарына аудандық бюджеттен қаржы қарастырылып, қазіргі таңда дайындалып жатыр. Қалған 120 нысанның құжаттарын дайындауға аудан әкімдіктері қаражат қарастырмаған. Сондай-ақ 56 нысанның 13-іне аудан әкімдіктері 2022-2023 жылдары аудандық бюджеттен механикалық тазалау жұмыстарын жүргізген. Оның ішінде Жамбыл ауданындағы 6 канал, Мойынқұмдағы 7 канал тазартылған. Тағы 6 каналға, атап айтқанда Шудағы – 4, Жуалыдағы – 1, Сарысудағы 1 каналға қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге осы жылы облыстық бюджеттен 312,9 миллион теңге қаражат бөлініпті. Қалған 37 каналды «Қазсушар» РМК облыстық филиалының теңгеріміне өткізу процесі жүріп жатыр. – Осы жылдың басынан басқармаға қарасты «Талас-Аса» су шаруашылығы кәсіпорны жалпы ұзындығы 6,1 шақырымды құрайтын 12 нысанда қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Атқарылған жұмыстардың құны 29 097 мың теңгені құрайды. Жоғарыда баяндалғанның негізінде коммуналдық меншіктегі жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуі тиіс 120 нысанның құжаттарын сараптама қорытындысымен дайындауды аудан әкімдіктеріне тапсыруыңызды сұраймыз. Одан бөлек, Шу, Жуалы, Сарысу ауданы әкімдіктеріне облыстық бюджеттен каналдарды қайта жаңғыртуға бөлінген қаражатты жыл соңына дейін игеру жөнінде тапсырма беруіңізді сұраймыз, – деді Н.Рахметқанұлы. Мұнан соң облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев баяндама жасап, «Жамбыл су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгеріміндегі су қоймалары мен бөгеттердің жайын баяндады. Өңірде 113 су қойма мен бөгет тіркелген. Оның ішінде 76-сы – су қоймасы, 37-сі – су бөгеттері. Жалпы өңірдегі апатты жағдайда тұрған 23 су қоймасының 13-і 2021-2022 жылдары жөндеуден өтсе, қалған апатты су қоймаларында биыл жөндеу жұмыстары қолға алынған. Облыста алдағы жылдары су тапшылығы мәселесін шешу мақсатында 11 су қоймасының құрылысы жоспарланған. «Жамбыл су қоймалары» КММ теңгеріміндегі жаңадан соғылатын сегіз су қоймасына «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-мен ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп, құрылыс жүргізуге оң қорытынды алынған. Басқосуда «Қазсушар» РМК облыстық филиалының су пайдалану бөлімінің басшысы Қайсар Бестерековтің де есебі тыңдалды. Оның айтуынша, облыстағы вегетациялық кезеңде судың 85 пайызы Қырғыз Республикасынан келеді. Облыстың 5 ауданы трансшекаралық Талас және Шу өзендерінің суына тәуелді. Нақтырақ айтсақ, Қордай, Меркі аудандары Шу өзені бойынша және Байзақ, Жамбыл және Талас аудандары Талас өзені бойынша суға тәуелді. – «Қырғызгидрометтің» вегетациялық кезеңге арналған алдын ала болжамы Шу және Талас өзендерінің сулылығы бойынша расталған жоқ. Таулардағы түнгі салқын ауарайы мұздықтардың еруіне теріс әсерін тигізіп жатыр. Мысалы, «Киров» су қоймасына түсетін су көлемі өткен жылғы көрсеткіштердің 2-3 пайызын ғана құрады. Демек секундына 40-55 текше метр орнына 1,5 текше метрді құрап отыр. Сәуір айынан бастап бүгінгі күнге дейін «Киров» су қоймасына шамамен 150 миллион текше метрге аз түскен. «Ортотокой» су қоймасындағы жағдай да осыған ұқсас. Су тапшылығына байланысты «Киров» және «Ортотокой» су қоймаларынан шығып жатқан судың көлемі азайтылмаса, шілденің аяғында немесе тамыз айының басында-ақ түбі көрінуі мүмкін, – дейді Қ.Бестереков. Осы жылдың 10 шілдесіндегі жағдай бойынша «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жамбыл филиалы 93,6 мың гектарға суармалы су жеткізуге шарт жасасқан. Негізгі дақылы жоңышқа – 38,3 мың гектар, жүгері – 15 мың гектар, пияз және сарымсақ – 9,2 мың гектар, қант қызылшасы – 6,1 мың гектар, көкөністер 4,7 мың гектар және бақша 4,2 мың гектар, қалған 16,1 мың гектар басқа дақылдарды құрайды. Баяндамашылардың есебін тыңдаған облыс әкімі барлық жұмыстар сапалы әрі жоспарлы мерзімінде орындалу керектігін ескертіп, жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуде немқұрайдылық танытып отырған аудан әкімдері мен басқарма басшыларының жұмысын сынға алды. Құжаттарды уақыт созбай әзірлеуді, каналдарды жаңғыртуға облыстық бюджеттен бөлінген қаржыларды жыл соңына дейін игеруді тапсырды. Аймақ басшысы бұл жұмыстардың суармалы су мәселесін шешудегі әсерін айрықша атап өтті. Сондай-ақ Нұржан Нұржігітов суармалы су тапшылығы ауарайына, көрші елден келетін су көлеміне байланысты екенін де тілге тиек етіп, су каналдарын жөндеу, жаңа су қоймаларын салу, ұңғымаларды қазу жұмыстарының маңыздылығына да тоқталды. Қолда бар су көлемін арнайы кесте арқылы кезекпен беру, заңсыз су сорғыларын орнатуға жол бермеу мәселелеріне назар аудартты. – Біз көктемгі дала жұмыстары кезінде шаруалар мен «Қазсушар» мекемесінің су жеткізу бойынша арнайы келісімге отыру керектігін ескерткенбіз. Соған сәйкес, шаруалар да түсіністік танытып, егіс алқаптарына суды әр шамада қажет ететін дақылдардың түрін есеппен отырғызуы керек еді. Қазір судың жетіспеушілігін айтып шағымданған шаруалар жоқ емес. Демек бұл ретте «Қазсушар» мекемесі мен аудан әкімдіктерінің үйлестіру жұмыстары өз деңгейінде орындалмаған, – дей келе Нұржан Нұржігітов жауаптылардың сылбыр жұмысына тиісті баға берілетінін баса айтты. Сондай-ақ кеңестің күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша орындаушылық тәртіп қаралды. Облыс әкімі аппараты өңірлік бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық жұмысы бөлімінің бас инспекторы Жарқын Әбдіжапар мен облыс әкімінің кеңесшісі баяндама жасап, аймақ басшысының аудандардағы жұмыс сапары барысында берген тапсырмаларының орындалу деңгейі қаралды. – Біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес былтырдан бері аудан, ауылдардағы тұрғындармен кездесіп жүрміз. Аудандағы іссапарлар мен кездесулердегі, жеке қабылдаудағы азаматтардың өтініштері мен көтерген мәселелерін заң аясында нәтижелі шешуіміз тиіс. Дегенмен ол мәселелер қаншалықты шешіліп жатыр, сапасы ойдағыдай ма? Біз енді осы сұрақтарға жауап ретінде, тұрақты түрде талдап, тапсырмалардың орындалуын бақылап отырамыз. Әр басшы ай сайын кемінде бір азаматтың мәселесін шешуі керек деген міндет те назардан тыс қалмайды, – деп түйіндеді Нұржан Нұржігітов.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ