«БАЛАЛАР ЖЫЛЫ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАУЫ КЕРЕК»
«БАЛАЛАР ЖЫЛЫ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАУЫ КЕРЕК»
Алдымен облыс басшысы Нұржан Молдиярұлы облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы болып тағайындалған Марат Абдраимовты таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұхаммед Ниязбековтің баяндамасы тыңдалды. Нұрмұхаммед Мәделіұлы қоғам белсенділері мен тұрғындардың «Facebook» әлеуметтік желісіндегі басқарма басшылары мен аталған мәселеге жауапты мамандар тарапынан уақытында жауап берілмеген арыз-шағымдарын тізді. Слайдта көрсетілген әрбір мәселені мұқият тыңдаған облыс әкімі жауаптыларды сын тезіне алып, шешім шығаратын кезде дұрыстап зерделеуді тапсырды. Мұнан соң сөз алған облыс әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Асқарұлы облыс әкімінің баспасөз қызметі аудан әкімдері мен басқарма басшыларының әлеуметтік желідегі ресми парақшаларындағы кері байланыс және ақпарат тарату белсенділіктеріне зерделеу жүргізілгенін, нәтижесінде бірқатар кемшіліктердің кездескенін атап өтті. Д.Асқарұлы баяндамасында кейбір басқарма басшыларының әлеуметтік желідегі белсенділігі төмен екенін айтты. Сонымен бірге бүгінде аудандардағы баспасөз қызметіне жауапты мамандармен байланыс орнатылып, нәтижесінде аудан әкімдерінің, ауданның ресми парақшаларында нәтижелі жұмыс істеп жатқанын айта келе, осы қарқынды басқармалар да назарға алып, жұмысты жолға қойса деген ұсынысын жеткізді. Осы орайда Нұржан Молдиярұлы аудан әкімдері мен басқарма басшыларына бұл жұмысқа немқұрайды қарамау керектігін баса айтты. «Жамбыл обл ысы бірыңғай диспетчерлік қызметі» КММ жетекшісі Бақк елді Тұрсынбек күнделік ті жамбылдықтардан түсіп отырған өтініштердің мазмұны мен жауап берілу барысына тоқталды. Кешіктірілген өтініштер мен немқұрайды қарағандар туралы баяндады. Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова сөз алып, үш айдың қорытындылары туралы баяндады. Биылғы жылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысымен облыста экономикалық өсім 108,1 пайызды құраған. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласындағы өсім – 10, ауыл шаруашылығы – 0,4, құрылыс – 13,2, инвестиция – 0,2, сауда – 3,9, көлік 8,2 пайызды құрап, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі – 2,8, байланыс 0,9 пайызға төмендеген. Сонымен бірге өнеркәсіп өндірісінің көлемі 110 пайыз деңгейінде қалыптасыпты. Ауыл шаруашылығында 52,9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 100,4 пайызды құраған. 78,4 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 0,2 пайызға өскен. Құрылыс көлемі 25,9 миллиард теңгені құрап, 13,2 пайызға артқан. Тұрғын үй құрылысында 147,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Сауда айналымы 103,9 пайыз, байланыс қызметі 99,1 пайыз деңгейінде, көлік және қоймалау 108,2 пайыз деңгейінде, жүк тасымалы – 102,9, жолаушы тасымалы 124,7 пайыз деңгейінде қалыптасқан. Бюджет кірісі – 156,2 миллиард теңгеге орындалып, 106,4 пайызға, өзіндік кіріс – 37,8 миллиард теңгені құрап, 133,1 пайызға артыпты. Қаржының игерілуі 99,5 пайыз екенін айтқан басқарма басшысы Гүлдана Жауынбекова өңірлердің бөлінісіне тоқталды. «Өнеркәсіп өндірісі көлемін Шу (99,8 пайыз), Сарысу (99,1 пайыз), Жуалы (80,3 пайыз), Талас (75,4 пайыз) аудандарынан басқа барлық аудандармен өсім қамтамасыз етілді, ең жоғары қарқын Тараз қаласында (110,2 пайыз) байқалады. Ауыл шаруашылығы саласында Жамбыл (93,5 пайыз) ауданы бойынша көрсеткіш төмен қалыптасқан. Жоғарғы қарқын Т.Рысқұлов (103,1 пайыз) пен Сарысу (102,7 пайыз) аудандарына тиесілі. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі Меркі (94,6 пайыз), Жуалы (80,4 пайыз), Шу (68,2 пайыз), Мойынқұм (56,4 пайыз), Сарысу (49,2 пайыз), аудандарында төмен қалыптасқан. Құрылыс көлемі 25,9 миллиард теңгені құрап, 113,2 пайыз деңгейінде қалыптасты. Саладағы төмен қарқын Меркі (47,6 пайыз) ауданында тіркелген. Тұрғын үй құрылысында 147,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (97,2 пайыз). Өңірлер бөлінісінде Жамбыл (98,5 пайыз), Талас (38 пайыз) аудандарында төмен қалыптасқан, – деді баяндамашы. Аймақ басшысы көрсеткіші төмен аудандардан жауаптар алып жұмысты ширатуды тапсырды. Мұнан соң сөз алған қаржы басқармасының басшысы Жақсылық Сапаралиевтің айтуынша, осы жылдың 1 мамырына облыс бюджетінің кірістері 156,2 миллиард теңгеге немесе 106,4 пайызға орындалған. Сонымен қатар меншікті кірістер жоспары 28,4 миллиард теңге болса, 37,8 миллиард теңгеге немесе 133,1 пайызға орындалып, бюджетке 9,4 миллиард теңге жоспардан артығымен түскен. Меншікті кірістер жоспары жергілікті бюджеттердің барлығында артығымен орындалған. Атап айтқанда, өткен жылмен салыстырғанда меншікті кірістердің өсімі 120,6 пайызды немесе 6,4 миллиард теңгені құрап отыр. – Жалпы, облыс бойынша бюджеттік қаражаттар 151,1 миллиард теңгеге немесе 99,5 пайызға игерілді, игерілмегені – 695,5 миллион теңге. Бұл республика бойынша өңірлер арасындағы 4-ші көрсеткіш. Республика өңірлерінің ішінде қаражаттарды игеру көрсеткішіміз жаман емес. Дегенмен біз бұдан жоғары көрсеткіштер күткенбіз. Кейбір бағдарлама әкімшілері өздерінің дегендеріне жете алмады. Осыған байланысты ағымдағы жылға бөлінген қаражаттардың игерілу көрсеткіштерін арттыру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап, мәселені күнделікті бақылауда ұстауларыңызды сұраймын, – деп қорытындылады өз сөзін басқарма басшысы. Балалар жылы бойынша атқарылған жұмыстар және жоспар туралы мәселеге қатысты облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозовтің де баяндамасы тыңдалды. – Мемлекет басшысының 2022 жылғы 19 қаңтардағы «Балалар жылын жариялау туралы» №780 Жарғысына және Үкіметтің 2022 жылғы 20 наурыздағы №148 қаулысымен бекітілген «Балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына» сәйкес облыста жұмыстар жүргізілуде. 8 бөлімнен тұратын облыс әкімдігінің ведомствоаралық іс-шаралар жоспары бекітілді. Олар: «Білімді бала», «Отбасы – қауіпсіз мекен», «Дені сау бала», «Жетімсіз ел», «Жайлы мекен», «Бала қорғау», «Балаларға қызмет», «bala_time.kz». Балалар жылына орай балалардың алаңсыз, сапалы білім алуына барлық жағдайлар жасалуда. Облыс мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа мектептер соғылып, апатты, үш ауысымды, оқушы орны тапшылығы бар мектептердің мәселесі лайықты шешімін тауып жатыр, – деді Бейқұт Тілебалдыұлы. Қазіргі таңда облыста 1 апатты, 3 үш ауысымды, 2 орын тапшылығы бар мектептер бар. Биыл 16 білім нысанының құрылысын жүргізуге 8,5 миллиард теңге қарастырылды (15-і мектеп, біреуі мектептен тыс мекеме). Соның есебінен 2 үш аусымды, 2 орын тапшылығы, 6 тозығы жеткен мектептердің мәселесі шешілетін болады. Қысқасы, басқарма басшысы жасалып жатқан бұл жағдайлар облыстың білім саласында бірқатар жетістіктерге жетуге мүмкіндік беріп жатқанын алға тартты. – Іс-шаралар жоспарының «Дені сау бала» бағыты бойынша мектеп асханаларында балалардың ыстық тамақпен қамту үлесін арттыру көзделген. Биылғы оқу жылында 1-11-сынып аралығында жекелеген санаттағы 47601 балалар бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Оның ішінде 23508-і бастауыш сынып оқушылары (1-4-сынып). Білім беру ұйымдарында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға жағдай жасау – басты назарда. Облыс бойынша 28 арнайы ұйымдарда ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар 6403 (81 пайыз) балаға қызмет көрсетілуде. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтік бейімдеу мақсатында облыстың білім беру ұйымдарында өткен оқу жылында қайырымдылық қорлары есебінен 80 миллион теңге көлемінде 5 ресурстық және инклюзивті қолдау кабинеттері (150 баланы қамтитын) ашылса, биылғы оқу жылында Тараз қаласынан «Аутизм орталығы» (150 балаға арналған) ашылып, материалдық-техникалық базалары жабдықталды. Сондай-ақ биыл Тараз қаласынан №2 педагогикалық-медициналық-психологиялық консультация ашу жұмыстары жүргізілуде. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – басты мақсат. Осы орайда, облыста 76 мектептен тыс қосымша білім беру мекемелері бар. Оқушылардың 83,7 пайызы қосымша білім берумен қамтылған. Өткен жылы Шу ауданында «Оқушылар сарайы», Тараз қаласында «Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығы» ашылды, – деді Б.Жамангозов. Баяндамашыға облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков, өткен жылмен салыстырғанда балаларға қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс арқылы қанша қаржы бөлінгенін және динамика өсіп-өспегені жайлы сауал жолдады. «Жалпы білім саласында қосымша үйірмемен қамту бойынша жыл сайынғы меже қойылып отырады. Өткен жылы жалпы қосымша біліммен қамту 70 пайызға орындалса, биылғы межеміз 75,5 пайызды құрайды. Бүгінде түрлі үйірмелер мен спорттық секцияларға қамту бойынша 83 пайызға жетіп отырмыз. Бұл жылдан-жылға балаларды қамтудың артып отырғанын көрсетеді. Өткен жылы «Артспорт» жобасы ережелері толық бекітілмеуіне орай тоқтап қалды. Ол жұмыстар басқарма тарапынан жүргізіліп жатыр», – деп жауап берді Б.Тілебалдыұлы. «Баяндамаңызды тыңдап шықтық. Балалар жылы болған соң ерекшелік күткен едік. Сіздің баяндамаңыздағы айтқандарыңыз жылда жасалып жатқан жұмыстар. Балалар жылы ескерусіз қалмауы керек», – деді облыс басшысы. Сонымен қатар облыстық білім басқармасы басшысына облыс әкімі қосымша үйірмелердің сапасын тексеру жұмыстарын жүргізуді, жазғы демалыс уақыттарында мектеп спорт залдарының ашық тұруын қадағалауды тапсырды. Жиынды қорытындылай келе облыс әкімі тағы да бірқатар мәселені пысықтап, орынбасарлары мен құзырлы орын басшыларына тапсырмалар берді.
Айжан ӨЗБЕКОВА