Жаңалықтар

АҚША МЕН БАЛА

АҚША МЕН БАЛА

Бүгінгі қоғамда халықтың көпшілігі бір айлық жалақымен күн кешіп жүр. Азын-аулақ отыз күндік жұмысымыздың жалақысын қалайша бәріне жеткізіп, одан бөлек сақтап, көбейтуге болады? Әлем қаржыгерлерінің кеңесі бойынша, айлықтың 15 пайызын сақтай білген жөн екен. Ата-ананың өзі қаржылық сауатын дұрыстамай тұрып балаға бизнес әліппесі, табыс көзі, ақшаны көбейту сынды сұрақтарға қалай жауап берсін?! Күнделікті дүкенге қарай сүйрей жөнелетін кішкентай балаға ақшаның құдіретін қалай айтып түсіндіруге болады?

Әлемде қаржылық сауат жөнінен батыс елдері бірінші орында екен. Ұлыбритания билігі 2008 жылы басталған дағдарыс салдарымен күресу мақсатында қаржылық сауат дәрістерін бастауды ұйғарды. Алғашында «Ақшаны басқару» атымен қосымша ретінде оқытылып, кейін математика пәніне курс ретінде енгізілді. 2014 жылы ел мектептерінде қаржылық сауат жеке міндетті пәнге айналды. Бастауыш мектепте балаларға үш жыл бойы жеке шоттардың не екенін және оларды қалай жүргізу керегін үйретеді. Ал Чехиядағы бастауыш және орта мектептерде «Financni gramotnost» (қаржылық сауат) пәні оқытылады. Сабақ барысында балаларға ақшаның не екенін, жеке кіріс пен шығынды бөлу, бақылау және реттеуді түсіндіреді. Оқушылар салық, коммуналдық төлемдер, азық-түлік пен киім-кешекке жұмсалатын, тұрғын үй мен автокөлік сатып алуға жұмсалатын қомақты шығын, сондай-ақ қаражатты жинау, салу және жеке бизнесін ашу туралы ақпарат алады. Сондай-ақ Жапонияда 6-7 жаста бала тауардың немесе қызметтің құны қандай екенін түсініп, өз бюджеті шеңберінде сауда жасай алып, қалтадағы ақшаны үнемдей алуға тиіс. Ал 8-9 жасында қажеттіліктер мен мүмкіндіктерді ажырата біліп, бюджет көлемін түсініп, қаржы жоспарын жүргізе білуі қажет. 10-11 жасында жапондық оқушылар зат сатып алуды жоспарлау және оларды тиімді сатып алу мен депозит шарттары туралы да біліп шығады. Сонымен қатар 12-14 жаста оқушыларға үй шаруашылығының кірісі мен шығысы туралы айтылады, облигациялар мен кредит, тәуекел мен табыс туралы білім беріледі. 15-17 жас аралығында оқушыларға ақшаны қалай басқаруды және ұзақмерзімді қаржылық жоспарлауды үйретеді. Швецияда балаларға акциялар мен облигацияларды сыйлыққа беру қалыпты жағдай. Өйткені капитал баламен бірге өседі. Швецияда балаларды жынысқа бөлмейді және тек ботқа пісіруді ғана емес, сонымен қатар үй бюджетін жүргізуді бірге үйретеді. Бұл тақырып «үй экономикасы» деп аталады. Оның бағдарламасына өнімді сауатты сатып алуды үйрету, шотты төлеу және несие бойынша төлемді есептеу кіреді. Швецияда қарызға ақша алу және қарызға беру әдепсіздік саналады. Олар бар қаражатымен өмір сүру үшін мұқият жоспарлауға тырысады. Егер жаңа көлікке ақшасы болмаса, несие отбасылық бюджетке салмақ түсіретін болса, онда ескі көлікпен жүре береді немесе қоғамдық көлікті пайдаланады. Ал Қазақстанда қаржылық сауаттылық пәнін қолға аламыз дегелі біршама уақыт өтті. Алайда нәтиже көңіл көншітпейді. – Мектептерде медиасауаттылық деген қосымша пән бар. Қаржылық сауат соның ішіне кіреді. Тек қаржылық сауат ашу деген пән жоқ. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, Іскер әйелдер қауымдастығының, қаржы басқармасының мамандары кейде мектеп оқушыларына сабақ, тренинг өтеді. Мойындаймыз, ол аздық етеді. Біз де жоғары жаққа бағынамыз. Министрліктің айтқаны болады. Инвестиция, бағалы қағаздар, депозиттер, кредит, микроқаржы сынды түсініктемелерді түсіндіріп, кішкентай кезден ақшаны қалай жиюға болатынын үйретсе, құба құп, – дейді облыс әкімдігі білім басқармасы құқықтық қамтамасыз ету және педагог кадрлармен жұмыс бөлімінің бас маманы Маржан Арын. Кез келген отбасы – модель. Әкесі мен шешесі үнемі қарызға батып, несиесін төлей алмай жүрсе, болашақта бұл жағдай баласының басында қайталануы мүмкін. Бұл балаға темекі шекпе деп айтып алып, өзі темекі шеккенмен бірдей. Ата-ана қаржылық сауат туралы баласына айту үшін, ең алдымен, өзі сауатты болғаны жөн. Жалпы қаржылық сауаттылық дегеніміз отбасылық бюджеттен басталады. Отбасылық бюджет дегеніміз – қаржылық ортақ мақсат құра білу. Қарыз бен кредитке малынып, айлықтан шайлыққа дейін жүргеніміз өзімізге сын, балаға жаман үлгі. Сондықтан қаржылық сауатты болайық, ағайын!

Елдар БОРАНБЕК, облыстық халық шығармашылығы орталығының маманы