Әлеумет

МҰҚТАЖ ЖАНДАР МЕМЛЕКЕТ ҚАМҚОРЛЫҒЫНДА

МҰҚТАЖ ЖАНДАР МЕМЛЕКЕТ ҚАМҚОРЛЫҒЫНДА

Осыдан бірер жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын. Содан бері ерекше қажеттілігі бар адамды «мүгедек» деп айтуға заңмен тыйым салынды. Есесіне тағдыр тауқыметін тартып жүрген кембағалдарды «мүгедектігі бар адам» деп айтатын болды.

Сонымен қатар қоғамда «абилитация» деген де түсінік пайда болған еді. Осы орайда біз Шу ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлмира Керімбаеваға хабарласып, «абилитация» ұғымының мәнін сұрай отырып, бұл тұрғыда ауданда қандай шаруалар жүзеге асырылып жатқанын білген едік. Сөйтсек, «абилитация» мүгедектігі бар адамдарға медициналық сапалы қызмет көрсету, яғни реабилитациядағы ем-домның сапасын едәуір жақсартатын әлеуметтік-психологиялық, медициналық көмектің кең ауқымдағы түрі екен. Жалпы аталған ауданда мүгедектігі бар адамдардың мұқтаждығын өтеу, олар үшін қолайлы орта қалыптастыру, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына қолжетімділігін арттыру бағытындағы шаруалар сәтімен жүзеге асырылып жатыр екен. Мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау және оңалту шаралары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22 қаңтардағы №26 бұйрығына, Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуірдегі «Қазақстан Республикасындағы мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» №39 Заңына сәйкес жүзеге асырылатын көрінеді. – 2021 жылдан бастап «Мүгедектердi оңалтудың кейбiр мәселелерi туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22 қаңтардағы №26 бұйрығына және Оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес, жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектер үшін жеке көмекшінің және естуі бойынша мүгедектер үшін жылына алпыс сағат ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін ұсыну әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қамтылуда. Сонымен қатар санаторий-курорттық емделудi ұсыну, протездiк-ортопедиялық көмекпен және техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдармен және арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету де осы портал қызметі арқылы көрсетіледі. Әлеуметтік қызметтер порталы – бұл мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қызметтер мен техникалық оңалту құралдарын дербес сатып алуға мүмкіндік беретін автоматтандырылған жүйе. Портал мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ыңғайлылығы мен ұсынылатын қызметтердің және оңалту құралдарының сапасын жақсарту үшін енгізілді. Аталған қызметтер жергiлiктi атқарушы органдар, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі әзірлеген мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектікті белгілеу мерзіміне берілген өтінішке сәйкес, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Мүгедектігі барлар немесе олардың заңды өкілдері не мүгедектікке қатысты қызметтерді ұсыну үшін құжаттарды рәсімдеу құқығына нотариаттың куәландыруын талап етпейтін сенімхат алған адамдар тұрғылықты жері бойынша құжаттарын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне бағынышты жұмыспен қамту бөлімдері арқылы береді. Өтініш тіркелгеннен кейін мүгедектің деректері «Е-Собес»-ден порталға автоматты түрде енгізіледі, – дейді Гүлмира Амангелдіқызы. Мүгедектігі бар адамдар өздері тиесілі қызмет түрлері мен техникалық оңалту құралдарын әлеуметтік қызметтер порталынан өз қалауларымен таңдай алады екен. Алайда көрсетілетін қызметті кепілдік берілген сомадан асатын баға бойынша сатып алған кезде өз қаражаты есебінен кепілдік берілген сома мен нақты құн арасындағы айырманы төлейді. Өнім беруші порталда тапсырыс келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде өнім берушінің электронды цифрлық қолтаңба қойылған тапсырысты қабылдау немесе бас тарту туралы хабарламаны қарайды және көрсетілетін қызметті алушының жеке кабинетіне жібереді. Өнім беруші порталда жасалатын шартта көрсетілген мерзімдерге сәйкес көрсетілетін қызметті алушыны өніммен қамтамасыз етеді. Шу ауданы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі аталған заң шеңберінде облысаралық медициналық-әлеуметтік сараптау бөлімі арқылы әлеуметтік және кәсіби бағдарламалар мен бұйрық ережелеріне сәйкес қызмет көрсететіні белгілі. Бүгінде аудандағы жалпы мүгедектігі бар адам саны – 2 648. Оның 186-сы І топта болса, ІІ топтағысы – 717, ІІІ топтағысы – 1 237. Ерекше қажеттілігі бар балалар саны – 508. Осы жылы абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша 95 мүгедектігі бар адам санаторлық-курорттық емделуге барып ем алып қайтыпты. 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға қазіргі заманғы технология бойынша 3 аяқ протезі (жинақтаушы тораптар мен бұйымдарды ауыстыру) беріліпті. Ал берілген омырау бездерінің протезі – 5, ортопедиялық аяқкиімдер 112-ні құраған. Сондай-ақ протездік-ортопедиялық құралдар қатарында 15 балдақ, 44 таяқ ұсынылған. Бұдан бөлек 9 жетек арба, 5 белсенді қармауыш бар екен. Сонымен қатар ересектер үшін бөлмеде жүріп-тұруға арналған 7 қол жетегі бар базалық кресло-арба мен серуендеуге арналған он базалық кресло-арба үлестіріліпті. Ересектерге арналған көпфункционалды (әмбебап) кресло-арба саны – 7, осының балаларға арналғаны – 5, сырғытқы арба – 3. Жасөспірімдерге арналған бір серуендік кресло-арба берілген. Жөргекпен 240 адам, сіңіргіш жаймалармен (жаялықтар) 119 адам қамтылған. Сондай-ақ 13 азамат катетерге, 14 тұрғын стоманың айналасындағы теріні қорғау және тегістеуге арналған паста-герметикке, тағы осыншамасы қорғаныш кремге, 13-і сіңіргіш ұнтаққа (опа) қол жеткізген. Бейтараптандырғышпен қамтылғаны 16 адам болса, теріні тазартқышпен 113, санитарлық құрылғысы бар кресло-орындықпен 21, дәретхана бөлмесіне арналған қайырмалы тіреуіш және жуынатын бөлмеге арналған тұтқалармен 16 адам қамтылыпты. 112 мүгедектігі бар балаларға ІІ тоқсанға үйде оқытуға 3702,4 мың теңге тағайындалып, төленіпті. Мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес есту кемістігі бойынша мүгедектігі бар 24 азамат үшін 2 ымдау тілі маманы әлеуметтік қызметтер көрсетіп жатыр екен. – Ауданда тифлотаяқпен 12, оқу машинасымен 7 адам, сөйлеу синтезі бар ноутбукпен 6 мүмкіндігі шектеулі жан қамтамасыз етілді. 1 тұрғынға брайль жүйесі бойынша жазу құралы, екі ерекше қажеттілігі бар жанға брайль жүйесі бойынша жазу грифелі, бір мүгедектігі барға рельефті-ноқатты қаріппен жазуға арналған қағаз, 13 азаматқа дыбыспен хабар беретін және диктофоны бар ұялы телефон берілді. Дыбыс жазбасын шығаруға арналған плейермен 12, нашар көретін адамдарға арналған сағатпен 15, сөз шығаратын термометрмен 3 адам қамтамасыз етілді. Сурдотехникалық құралдар да мұқтаждарға тиісінше үлестірілді. Мәселен, мәтінді хабарламалы және хабарлар қабылдайтын ұялы телефон 8, саңырау және нашар еститін адамдарға арналған сағат 8, веб камерасы бар ноутбук 6 адамға таратылды. 5 көпфункциялы сигнал беру жүйесі, 3 кохлеарлық импланттарға сөйлеу процессоры, 5 мүгедектігі бар адамдардың есту аппараты, барлығы 35 құрал үлестірілді. Медициналық-әлеуметтік мекемелердегі арнаулы әлеуметтік орталықтарға барлығы 15 мүгедек орналастырылды. Оның ішінде 3 мүгедектігі бар бала Шу аудандық оңалту орталығына, 7 ересек адам Тараз қаласындағы оңалту орталығына, арнаулы әлеуметтік орталықтарына жүйке ауруы бар 2 мүгедектігі бар адам және 3 қарт орналастырылды, – дейді Г.Керімбаева. Мүгедектігі бар адамдарға қолайлы орта қалыптастыру, олардың тәуір тұрмыс кешуіне жағдай жасауда инватаксидің де маңызы айрықша. Ауданда мүмкіндігі шектеулі мүгедектігі бар адамдарға «Инватакси» қызметі «Зейнеткер-мүгедектерді әлеуметтік жәрдем және қорғау компаниясы» арқылы көрсетіледі екен. Шу ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің балаларға және 18 жастан асқан адамдарға үйде әлеуметтік қызмет көрсететін 2 бөлімшесі және «Игілік-Шу» корпоративтік қоры Шу ауданы бойынша барлығы 159 қызмет алушыға үйден қызмет көрсетеді екен. Жеке оңалту бағдарламасына сәйкес қызмет алушылар әртүрлі диагнозына қарай лайықты қызмет алып жатыр. Оның ішінде психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедек балалар саны 57 болса, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балалар саны – 88. 14 адамның психоневрологиялық ауытқуы бар. Әлеуметтік қызметкер тарапынан аптасына кемінде екі рет екі сағаттан балаларға қызмет көрсетілуде. Әрбір қызмет алушыға 1 жылдан аспайтын мерзімге жеке жұмыс жоспары әзірленіп, жүргізілген іс-шаралар және тоқсан сайынғы мониторинг қорытындылары жеке жоспардың орындалуы туралы журналда, яғни электрондық картотекада көрсетіледі екен. Балаларға 7 бағытпен, ал 18 жастан асқан адамдарға 8 бағыт бойынша қызмет ұсынылады. Балаларға және 18 жастан асқан үйде әлеуметтік қызмет алушыларға қайырымдылық шаралары да көрсетіледі екен. Шу ауданы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Айнұр Даниярованың айтуыынша, аталған бөлімнің мұрындық болуымен Наурыз мерекесіне орай «Алматы» мейрамханасының иесі Мереке Бабалиева мүмкіндігі шектеулі балаларға және ата-аналарға Наурыз көже таратып, мол дастарқан жайып, қолдарына бір-бір тәттіге толы себет ұстатып жіберген екен. – Осы секілді қайырымдылық шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай М.Жүнісәлиев атындағы саябақта балалардың жасаған қолөнер бұйымдары көрмеге қойылды. Асфальтқа сурет салудан өткен байқауға қызмет алушы бір бала қатысып, алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ балақайларға тегін балмұздақ, құлпынай таратылды. Аталған мерекеге орай демеушілер тарапынан балаларға 500 мың теңге көлемінде сыйлықтар үлестірілді. Бұдан бөлек өткізілген іс-шараларды сөз етсем, 23 мамыр күні «Мейірім шуағы» атты іс-шара аясында ерекше қажеттілігі бар балаларға Шу аудандық кітапхана қызметкерлерінің демеушілігімен кітапханаға саяхат жасалып, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды және тәтті бәліш пен балмұздақ тегін берілді. 26 мамырда Шу ауданы әкімдігінің денешынықтыру және спорт бөлімі дойбыдан жарыс өткізіп, тәтті балмұздақ таратып, сыйлықтар мен мақтау қағаздарын берді. 30 мамыр күні Оқушылар сарайында «Өнерге өрісі кең орда» атты концерттік бағдарлама өткізілді. Мүмкіндігі шектеулі балаларды мақтау қағаздарымен марапаттап, қаржылай сыйлықтар беріліп, дастарқан жайылды және тәтті салынған себеттер үлестірілді, – деді Айнұр Ерғалиқызы. Сонымен қатар А.Даниярова ауданда мүгедектерге қолайлы орта қалыптастыру ісі де кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын, оның ішінде жекелеген мекемелерге мүгедектігі бар адамдардың өзгенің көмегінсіз кіріп-шығуына қатысты жағдай жасалғанын да сөз етті. Мемлекеттік мекеме немесе кәсіпорын, қандай да бір ұйым кеңселерінің ғимаратында пандус, тактильді тақтайша секілді қажеттіліктер сол мекемелердің арнайы қаржы бөлуі арқылы біртіндеп шешіліп жатқанын жеткізді. Бұдан бөлек ауданда ерекше қажеттілігі бар адамдардың жұмыспен қамтылуы, олардың білім немесе кәсіп игеруі жүйелі жолға қойылыпты. Заман ағымына сай мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, өз ісін жаңадан бастап, кәсіпке бет бұрған жанның бірі – Шу қаласының тұрғыны Мнаш Хасенова. Ол биыл халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған» Ұлттық жобасы аясында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз гранттың жеңімпазы атанған екен. Оған дейін ол «Бастау Бизнес» жобасы бойынша арнайы оқу курсынан өтіп, қолына арнайы сертификат алыпты. Қайтарымсыз гранттың 1-легіне қатысып, комиссия мүшелерінің алдында өзінің бизнес-жобасын сәтті қорғап, мемлекеттен 1 миллион 380 000 теңге қайтарымсыз қаржы алған. Бұрыннан қазақтың ісмерлік өнерін жанына жақын тұтатын Мнаш Оразқызы өзінің бизнес-жобасы бойынша аталған қаржыға тігін тігуге қажетті құрал-жабдықтар сатып алыпты. Бүгінде ол қолдан құрақ көрпе тігіп, өнімдерін сатылымға шығара бастаған. Жаңадан ашқан кәсібін дамыта түсу үшін ол құрақ көрпелерді ою-өрнекпен әдіптеп, сапалы етіп шығаруға күш салуда. Жалпы біз құрып отырған қоғам және мемлекетіміз мүгедектердің жабырқап және біреудің көмегіне мұқтаж әрі өзгеге тәуелді болып өмір сүруін құптамайды. Сол үшін де біз сөз еткен қолайлы орта қай жерде болмасын ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін қолжетімді болуы тиіс. Олардың тұрғын үй, қоғамдық ғимараттарға, көлікке, коммуникация құралдарына, еңбекке, кәсіпкерлікке, білімге қол жеткізуі қиындатылмауы керек. Өйткені қоғамның ажырамас бір бөлігі саналатын адамдардың құқығы бірдей.