ҰЛТТЫҚ НАМЫС ПЕН ЕЛ АБЫРОЙЫНЫҢ СИМВОЛЫ
ҰЛТТЫҚ НАМЫС ПЕН ЕЛ АБЫРОЙЫНЫҢ СИМВОЛЫ
ҚР «Мемлекеттік рәміздері туралы» Заң 2007 жылдың 4 маусымында қабылданған. Рәміздер арқылы белгілі бір халықты, ұлтты танисың, себебі ұлттық рәміздер – ұлт пен халықтың құндылықтарының, тарихының символдық көрінісін қалыптастыра отырып, халықты біріктіреді. Еліміздің рәміздеріндегі көк аспан, жарқыраған күн, ұлттық ою, қыран құс пен пырақ ат, шаңырақ – мұның бәрі тамыры терең қазақтың тарихымен, ұлттық құндылықтарымен, салт-дәстүрімен тығыз байланысты. Елтаңбаның, Тудың, шырқалған Әнұранның – адамның бойына жігер мен өжеттік сыйлап, жүрегіне патриоттық сезімді үйіріп, рухыңды көтеретін ерекше қасиеті бар. Себебі біз: «Бөрілі менің байрағым, бөрілі байрақ көтерсе, қозып кетер қайдағым» деген текті, «Жаным – арымның садағасы» деген батыр халықтың ұрпағымыз. Соңғы уақытта осындай құнды нышандарымыз бейнеленген қағаз қималарын, тіпті қолға ұстауға ыңғайлы кіші туды қоқыстан көзіміз шалады. Тіпті әлеуметтік желілерден бір кездері көк туымыз бейнеленген іш киім киіп, қорлағандарға да алыстан айқайлаудан ары аса алмаған едік. Әнұран шырқалғанда сөзін білмей, басы салбырап төмен қарап тұрған жастарды да көрдік. Меніңше, бұл – біздің ұлттық рухтың әлсіреуінің көрінісі. Ал ұлттық рухтың әлсіреуінің себебі – ұлттық идеология қызметінің әлсіздігі. Мемлекеттік рәміздерге деген құрметті асыру үшін – АҚШ-қа, Түркияға немесе Қытайға қараудың қажеті жоқ. Қазақ өзінің тарихы мен жүріп өткен жолына қарап, ата-бабасының өсиетін орындаса жетеді. Мемлекеттік рәміздерге мемлекеттен бастап оның әр азаматы адал қарап, аса бағалауы қажет. Сондай-ақ шетелден келетін кез келген азаматқа шекаралық өткелдерде, кедендік бекеттерде Қазақстан рәміздеріне құрмет көрсетуге міндеттелуі керек. Мемлекеттік рәміздер заң аясында қорғалған. Оларды орналастыру қағидалары да бар. Елтаңбаға қарағанда туды орналастыру, сырт немесе жеңіл киімдердің белгілі бір атрибуты ретінде қолдану мүмкіндігі кеңірек. Сол үшін жеке пәтеріңіз бен кабинетіңіздің төріне, сонымен қатар көлігіңізге көлемі жағынан ыңғайлы туды орналастырудың еш әбестігі жоқ деп ойлаймын. Төрінде туы, жүрегінде әнұраны болмаған адамның бойында Отанына деген сүйіспеншілігі болмайды. Бір кездері туды балконына іліп қойған азаматтарға әртүрлі сыни пікірлер айтылған еді. Меніңше, мемлекеттік, ұлттық мерекелерде жоғарғы қабатта орналасқан пәтерлердің балконына туды іліп, желбіретіп қою – отансүйгіштіктің белгісі. Тек чемпиондар ғана туды иығына жамылып, қолына ұстау керек деген қағида жоқ. Еліміздің кез келген азаматы рәміздерге айрықша құрмет көрсетуі керек деп ойлаймын. Тіпті кішкене балалардың ойыншығына да тудың суретін салып қою қажет. Бала сол арқылы рәміздерді танитын болады. Тәуелсіздік мерекесінде, Наурыз мейрамында, Конституция күні мен 25 қазан – Республика күнінде көк туды желбіретіп, кез келген ғимараттарда, радиода әнұран шырқалу керек. Бізде әнұранды радиодан радио жұмысы аяқталарда беретін еді. Ол да дұрыс емес. Әнұран ұлық мерекелер мен телеарна және радио жұмыстары басталар алдында шырқалуы қажет. Мемлекеттік рәміздер – ұлттық намыс пен ел абыройының символы. Сол үшін қазіргі кезде киген киім мен тұрған баспанамызда, мінген көлігімізде ұлттығымызды танытатын оюмен қатар рәміздерді де орналастырып жүрген абзал.
Балмира МЫРЗАБАЙ, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы