Сарып – кемтарлыққа себепші
Сарып – кемтарлыққа себепші
Індетке шалдықан мал арқылы адамның барлық мүшесін зақымдайтын сарып дерті біз үшін әлі де көкейтесті мәселе. Өйткені Қазақстанның оңтүстік облыстары негізінен осы ауру ошағы деп танылған. Осыған орай, өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық санитарлық-эпидемологиялық бақылау департаментінің аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Күмісбек Рахимов аталған аурудың адамға зияны жайлы егжей-тегжейлі әңгімеледі. Оның айтуынша, сарып – жануарлардан жұғатын басқа да жүрек-қантамыр, жүйке, урогенитальды жүйелерді зақымдаумен қатар жүретін жұқпалы ауру. Аталмыш дерт адамнан адамға жұқпайды, ең қауіптісі – осы кеселге ұрынған ұсақ малдар инфекция көзі ретінде саналады. Ауру малдың залалданған өнімдерін тұтыну немесе күтіп-бағу кезінде малды сою, қырқу секілді тағы басқа жағдайда жұқтырған адамдарда аурудың алғашқы белгілері 7-30 күн аралығында білінеді. Мәселен, адам тез шаршап, тамаққа зауқы соқпай, басы ауырып, делсал болып, дене қызуы +38-39 °С дейін көтеріліп, қол-аяғы сырқырап, түнде малшынып терлеп, мойын, қолтық асты, шабының бездері ісініп ауырса, бұл сөз жоқ сарып ауруының белгісі. Осы алғашқы белгілерді байқаған сәттен-ақ дәрігер көмегіне жүгінген жөн. «Бұл аурудан адам өлмейді» деп селқостық танытатын кейбір адамдар кемтарлыққа ұшырауы ықтимал. Аталмыш қауіпті кесел жыныс мүшелеріне әсер еткен жағдайда адамды белсіздік пен бедеулікке душар етуі мүмкін. «Дені сау ұрпақ – ел болашағы» демекші, сырқаттың алдын алу үшін сақтық шараларын орындау қажет. Спикердің айтуынша, мал немесе мал шикізатын сатып алғанда олардың қауіпсіздігін куәландыратын құжатын талап еткен дұрыс. Сондай-ақ сарыппен ауырған немесе сарып ауруы бойынша тексерілмеген малды жеке шаруашылық бағымындағы сау малдарға қосуға болмайды. Мал өнімдері мен шикізаттарын кез келген жерден емес белгіленген орындардан сатып алу қажет. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеп, жоғарыда айтылған сақтық шараларын мұқият орындап жүрген абзал.
Ажар НИЯЗБЕКОВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің III курс студенті