Венгрия елшісі Таразға келді
Венгрия елшісі Таразға келді
Сонымен қатар екі ел арасында ынтымақтастықты нығайтып, инвестициялық жобалар бойынша меморандум жасау жайы талқыланды. Аталған жиынға Венгрияның Алматыдағы Бас консулы Ференц Бауманн, «ANM Group», «Globalia Kft» компанияларының өкілдері қатысты. Кездесу барысында өңірде атқарылып жатқан жұмыстар барысы сөз болды. Алдымен өңір басшысы елшіні күнгей аймақтың тыныс-тіршілігімен таныстырды. – Екі мың жылдан астам тарихы бар, Ұлы Жібек жолы керуені жүріп өткен киелі Тараз өңіріне қош келдіңіздер. Өңіріміз күн санап көркейіп келеді. Өңірдегі негізгі асыраушы салалар – ауылшаруашылық және индустриялық өнеркәсіп салалары. Халықтың 60 пайызы ауылшаруашылығымен айналысады. Сондай-ақ өңірде химия өнеркәсібі қарқынды дамуда. Минералды тыңайтқыштар шығаратын «Қазфосфат», ресейлік «Евро Хим» зауыттарын мақтанышпен айта аламыз. Жалпы өңір қай салада болмасын дамып келеді, – деді Н.Молдиярұлы. Сонымен қатар аймақ басшысы қос ел арасында өзара тиімді стратегиялық серіктестік орнағанын және аймақтық ынтымақтастықты нығайтуға барлық мүмкіндіктер бар екенін атап өтті. Айта кетейік, облыстың Венгриямен тауар айналымы өткен жылы 60,5 мың АҚШ долларын құраса, биылғы қаңтар-сәуір айларындағы көрсеткіш 110,4 мың АҚШ долларына тең. Кездесуде көліктерге экологиялық таза отын ретінде «жасыл» сутекті өндіру бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыру мәселесі талқыланды. Жоба барысында облыста күн электр стансасын, жанармай құю стансаларын салу, сондай-ақ сутегімен жүретін автобустарды жеткізу жоспарланып отыр. Инвестиция көлемі 120 миллион АҚШ долларын құрайды. Жоба аясында 80 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Сондай-ақ «Globalia Ltd» компаниясы аймақта қызанақ өсіретін және өңдейтін зауыт салуды жоспарлап отыр. Жиын барысында энергетика саласындағы жобаларға ерекше назар аударылып, атап айтқанда, Тараз қаласындағы жылу электр орталығын жаңғыртуға қатысты мәселелер талқыланды. Отто Иван Рона сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге және тереңдетуге қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Мажарстан елшісі екі ел арасындағы берік тарихи-мәдени байланыстар туралы айта келіп, бұл сөзіне қазақ даласынан Венгрияға қоныс аударған қыпшақ тайпаларының ұрпақтарын дәлел етті. Кездесу барысында тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы меморандумдарға қол қойды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ