Таразда бір үйдің үш баласын 500-ге жуық полицей іздеді
Таразда бір үйдің үш баласын 500-ге жуық полицей іздеді
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, кеше сағат 00:34-те Тараз қаласы ПБ кезекші бөліміне облыс орталығының шағын аудандарының бірінде кәмелетке толмаған екі ұл бала мен бір қыз баланың үйден кетіп қалғаны туралы арыз келіп түскен. Тексеру кезінде балалардың ата-анасының тиісті бақылауында болмағандығы, яғни балаларды 15 жастағы үлкен ағаларына тапсырып кеткендігі анықталды. Балалар үйден сағат 14:00-де сыртқа серуендеуге шығып кетіп, содан оралмаған. Ағасы бауырларын өз бетінше іздеуге тырысқан, бірақ оларды таба алмағандықтан полицияның көмегіне жүгінген. Кәмелетке толмағандарды іздестіруге 500-ге жуық полиция қызметкері жұмылдырылды. Полицияның барлық кешенді күштері мен нарядтары бойынша бағдарлар жіберілді. Іздеу шараларына еріктілер де қосылды.
Нәтижесінде балаларды патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қала шегіндегі «Қазақ хандығының 550 жылдығы» монументінің жанында ұйықтап жатқан күйінде тапты. Балалардың айтуынша, олар үйден тыс жерде ойнап жүріп, адасып кеткен.
Қазір іздеуде болған балалар үйлеріне аман-есен оралды.