Спорт

ҒАЛЫМЖАН ҚЫРЫҚБАЙ – «ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫ»

ҒАЛЫМЖАН ҚЫРЫҚБАЙ – «ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫ»

2 шілде күні Елордадағы «Барыс Арена» мұзайдын сарайында Астана күніне орай дәстүрлі «Қазақстан Барысы-2023» турнирінің жалауы желбіреді. 2011 жылдан бері көрерменнің сүйікті жобасына айналған «Қазақстан Барысы» турнирінде қалалар мен облыстардағы іріктеу жарыстарынан сүрінбей өткен 41 балуан бақ сынады. Ал апайтөс балуандар арасындағы байрақты бәсекеде облысымыздың намысын Ғалымжан Қырықбай, Азат Рысбек және Данил Федоров қорғады. 

Жалпы «Қазақстан Барысы» турнирінде жамбылдық палуандар жылдағыдай табысты өнер көрсетті. Алғашқы айналымда Данилдың жолы Абай облысының палуаны Дәурен Нұралиновпен түйісті. Негізгі уақыт тең аяқталып, белдесу кезеңінде жерлесіміз 2021 жылғы «Қазақстан барысын» қапы қалдырды. Ал Азат Рысбек павлодарлық Амри Бағұстардың осал тұсын таба білді. Сондай-ақ бірінші айналымда бос болған Ғалымжан Қырықбай екінші айналымда қызылордалық даңқты палуан, «Қазақстан Барысы» турнирінің жеңімпазы Еламан Ерғалиевті жарыс жолынан шығарды. Келесі кезеңде Данил Федоров жауырыны жер иіскемеген жетісулық палуан Руслан Әбдіразақовқа есе жіберді. Азат Рысбектің де бабы келіскенімен бағы жанбай, турнирді ерте аяқтады. Жерлесіміз Марат Байкамуровқа қарсы белдесуде барын салса да үш ескерту алып, жеңіс қарсыласына берілді. Мұнан кейін бозкілемге шыққан Ғалымжан Қырықбай атыраулық Арман Қалиевтің аяғын аспаннан келтіріп, ширек финалға жолдама алды. Ғалымжан Қырықбай Саят Шамшиевке қарсы кездесуде де білгенінен жаңылмады. Қарсыластар негізгі уақытта бір-бірінің осал тұсын таба алмай, біраз әуреге түсті. Осылайша кездесу қоян-қолтық белдесуге ұласып, Ғалымжан Қырықбай 3 секундта жеңісті жұлып алды. Жартылай финалда да жамбылдық саңлақ қарсыласы Марат Байкамуровты қоян-қолтық белдесуде жеңіп, «Қазақстан Барысы» турнирінің финалында екінші рет бақ сынау мүмкіндігіне ие болды. Бірнеше сағатқа созылған айтулы бәсекенің финалына ерекше ойын өрнегімен көзге түсіп, өздерінің нағыз спорттық бабында екендігін танытқан Ғалымжан Қырықбай мен маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов шықты. Аңдысумен өткен негізгі уақыт тең аяқталып, белдесу кезеңінде жамбылдық палуан Ғалымжан Қырықбайдың бағы басым болды. Ал Нұрдәулет Жарылғапов турнирдің күміс жүлдесіне ие болса, қола жүлде Павлодар облысының барысы Мұхтар Дәлелханұлына бұйырды. Жеңімпазға «Алтын белбеу» мен 25 миллион теңге сыйақы берілді. Осылайша жамбылдық балуандар «Қазақстан Барысы» турнирінің 12 жылдық тарихында төртінші рет топ жарды. Бұған дейін Бейбіт Ыстыбаев үш дүркін «Қазақстан барысы» атанған болатын.