Қазақстанда 1 шілдеден бастап не өзгереді?
Қазақстанда 1 шілдеден бастап не өзгереді?
2023 жылдың 1 шілдесінен бастап қазақстандықтар төрт күндік жұмыс аптасына ресми түрде ауыса алады. Еңбек кодексіне тиісті өзгеріс енгізілді. Сондай-ақ бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасы және толық емес жұмыс аптасы қарастырылған. Жұмыс беруші мен қызметкердің өзара келісімі бойынша бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасын кезектестіру құқығымен төрт күндік жұмыс аптасын белгілеуге рұқсат берілмек. Жексенбі ортақ демалыс күні болып саналады. Айта кетерлігі, төрт күндік жұмыс аптасына көшкендерге үстеме жұмыс үшін қосымша ақы төленбейді. Зейнеткерлер зейнетақы жинағын үй сатып алуға немесе емделуге пайдалана алады Осы жылдың 1 шілдесінен бастап зейнеткерлер еңбек сіңірген жылдары бойынша БЖЗҚ-да жинақталған қаражатты www.enpf-otbasy.kz интернет-платформасы арқылы тұрғын үй жағдайларын жақсартуға алу үшін «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне немесе екінші деңгейдегі банктерге жүгіне алады. Біржолғы зейнетақы төлемдерін емделу мақсатында пайдалану үшін жоғарыда көрсетілген интернет-платформа арқылы тек «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне жүгінуі қажет. Алматыда жылу, су және кәріз тарифі көтеріледі Жылумен жабдықтау қызметтерінің құны: халық үшін 20 пайызға - 5 839,23-тен 7 007,08 теңге/Гкал-ға дейін, кәсіпкерлік үшін 30 пайызға - 12 870,44 теңгеден 16 731,57 теңге/Гкал-ға дейін өседі. негізгі ауыртпалық бюджеттік ұйымдарға түседі, көрсеткіш 36 пайызға – 25 698,42 теңгеден 34 971,84 теңге/Гкал-ға дейін өседі. Сондай-ақ «Алматы су» МКҚК суық су мен кәріз тарифтерінің көтерілетінін хабарлаған болатын. «Алматы су» МКҚК мәліметінше, Алматыда 1 шілдеден бастап жаңа тарифтер күшіне енеді. Жаңа тарифтер бойынша, суға – текше метріне 55,2 теңге, кәрізге – 1 м3 үшін 32,74 теңге болады. Компания ақпаратынша, су және кәріз қызметтері тарифінің 15 пайызға өсуінен бір пәтердің ай сайынғы коммуналдық төлемдерінің сомасы орташа есеппен 150 теңгеге дейін артады. Әлеуметтік кодекс қолданысқа енгізіліп, төлемдер мен жәрдемақы мөлшері артады Кодекс аясында 2023 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мынадай түрінің мөлшерін орта есеппен 14,5 пайызға арттыру көзделген: мүгедектік бойынша; асыраушысынан айырылған жағдайы бойынша; арнайы әлеуметтік жәрдемақылар; Қайтыс болған зейнеткердің туыстарына екі есе көп төлем беріледі Зейнеткер дүниеден озғаннан кейін оның туыстары жерлеу рәсімін өткізу үшін төлем ала алады. Шілде айынан бастап оның мөлшері екі есе жоғарылайды. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушыны жерлеу рәсімін жүзеге асыруға байланысты туыстарына немесе өзге адамдарға берілетін төлем мөлшері бүгінде 15,7 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) немесе 2023 жылы 54 165 теңгені құраса, Әлеуметтік кодекс заңды күшіне енгеннен кейін ол 35 АЕК, яғни 120 750 теңгеге дейін өседі. Заңды тұлғамен жасалған азаматтық-құқықтық шарт бойынша қызмет көрсететіндер зейнетақы жарнасын төлеуге міндеттеледі Зейнетақы жарналарын әдетте жұмыс берушілер төлейді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының хабарлауынша, 1 шілдеден бастап кейбір санаттағы азаматтар міндетті зейнетақы жарналарын өзі төлеуге міндеттеледі. Енді еңбек шарты бойынша жұмыс істейтіндер де, заңды тұлғамен жасалған азаматтық-құқықтық шарт бойынша қызмет көрсететіндер де зейнетақы жарналарын төлеуге тиіс. Алайда кәсіпкерлік қызметпен айналыспайтын басқа жеке тұлғаларға азаматтық-құқықтық шарт бойынша қызмет көрсететін қазақстандықтар міндетті зейнетақы жарналарын төлемеуге құқығы бар. Елге әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру аяқталады Ішкі істер министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастырып жатыр. Заңдастыру 1 шілдеде аяқталады. Қазақстанда некені тіркеу үшін өтініш беру рәсімі өзгеріссіз қалады 1 шілдеден бастап АХАТ функциялары мемлекеттік корпорацияға берілетін болады. Бұл ретте некені тіркеу үшін өтініш беру рәсімі өзгеріссіз қалады. Бұл қызметті аудандық және қалалық АХАТ бөлімдері орындайды. Бұдан басқа, электрондық үкімет порталы арқылы онлайн өтініш беру мүмкіндігі сақталады. Темекі қымбаттайды Қазақстанда темекі өнімдерінің ең төменгі құны белгіленді. 1 шілдеден бастап баға 60 теңгеге көтерілмек, ал 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы 60 теңгеге жоғарылату жоспарлануда. Қаржы министрінің «Фильтрсіз және фильтрленген темекіге, папиростарға бөлшек саудадағы ең төменгі бағаларын белгілеу туралы» бұйрығына сәйкес бүгінде бір қорап темекінің құны 650 теңгеден кем болмауы керек. Сондай-ақ мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап ең төменгі бағаны екі есеге арттыратын бұйрыққа өзгертулер енгізіледі. Енгізілетін түзетулерге сәйкес, келесі айдан бастап жыл соңына дейін фильтрсіз және фильтрленген темекінің, сигарилланың және қыздырылған темекі өнімдерінің бөлшек саудадағы ең төменгі бағасы 710 теңгені құрайтын болады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін заң күшейеді 1 шілдеден бастап тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтіледі. Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың айтуынша, 60 пайыз жағдайда жәбірленушілер полицияға арыз жазудан бас тартады, сол себепті «үй тирандарын» жауапқа тарту қиынға соғатын. Енді заңға түзетулер енгізілді, яғни «өтініш беру» форматынан «анықтау» форматына көшу заң бұзған адамды арызсыз-ақ жауапқа тартуға мүмкіндік береді.