БІЛІМ САЛАСЫНДА ЖАНДАНҒАН ЖОБА КӨП
БІЛІМ САЛАСЫНДА ЖАНДАНҒАН ЖОБА КӨП
Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында 2021-2022 оқу жылының аяқталуы туралы облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Досыбаева айтып берді. Бүгінгі күні жазғы мектепке 1-8 және 10-сынып оқушылары қатысып, облыс бойынша 102 869 бала білім алуда. Олардың барлығы уақытты тиімді өткізіп, ыңғайлы кесте мен қызықты форматта оқиды. Айта кету керек, бұл оқыту форматында мектеп кітапханасы, цифрлық білім беру ресурстарына қолжетімділік қамтамасыз етілген. Жазғы мектеп жағдайында оқушылар үй тапсырмасын орындамайды. Айдын Досыбаева мектеп бітіруші түлектердің қорытынды аттестаттау емтихандары қалай жүргізілетінін де айтып өтті. – Қорытынды аттестаттау 9, 11-сынып оқушылары арасында 27 мамыр-10 маусым аралығында жүргізілуде. 9-сыныптарда қорытынды бітіру емтихандары 4 пән бойынша, ал 11-сыныптарда қорытынды аттестаттау 5 пән бойынша мектептерде өтіп жатыр. Түлектердің мектеп бітіру кештері 17 маусымда ұйымдастырылады. Жалпы, орта білім туралы аттестатын тапсыру кештерін білім беру ұйымының қабырғасында өткізу жөнінде тапсырма берілді. Биылғы ҰБТ электронды форматта компьютерлік тест түрінде «1 тестіленуші – 1 компьютер – 2 камера» қағидаты бойынша электрондық форматта өткізілуде, – деді спикер. Еске салатын жайт, биыл ҰБТ 4 рет өткізіледі. Электрондық форматтағы ҰБТ-ға қатысу үшін онлайн режимде өтініш беру кезінде түсуші тестілеу күнін және уақытын өзі таңдайды. Мамыр және шілде айында өткізілген тестілеуге қатысушылар мемлекеттік білім беру грантын алу үшін конкурсқа өтініш бере алады. Бұл жаңа формат мектеп бітірушілер үшін өте қолайлы, себебі ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік берілген. Екі тестілеудің қайсысынан талапкер жоғары балл жинаса, сол нәтижемен мемлекеттік грантқа үміткер ретінде конкурсқа қатысады. Өтініштерді қабылдау 28 сәуір-14 мамыр аралығында жүргізілді. Бүгінгі күні қатысу үшін 11762 мектеп бітірушінің 8842-і (75,2 пайыз) тіркелді. А.Досыбаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен Балалар жылына орай өткізілген іс-шаралар туралы да айтты. – Аталған жылға орай, облыста балаларға арналған бірқатар игі істер жүзеге асырылуда. Мәселен, жыл басында аутистік спектрі бұзылған (аутизмі бар) балаларға арналған 300 орындық «Аутизм орталығы» ашылса, оқушыларды қосымша біліммен қамту мақсатында Шу ауданында 600 орындық «Оқушылар сарайы» ашылды. Ал жуырда Тараз қаласында «Бақытты болашақ» оқушылар сарайы ел игілігіне берілді. Бұл мекемеде 7000-нан аса оқушы қосымша біліммен қамтылады, – деді ол. Жылы ұясы мәселесі де ұмыт қалмады. Балалар жылы аясында ағымдағы жылы қолданысқа берілетін тұрғын үйлердің 20 пайызы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі деп жоспарлануда.
Аяулым ЖАМАНҚАРА