ЖАЗАДАН ШАРТТЫ ТҮРДЕ БОСАТУДЫҢ ҚАҒИДАЛАРЫ
ЖАЗАДАН ШАРТТЫ ТҮРДЕ БОСАТУДЫҢ ҚАҒИДАЛАРЫ
Жазаның басты мақсаты – әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру және жаңа қылмыстық құқықбұзушылық жасаудың алдын алу. Тағайындалатын жаза мемлекеттiк мәжбүрлеу шарасы болғандықтан бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға сотталған адам қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесіне жіберу арқылы қоғамнан оқшауланады. ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 476-бабында бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқан сотталған адам жазасын өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату туралы өтінішхатымен сотқа жүгінуге құқы бар. Бұл мәселені үкім орындалатын жерде жұмыс істейтін аудандық және оған теңестірілген сот, ал ол болмаған кезде жоғары тұрған сот шешедi. Жазадан шартты түрде босатудың қағидалары ҚР Қылмыстық кодексінің 72-бабында көрсетілген. Сонымен қатар шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату туралы өтінішхаттарды қарауға байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстырудың және тағайындалған жаза мерзімін қысқартудың сот практикасы туралы» 2015 жылғы 2 қазандағы №6 нормативтік қаулысында кеңінен түсіндірме берілген. Жоғарыда аталған Қылмыстық кодекстің 72-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, егер сот «адамның түзелуі үшін тағайындалған жазаны толық өтеуі қажет етілмейді» деп танитын болса, сот бас бостандығын шектеуді немесе бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адамды осы баптың үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген мерзімдерді іс жүзінде өтегеннен кейін шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатуы мүмкiн. Бас бостандығын шектеуді немесе бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адам осы баптың үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген мерзімдерді іс жүзінде өтегеннен кейін қылмысымен келтірілген залалды толық өтеген және ол жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзбаған жағдайда шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылуға жатады. Демек, сотталған адам жазаның заңмен көзделген мерзімін нақтылы өтеумен қатар, жазаны өтеу режимін қаскөйлікпен бұзбаса және қылмыспен келтірілген залалды толық көлемде өтесе шартты түрде мерзімінен бұрын босатылады. Бұл жағдайда қылмыспен келтірілген залалға сотталған адамнан сот үкімімен немесе сот шешімімен өндіріп алынған сомалар жатады. Алайда сотталған адам залалды толық көлемде өтеуі тиіс. Ал жазаны өтеу режимін қаскөйлікпен бұзу – ҚР Қылмыстық атқару кодексі мен мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларында белгіленген талаптарды орындамаудан және жазаны өтеудің белгiленген тәртiбiн бұзудан тұрады. Олардың түрлері Қылмыстық атқару кодексінің 130-бабында көрсетілген. Сол себепті сотталған адамның заңмен көзделген жаза мерзімінің бір бөлігін нақтылы өтеуі шартты түрде мерзімінен бұрын босату үшін сөзсіз негіз бола алмайды. Демек, шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы мәселені шешу кезінде соттар жеке көзқараспен қарауды қамтамасыз етіп, өтінішхатта және оған қоса ұсынылған материалдарда келтірілген мәліметтердің жазаны өтеуден шартты түрде босату үшін сотталған адамның тәртібіндегі оң өзгерістерді бағалауға тиіс. Сотталғандардың тәртібіне баға беру кезінде олардың ішкі тәртіп қағидасын сақтауы, мекеменің талаптарын орындауы, тәрбиелік сипаттағы іс-шараларға және көтермелеулер, жазалар, туған-туыстарымен және сотталған адамдармен қарым-қатынасты сақтауы ескерілуге жатады. Осы талаптарға оқуға көзқарасының оң немесе теріс бағыты, залалды өтеуі, жеңіл тұрмыстық жағдайға ауыстырылуы және сотталған адамның түзелгенін айғақтайтын басқа да мән-жайлар ескерілуі қажет. Оның түзелгені туралы тұжырымға келу үшін үкім шығарылғанға дейін қамауда ұсталған уақытын қоса есептегенде, оның мекемеде болған бүкіл кезең ішіндегі тәртібі туралы деректерді жан-жақты ескеруге негізделуі тиіс. Сотталғандардың өтінішхаттарын қараған кезде өтінішхатқа қоса тіркелген материалды және соттылық бойынша жеке ісін, мінездемесінің жеке істің материалдарына сәйкес келетінін-келмейтінін, оның объективтілігін мұқият зерделеу керек. Шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатты қарау барысында соттар сотталғандардың әрқайсысына қатаң жеке көзқараспен қарауды қамтамасыз етеді және формальді түрде қарауға жол бермейді. Сот тәжірибесінде көп кездесетін жағдайдың бірі – сотталған адам өз құқығын пайдаланып, келтірген залалды өтеместен немесе жазаны өтеу режимін қаскөйлікпен бірнеше рет бұзса да шартты түрде босату туралы өтінішхатымен жүгінеді. Алайда аталған екі шарттың біреуі орындалмаған жағдайда соттар өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімдер қабылдайды. Қорыта айтқанда, сотталғандар жаза өтеу мекемелерінде тәртіптерін түзеп, қылмыспен келген залалды толық өтеп, жазаны өтеу режимін бұзбай, жақсы жағынан көрінсе, көтермелеулері болса және жеңілдетілген жағдайларда жазасын өтесе, әрине, олардың бостандыққа шығуға үлкен мүмкіндігі бар.
Ләззат РАМАЗАНОВА, облыстық соттың судьясы, заң ғылымдарының кандидаты