Жаңалықтар

Инвестиция көбейсе – елге құт

Инвестиция көбейсе – елге құт

Тәуелсіздіктің 30 жылында жеткен табысымыз айтуға тұрарлық. Елдің тұрақты даму жолында жетістіктермен қатар, ауыртпашылықтар да аз болған жоқ. Алайда елдегі бірлік пен тұрақтылықтың нәтижесінде қиындықты еңсеріп, сыннан сабақ алдық. Әсіресе соңғы екі жылдағы әлемді дүрліктірген пандемия кез келген сын-қатерге дайын болу керектігіне көз жеткізді. Қиындықтарға қарамастан алға мақсат қойып, бағытымызды берік ұстана білдік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «...Ең алдымен, жер қойнауын игеру ісіне инвестиция тарту үшін заңнаманы және рәсімдерді барынша жеңілдету керек. Геологиялық ақпарат туралы бірыңғай мәліметтер банкін құру жұмысын аяқтау қажет. Үкіметке индустрия және жер қойнауын игеру салаларының инвестициялық тартымдылығын арттыруды тапсырамын. Былтыр менің тапсырмам бойынша барлық арнайы экономикалық аймақтың тиімділігі бағаланды. Соның нәтижесінде түйткілді тұстарды анықтап, тың тәсілдерді ойластырдық. Енді арнайы экономикалық аймақтарды дамыту үшін мүлде басқа саясатқа көшкен жөн. Қазіргі таңда шетел компаниялары Қазақстанға көше бастады. Сондықтан бұл мәселе тіпті өзекті болып отыр. Арнайы экономикалық аймақтарға инвестициялық жеңілдіктерді саралап беру керек. Неғұрлым көп ақша салсаң, соғұрлым көп жеңілдік аласың деген ұстаным басты қағида болуы қажет. Жұмыс істейтін саласы негізгі бағыт болмаса да, маңызды индустриялық жобаларды жүзеге асыратын инвесторлар бар. Оларға салық және кеден жеңілдіктерін ұсынбай-ақ, жер телімдерін беруге болады», деді. Осы жылы өңірімізге тартылған инвестиция көлемі 7,4 пайызды құраған. Бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Астанада өткен Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында мәлім еткен болатын. «Биыл Жамбыл облысына 572 миллиард теңге инвестиция тартуды көздеп отырмыз. Сонымен қатар осы жылы 85,4 миллиард теңгеге 491 жұмыс орнын құрайтын 21 инвестициялық жоба іске асырылады деп күтілуде. Сондай-ақ «Осы жылы «ZHEIF-2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумы ұйымдастырылды. Форумда отандық компаниялар мен шетелдік инвесторлар арасында – 17, оның ішінде шетелдік 5 ірі компаниямен – 700 миллион, 12 компаниямен 96,5 миллион АҚШ долларын құрайтын келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. Форум шеңберінде бірқатар шетелдік және отандық инвесторлармен кездесіп, электр энергиясы бойынша – 3, инфрақұрылым тарту – 4, жер мәселесі – 5, газ тарту бойынша 2 жоба оң шешімін тапты», деген еді Нұржан Молдиярұлы. 2025 жылға дейін құны 1 триллион 900 миллиард теңге болатын 60 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған екен. Нәтижесінде 4 мың адам жұмыспен қамтылмақ. Қазіргі таңда бұл жұмыстар жүйелі түрде қолға алынып, апта сайын өзінің төрағалығымен инвестициялық штаб отырысы өткізіліп тұратынын да айта кеткен жөн. Қазір 32 штаб отырысында – 84, оның ішінде 21 шетелдік инвестициялық жоба қаралып, 69 миллиард теңгенің инвестициялық жобалары іске асырыла бастады. Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасы мамандарының айтуынша, биыл 5 айда өңірге 121,8 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім 18 пайызды құрапты. Өткен жылдың қорытындысымен 62 миллион АҚШ доллары көлемінде (жоспар – 107 миллион АҚШ доллары) тікелей шетелден инвестиция тартылып, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 3 есеге артқан. 2026 жылға дейін 2 триллион теңгеге тиісті жобаларды жүзеге асыру арқылы 4 мың жұмыс орнын құру көзделіпті. 60 инвестициялық жобаның ішінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен 9 жобаны жүзеге асыру жоспарланған екен. Осы жылы 84,1 миллиард теңгеге 401 жұмыс орнын құрайтын 18 инвестициялық жоба іске асырылады деп күтілуде. Құны 50 миллиард теңгені құрайтын шетелдік инвестордың қатысуымен 1 жоба аясында 30 жұмыс орны ашылмақ. Осы жұмыстардың нәтижесінде бүгінге дейін өткен 35 штаб отырысында 90 жоба, оның ішінде жалпы құны 1,3 триллион теңгені құрайтын 23 шетелдік инвестициялық жоба қаралып, нақты 69 миллиард теңге инвестиция тартылыпты. Оның ішінде құрылыс саласына – 10 миллиард, «Кнауфгипс Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, «Kazchemtraiding» ЖШС-на, яғни химия саласына 13 миллиард, «Talas Investment Company», «Азиячем» ЖШС-ларына, жаңартылған энергия көздеріне – 7 миллиард, жалпы өнеркәсіп саласына 39 миллиард теңге бағытталыпты. Бұдан бөлек 1,2 миллиард теңгеге 22 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Құны 500 миллиард теңгені құрайтын 17 перспективалық жоба әзірленіпті. Облыстың күннен, желден және судан энергия өндіруге, осы мақсатта тиісті электр стансаларын салуға әлеуеті өте жоғары. Сондықтан бірқатар шетелдік инвесторлар өңірде жел электр стансаларын салуға қызығушылық танытып отыр екен. Атап айтқанда, франциялық «Total Eren», Мойынқұм ауданының Мирный кенті маңындағы Біріккен Араб Әмірліктерінің «Masdar» және Жуалы, Талас аудандарындағы «Kidf» компаниялары ауқымды жел электр стансаларын және «Shymkent Solar Park» күн электр стансаларын салуға ниет білдіріпті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Қытай еліне жасаған ресми сапары кезінде қытайлық «State Power Investment Corporation» компаниясымен тағы осындай бір жобаға келісім жасалған екен. – Нәтижесінде бұл салаға тартылатын қаржының көлемі шамамен 3 миллиард АҚШ долларынан асатын болады. Осы арқылы облыстың жаңартылатын энергия көздерінің республикадағы үлесін 40 пайызға дейін жеткізу жоспарымызда бар. Сонымен қатар өткен айда «ZHEIF-2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумы өткізілді. Оған 14 шет мемлекеттен 41 компания, 16 шетелдік елшілік, 7 халықаралық ұйым, 521 басқа өңірлердегі кәсіпорын, еліміздегі түрлі жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу институттары, арнайы экономикалық аймақ, қауымдастықтар өкілдері, өз облысымыздың 412 өкілі қатысты. Табиғи тастан гофрланған картондар шығаратын және құрама жем өндіретін екі зауыт іске қосылды. «Almaly resort» этномәдени демалыс орны ашылды және «Korcem» ЖШС цемент зауытын өндіретін кәсіпорынның іргетасы қаланды. Форум аясында отандық компаниялар мен шетелдік инвесторлар арасында бірнеше инвестициялық жоба бойынша келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. Сол бойынша бірқатар нақты шешімдер қабылданды. Жалпы облысқа инвестиция тарту жұмыстары тұрақты бақылауда, – дейді аталған басқарманың инвестиция тарту және индустриалды инновация тарту бөлімінің бас маманы Алмас Айдаров. Өңірге инвесторларды шақырып, қалталы кәсіпкерлермен бірлесе ауқымды жобаларды жүзеге асырудың реті әзірге осындай. Алдағы уақытта аталған жобалар жүзеге асатын болса, оның жемісін халық көретіні анық. Өйткені осы арқылы Әулиеата өңірінде өндіріс орындары көбейсе, жұрт тұрақты жұмыспен қамтылатыны белгілі.

Нұржан Әліш