ОМАРТАШЫ БОЛУ ОҢАЙ ЕМЕС
ОМАРТАШЫ БОЛУ ОҢАЙ ЕМЕС
Егер сіз балара бағумен айналысуды шешсеңіз, ең алдымен, омартаға орын таңдауыңыз керек. Жанат Көрпебаевтың омарта шаруашылығы ауданның көрікті жерлерінің бірінде орналасқан. «Бұл жұмыс емес, романтика ғой» деп ойладық. Бұдан соң омарташы қолымызға қалың резина қолғап пен бет торын берді. Ең қызығы осы тұста басталды. Ара ұяларына жақындадық. Бойымызды үрей билеген. «Қорықпаңыздар, олар сезеді. Бірақ оқыс қимыл жасамаңыз», деп ескертті омарташы. Белгілі болғандай, Жанат бұл ісін әуесқой ретінде бірнеше ара ұясынан бастапты. Кемінде 100 ара ұясы болғанда ғана омарта өндірістік деп есептелетіні белгілі. Тек осы көрсеткіштен асқанда барып асылтұқымды шаруашылық статусын алуға болады. – Бір ара ұясынан бір маусымда орта есеппен бір фляга бал алдым. Алғашқы жылы жиналған балды сатып, салынған қаржының жартысын қайтардым. Бірақ әлі де бензинге, қосалқы құрал-жабдықтарға, қантқа кеткен шығындар бар еді. Қиындықтарға қарамастан, ұнатқан ісімді жалғастырдым, – дейді Ж.Көрпебаев. Мемлекет омарта шаруашылығын сақтау және дамыту шараларын қолға алғаннан кейін Қордай ауданының тұрғыны бал кәсібімен белсенді айналыса бастады. Қазір оның омарта шаруашылығы аймақтағы ірі кәсіптердің бірі саналады. Онда асылтұқымды аралардың 150 колониясы бар. Мұнда жылына төрт тоннадан астам тауарлық бал өндіріледі. – Бір ұяда бір аралар отбасы мекендейді. Әр отбасында 20-30 мыңдай ара бар. Жазда ара саны көбейіп, күзге қарай азаяды. Қараңызшы, шірне жинайтын, ұя жасайтын, ұя тазалайтын, аналық және дернәсілдерді тамақтандыратын жұмысшы аралар бар. Сондай-ақ аралар колониясының аталық түрлері болады. Олар ұрпақты жалғастыру үшін қажет. Аталық аралар өз-өздерін тамақтандыра алмайды, олар басқа аралардың тапқанымен қоректенеді. Уақыты келгенде аналық аралар оларды біртіндеп ұядан шығарып тастайды. Жалпы жұмыс барысында ара шағып алатын кездер болып тұрады. Оңай шаруа емес. Аралар көңілсіз кезде шағып алуы әбден мүмкін. Мұны апитерапия деп қабылдаған жөн, – дейді омарташы. Бүгінде омарташының өзі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы жанынан ұйымдастырылған омарта өсіру курстарында дәріс оқиды. Арашаруашылығы өнімдерін өндіруде мол табыс алу үшін зоотехникалық жұмыстарды, құжаттаманы дұрыс жүргізуді, тұқымды аудандастыру жоспарларын орындауды үйретеді. Байқауымызша, омарташының жұмысы жақсы жолға қойылған. Кәсіпкер апитерапевтикалық сауықтыру кешенін ашуды армандайды, мұнда келушілер демалып, тегін емделуге мүмкіндік алады. Түскі ас уақыты жақындаған сайын шаршай бастадық. Әдемі пейзаж бен дала гүлдерінің хош иісі, әрине, жанды сергітеді. Бірақ мен жұмыс кабинетімді сағына бастадым. Оның үстіне омарта шаруашылығындағы қателіктерім шаруашылыққа үлкен шығын әкеле жаздады. Күн жемісті болды, білімім толыға түсті, енді мен аталық араларды жұмысшы аралардан оңай ажырата аламын. Қажет болса, ұя таңдауға көмектесемін, ең бастысы, бал жинайтын араларды ашуландырмаудың тәсілін білемін. Осылайша таңғажайып әрі жұмбақ аралар әлемін көріп қайттық.
Шолпан САБАНОВА, журналист, Қордай ауданы