Ауыл шаруашылығы

ЕРТЕ ҚАМДАНҒАН ҚАПЫ ҚАЛМАЙДЫ

ЕРТЕ ҚАМДАНҒАН ҚАПЫ ҚАЛМАЙДЫ

Былтыр ауданда мал азығын дайындауда аса күрделі мәселе туындай қойған жоқ. Себебі жауын-шашынның мол түсуіне әрі көктемнің жылы болуына байланысты мал азығы молынан жиналды. Ал биыл көктем ерте шыққанымен шаруаға жайсыз болып, суық ауа райы және шығыстан тұрған екпінді жел шөпті де, астықты да өсірмей тастады. Салдарынан бір апта бұрын ғана шөп ору науқанын бастаған шаруалар өткен жылға қарағанда биыл түсімнің аз екенін айтып жатыр. Алайда алаңдаудың еш қажеті жоқ…

Жуалы жері ежелден мал мен жанға жайлы, шөбі шүйгін өңір саналады. Бұрынғы көнекөз қариялардың айтуынша, қандай да бір қуаңшылық жылдар болсын, қасиетті өңірдің жұртшылығы мал азығынан қысылған емес. Тек мал азығын дайындау науқанын тиімді өткізіп, қолдағы бар шөпті орып, төкпей-шашпай, екіншіден, сыртқа сатпай жинап алу қажет. Шөп сыртқа саудаланса болды, егістік жері жоқ жергілікті тұрғындардан маза кете бастайды. Өйткені шөп бағасы үш-төрт есеге қымбаттап шыға келеді. Ал биыл шөп бағасы қандай болмақ?! Қайбір жылы көршілес Түркістан облысы және өз облысымыздың бірнеше ауданы қуаңшылыққа байланысты шөптен қысылған-ды. Сол жылы Жуалы ауданына қарасты Билікөл ауылдық округі, сонымен қатар Талас, Сарысу аудандарында мал азығынан тапшылық байқалған. Мұндай жағдайда өзге өңірлер, ең алдымен, Жуалының құнарлы шөбіне көз сүзетіні белгілі. Бұл – жыл сайын қайталанатын көрініс. Өзімізде шөп бағасының шарықтап кетуіне бірінші әрі басты себеп осы. Ауданда шөп ору науқаны енді ғана басталды. Десе де алыпсатарлар Тараздан, Түркістан облысынан Жуалыға шөп алып келіп, саудалап жүр. Қазір тайланған бір түк жоңышқа және эспарцет көлемі мен сапасына қарай 1 000 теңгеден жоғары бағамен сатылып жатыр. Аудан тұрғындарының негізгі күнкөрісі мал асыраумен тікелей байланысты. Ал малды мыңғыртып бағатын ірі шаруаларға бұл жағдайда шөп тапшылығының ешқандай әсері болмауы мүмкін. Аудан орталығында азын-аулақ мал ұстайтындардың көбінде егістік жері жоқ. Міне, шөп бағасының құбылуы әсіресе орталық тұрғындарына қатты батады. Өткен жұмада Б.Момышұлы ауылындағы мал азығына арналған шөп сататын орынға барып, бір қызық жайдың куәсі болғанымызды айтқым келіп отыр. Онда тайланған шөп тиелген тіркемелі үлкен жүк көлігі және «ГАЗ-53» маркалы жүк көлігінің тұрғанын алыстан көріп, жанына жақындай бергеніміз сол еді: «Сен кімсің? Шөптің бағасында не жұмыстарың бар? Жазғыш болсаңдар, базардағы шарықтаған азық-түліктің бағасын немесе жанар-жағармайды неге жазбайсыңдар? Шөпті қаншадан сатамыз, оны өзіміз білеміз. Бұл жерге келуші болмаңдар. Бізде жұмыстарың болмасын» деп, белгісіз көлік жүргізушісі дүрсе қоя берді. Сонда қалай болғаны? Амандық-саулық, жөн сұраспай жатып адамға осындай ауыр сөздер айтуға бола ма?! Әлгі егде тартқан көлік жүргізушісі бұл сұрақты неге базар мен азық-түлік дүкендерінің иелеріне, арада жүрген алыпсатарларға қоймайды деген ойда қалдық. Шөп бағасы аудан тұрғындарына ортақ мәселе екенін түсіндіріп айтпақшы болған әрекетімізден түк шықпағаннан кейін өз жөнімізбен кете бардық. Әлгі алыпсатар көлік жүргізушісі бағаны айтудан неге бас тартты екен?! Ол жағы бізге белгісіз. Қалай болғанда да жөн сұраған адамға жол көрсету азаматтық парызымыз емес пе?! Жалпы аудандық ауылшаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Сәбит Нұрлыбаев аймақта мал азығы дақылдары 34 190 гектарға орналасқанын, оның ішінде өткен жылдардағы көпжылдық шөп – 30 570 гектар, сүрлемдік жүгері – 600 гектар, ал 3 020 гектарда табиғи шөптер бар екенін айтады. – 2022-2023 жылдың мал қыстату науқаны шаруаларға жеңіл болуына байланысты барлық мал қыстақтарында жиналған шөп қорының 30-40 пайызы үнемделді деуге болады. Биылғы көктем айларында өңірге жаңбыр көп мөлшерде түскенімен сәуір айының аяғы және мамыр айында жауын-шашын қажетті мөлшерде жауған жоқ. Оның үстіне шығыстан соққан қатты суық жел де егістік алқапқа кері әсерін тигізгені анық. Сол себепті көпжылдық шөп алқаптары жақсы көтерілмей қалды. Осыған байланысты биыл өнімділік былтырғыға қарағанда сәл төмен деңгейде болады деп күтіліп отыр. Дегенмен аудан бойынша мал азығына арналған шөптің алқаптары жергілікті шаруалар мен тұрғындарды толық қамтамасыз етуге жетеді, – дейді Сәбит Әмірханұлы. Ауылшаруашылық бөлімінің мәліметінше, осы жылы мал азығына 158 500 тонна пішендеме, 42 900 тонна сабан және 12 000 тонна сүрлем дайындау жоспарланған. Бүгінге ауданда 1 821 гектар шөп орылып, 298 тонна пішен дайындалған. Шөп ору науқаны барлық ауылдық округтерде басталып, жұмыстар жалғасып отыр. Аудан көлемінде мал азығын дайындауға қатысатын техникаларға келсек, 645 трактор, 52 шөп оратын комбайн, 65 шөптайлағыш, 190 тасымалдаушы жүк көліктері және 192 әртүрлі тіркеме бар. Биылғы көктемгі дала жұмыстарына жоспар бойынша 3 055 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлініп, оның 2 956 тоннасы өңірге жеткізіліп, шаруаларға толығымен таратылған. Сондай-ақ күзгі дала жұмыстарына, оның ішінде масақты, майлы дәнді дақылдарды ору және күзгі өнімді жинау, сонымен қатар күздік бидай егу науқанына қажетті 2 806 тонна дизель отынын алуға облыс әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасына тапсырыс берілген. Жауапты мамандар жергілікті ауылшаруашылық тауарын өндірушілер дизель отынымен толық қамтылғанын жеткізді. Әрине, әр жылдың өзіне тән тәуекелі бар. Биыл қуаңшылық болды екен деп құр бекерге қол қусырып отыра беруге болмайды. Бір Алладан медет пен жақсылық, елге тыныштық, адамдарға нысап бер деп тілейік, ағайын! Өңірде шөп ору науқаны енді ғана басталды. Бұл мәселеге әлі де бірнеше рет қайтып айналып соғатынымыз анық. Ерте қамданғанның қапы қалмайтынын ұмытпайық. Нұржан МАНАСҰЛЫ, журналист, Жуалы ауданы