БИЫЛҒЫ ЕГІННІҢ ШЫҒЫМЫ ҚАЛАЙ?
БИЫЛҒЫ ЕГІННІҢ ШЫҒЫМЫ ҚАЛАЙ?
Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Жанұзақтың берген мәліметтеріне сүйенсек, осы жылы облыс бойынша 379 мың гектар жерге масақты дәнді дақылдар егіліпті. Саралай айтсақ, 162,7 мың гектарға бидай, 216,3 мың гектарға арпа себілген. Бүгінгі күні облыста алғашқылардың бірі болып Жамбыл және Т.Рысқұлов аудандары егінге орақ салған. – Биыл Жамбыл ауданының диқандары 4,5 мың гектарға бидай, 13,3 мың гектарға арпа сепсе, құландық шаруалар 61,7 мың гектарға бидай, 53,2 мың гектарға арпа еккен болатын. Қазіргі уақытта облыс бойынша 235 гектар алқап орылып, 305 тонна өнім жиналды және әр гектардан алынған орташа өнім 13 центнерді құрап жатыр. Сондай-ақ облысымызда қант қызылшасы алқабын ұлғайтуға басымдық беріліп, 10,4 мың гектарға тәтті түбір отырғызу жоспарланған болатын. Қант қызылшасының алқабы 10,8 мың гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 5,3 мың гектарға артты. Бұл алқаптан 333 мың тонна өнім жиналып, орташа өнімділігі гектарына 323 центнерді құрайды және жиналған өнімнің 300,5 мың тоннасы қант зауыттарына өткізіледі деп көзделуде. Қазіргі уақытта агроқұрылымдар тарапынан күтіп-баптау шаралары атқарылуда. Биыл қант қызылшасы өнімінің сатып алу бағасы тоннасына 40 мың теңгені құрады. Яғни қант зауыттары өткізілген өнімнің тоннасына 15 мың теңге төлесе, мемлекет тарапынан 25 мың теңге субсидия төленетін болады, – деген Тұңғыш Жанұзақ астық ору науқанына 800-ден аса техника жұмылдырылатынын жеткізді. Жалпы көктем жауын-шашынды болып, диқандар егін егу науқанын ойдағыдай аяқтағанымен бірнеше айдан бері көктен тамшы тамбады. Диқандардың айтуынша, жаңбырсыз жаздың аптабы егін сабағының еркін бойлап кетуіне ерік бермейтін көрінеді. Сондай-ақ күннің ыстығы мен топырақ қабатындағы ылғалдың аздығы ауылшаруашылық дақылдарының өсіміне айтарлықтай теріс әсер етеді екен. Сондықтан дәл қазір диқандардың көңілінде үміттен гөрі күдік басымырақ. – Құрғақшылықтың салдарынан мұндай уақытта әдетте астығы жайқалып, теңіз болып толқып жататын топырағы құнарлы деген аудандардың өзінде егін еңкіш тартып, сабағы сарғайып, масағына шыр бітпей жатып күюге айналған. Биылғы құрғақшылықтың зардабы әсіресе дәнді мерзімінен кеш сепкен шаруашылықтарға ауыр тиеді. Өйткені кеш егілген арпа-бидай енді шығып келе жатқанда жаңбырсыз аптап ыстыққа ұрынып, әрі қарай бойлай алмай бір қарыс болып қалады. Мұндай егін енді астынан құйсаң да, үстінен құйсаң да жарытып өнім бере алмайды. Ал дер уақытында жерге түскен дәннің сабағы бүгінде тізеден асып кеткен. Бір анығы – биылғы қуаңшылыққа байланысты көктемде жоспарланған өнімге қол жеткізе алмаймыз, – дейді агроном Берік Асланбекұлы. Биылғы егін түсімі жылдағыдан төмен болатынын «Бірлік» шаруа қожалығының төрағасы Еркін Ыдырысов та айтып отыр. – Біз егінді уақытында септік, биыл топырақ қыртысындағы ылғал тез кеуіп кетті. Өйткені жылда мамыр айының ортасында, аяқ кезінде шамалы жаңбыр бүркіп өтіп, ылғалдың мөлшерін еселеп, толтырып кететін. Ал биыл бұлай болмады, аптап ыстық мамыр айынан басталып кетті. Күн райын әуелден аңдағандықтан дәнді тереңдетіп септік. Ғаламтордан қарасақ, шілде айы жаңбырлы болатын секілді. Бірақ бұл уақытта бидай басын жарып үлгереді. Яғни бидайдың басы жарылғаннан кейін жауын шелектеп құйса да масақ қауызындағы дәннің саны көбеймейді. Сондықтан бұл жаңбырдың егіннің пісіп, толысуына ғана пайдасы тиеді. Дән аз болса да салмақты болады. Егер егін түсімі аз болса, бидайдың бағасы көтеріледі. Сол себепті биыл баға жоғары болады деген үміт бар, – деді Е.Ыдырысов. Маусым айы ортасынан ауа егінге орақ салған құландық диқандармен тілдескенімізде әзірге жиын-терін ойдағыдай өтіп жатқанын жеткізді. Айтуларынша, ауданда дала жұмыстары ерте басталғандықтан көктемгі жауын-шашын егіннің бітік шығуына септігін тигізген көрінеді. Жер емген диқандардың ендігі мақсаты – пісіп-жетілген егінді ысырап қылмай қамбаға жинап алу. Біз де ырзығын жерден терген, көктем мен жазда маңдайын күнге қақтаған диқандардың еңбегі ақталып, мол өнім алып, мақсаттарына жетіп, ел ырысын еселей беруіне тілектеспіз.
Талғат НҰРХАНОВ