Қоғам

Жұмыс тобы Сарысу ауданында

Жұмыс тобы Сарысу ауданында

Елімізде жүргізіліп жатқан саясаттың басым бағыттарының бірі – мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғырту. Жаңа Қазақстандағы мемлекеттік қызмет халықтың талабына сай, елдің қажетінен шыға білетін қызмет болуы керек.

Осы орайда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Сарысу ауданына мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы келді. Жұмыс тобы құрамына мемлекеттік қызмет көрсететін әртүрлі сала өкілдері енгізілген. Топ жұмысын Жаңаарық ауылдық округінде қоғамдық қабылдау өткізумен бастады. Жаңатас қаласында зиялы қауым өкілдері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары, қоғамдық кеңес пен алқабилер кеңесінің төрағалары, өзге ұлт өкілдері және өндіріс саласының ардагерлерімен кездесу жиыны өтті. Жиынды аудан әкімі Сәкен Мамытов кіріспе сөзбен ашып, мемлекеттік қызмет саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайын сөз етті. Басқосу барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Лесбек Ілебаев мемлекеттік қызмет көрсету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға, мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде халықтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтау, әкімшілік кедергілерді азайту, халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету тиімділігін арттыру және мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсетудің басым бағыттарына тоқталды. Жиынға қатысушылар өзара пікір алмасып, ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен бірге департамент басшысы қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындарды жеке мәселесімен қабылдады. Жұмыс тобының мүшелері сервистік әкімдік, халыққа қызмет көрсету, жұмыспен қамту орталықтарында және кірістер басқармасында қоғамдық бақылау және қоғамдық қабылдау өткізді. Ауданға жұмыс сапарымен келген ведомствоаралық жұмыс тобы қорытынды жиын жасап, жиында Сарысу ауданы әкімінің аппарат басшысы Ж.Сақыпбеков, Талас ауданы әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы А.Мақұлбек, Сарысу ауданы бойынша мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы С.Артықбаев 2023 жылдың 5 айындағы көрсетілген мемлекеттік қызмет түрлерінің есебі мен ондағы проблемалық мәселелерді баяндады.

Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі