БАҚ өкілдері әскери сайыста бақ сынады
БАҚ өкілдері әскери сайыста бақ сынады
деді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары, полковник Ораз Кучуков. Айта кетсек, аталған полигон аумағы 3 гектар аумақты алып жатыр. Тау бөктеріндегі кедергілерді еңсеруге бағытталған полигонда БАҚ өкілдері арнайы оқсауыттармен жарақтанып, бір күн әскери өмірді бастан кешті. Полигонға келген журналистер алдымен өзен үстіне керілген арқанмен өтті. Әскерилер үшін таулы шатқалдан өтіп, құзға өрмелеу күнделікті дайындық. Бірақ БАҚ өкілдеріне бұл жаттығулар шыдамдылығын санар сәт. КТК телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Виктория Савельеваның 19 қызы жастағы Анна Савельева биік құздан өтуде ептілік танытты. Аня және әпкесі Александра баспасөз турында анасының орнына қатысты. Таулы шатқалдан қорықпай өткен алғашқы журналист «Qazaqstan» республикалық телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Данияр Әлімқұл. – Арқанмен өрмелеп өту оңай емес. Шапшаңдық пен тәжірибе керек. Екі бірдей биік жартастан арқанмен өту кезінде бойыңды үрей билейді. Оның үстіне оқсауыттың салмағы да ауыр. Бұл біз үшін бір күндік сынақ болғанымен, әскерилердің күнделікті ісі. Сондықтан әскерилердің еңбегі қашанда құрметке лайық, – дейді Д.Әлімқұл. Мұнан соң Әскери нұсқаушылардың жетекшілігімен журналистер жараланғандарды ұрыс даласынан зембілмен көтеріп, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Тапсырманы бір минутта орындау қажет болды. Мұнда жарысқа қатысушы тілшілер бес адамнан тұратын командаларға бөлінді. Блогер Исламбек Дастан бастаған топ тапсырманы 19 секундта орындап, жеңіске жетті. Сондай-ақ шара барысында БАҚ өкілдері жаралы жауынгерлерді уақытша майдан алаңынан алып қайту, шынжыртабанды әскери техникамен жүру, тапаншадан бастап, жойқын қарулармен толыққанды танысу, тауға арналған төрт мезгілдік жарақтардың қолданылу тәсілін меңгеру, мергендік сынау секілді кезеңдерден өтті. Әсерлі шара барысында әріптестер әскери ас ішіп, арнайы тау бөктеріндегі әскери әрекеттерге үйретілген 86 жылқыны тізгіндеген сарбаздардың іс-қимылын тамашалады. Шара соңында шапшаңдығы, шымырлығы және мергендігімен ерекшеленген әріптестер естелік сыйлықтармен марапатталды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ