Жамбылдың брендіне айналған «Жаңабаевтар» ансамблі
Жамбылдың брендіне айналған «Жаңабаевтар» ансамблі
Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн.» деді. – Бұл сөз әрбір отбасындағы өскелең ұрпақтың өсіп- жетілуіне тікелей байланысты. Өз күнкөрісі үшін өзге елдің кірпішін қалап, көбірек табыс табуды көздеп жүрген жастар уақыт өте келе туған хақынан жырақтайды. Не көрсек те елмен бірге деген саналы ұғым олардың санасынан өшіп барады. Төл мемлекетінің өсіп-өркендеуіне үлес қосатындай терең білім алып, адал еңбек етіп, жақсы өмір сүрсе, ешкім олардың бетін қақпас еді деген ой түйесің. Әрбір шаңырақта тәй-тәй басып, ержетіп келе жатқан бүлдіршіндердің жүрегіне Отанға деген құндылықтарды көп сіңіру керек. Ежелгі ғұн бабаларымыздың заманында ұлы Қытай ипериясын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған патша болған екен. Әлгі әміршінің әлсіз тұсын тауып, оған жағыну арқылы өзіне үстемдік жүргізген ғұн патшалығын соғыссыз жаулап алуды мақсат тұтқан қытай елі өздерінің үріп алар ең сұлу қыздарын қалыңдық етіп берген дейді. Қытайлық сұлу қыздардың қылығына басы айналған патша өз билігінен қалай айырылып қалғанын аңғармай қалыпты. Сол секілді біздің шетел ауып кетіп жатқан жастарымыздың кейінгі ұрпағы туған халқына бөтен болып кетпесіне кім кепіл. Ал шетел азаматтарына тұрмысқа шығып жатқан қаракөздеріміздің тағдыры не болып жатыр? Ұлтымыздың санын арттырудың орнына, керісінше, өзге елдік жиендердің қарасын көбейтуде. Атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбиеміздің ұлы бесігі – отбасы. Бір ұлды тәрбиелеу бір ұлтты тәрбиелеумен тең десек, артық айтқандығымыз емес. «Отан – отбасынан басталады» деген осы шығар. Отан алдындағы ең үлкен парызымыз ұрпағымызға дұрыс білім беріп, халық игілігіне пайда келтіретін саналы азамат етіп өсіру. Бойымызға әкеміздің қанымен, анамыздың сүтімен дарыған асыл қасиеттерімізді өскелең жастарға үлгі етіп, оларға оң жол көрсетуде өзіміз де лайықты дәрежеде болуымыз – шартты ұғым. Әке көріп, оқ жонған, шешеге қарап тон пішкен қазақтың баласымыз. Кең-байтақ даламызды дұшпаннан қорғаған ұлы бабаларымыздың жүрген жолы мен өткен тарихын оқып отырсақ, олар қалай батыр болды деп ойлайсың. Сол жаугершілік замандарда туған ұрпақтың ұлы мұраты қолына найза ұстап ел қорғау, жауынан кек алу екенін ұқтық. Сол кезеңдердегі басты тәрбие жүрек пен білекке берілген. Ал бүгінгі бағыт-бағдар білім алуға жол сілтейді. Сол секілді өнер мен спортқа да жастарымызды көп тартамыз. Жалпы әр саладағы жетістіктеріміз аз емес. Бүгінде отбасылық құндылықтарымызды дәріптеп, ұлы мен қызын Отанына қызмет етуге баулып жүрген жандар баршылық. Ұлттық руханиятымыз бен өнеріміздің дамуына бір отбасы болып қызмет етіп, облыс мәдениетінің гүлденуіне үлес қосқан «Жаңабаевтар» отбасылық ансамблін бүгінде бүкіл республика жақсы таниды. Осы жанұялық ансамбльді жарыққа шығарған жуалылық Жандар Жаңабаев пен оның құдай қосқан жары Күнімбала Оразымбетқызы. Екеуі де өнердің адамы. Бір шаңырақ астында қол ұстасып өмір сүрген қос өнерпаз өмірге өздері секілді өнерлі ұрпақ әкелді. Бойына бала кезден дарыған сазгерлік пен әншілік талантын алғаш облысқа таныта жүріп, ұрпағына да осы бағытта жақсы тәрбие бере білді. Жандарбек Арыстанұлы 1951 жылы 19 желтоқсанда қазіргі Түркістан облысының Төле би ауданындағы Оңтүстік ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Өзінің балалық шағында ауылда оқу, білім алу қаншалықты қиын болса да қатарынан қалмай оқуға, спорт пен өнерге зерек болып өсті. Ауылдың орта білім беру мектебін аяқтап, 1968 жылы Жамбыл педагогикалық институты физика-математика факультетінің «Физика» мамандығына оқуға түсті. 1972 жылы жоғарыда аталған мамандық иесі атанып, еңбек жолын сол кездегі оқу-білім министрлігінің жолдамасымен Өзбекстан Республикасы, Бұхара облысы, Конимех ауданындағы К.Маркс атындағы орта мектепте мұғалім болып бастаған. Сол жылдары әскерге шақырылып, Ресейдің Чита облысының Сретенск қаласында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеді. Әскерден оралған соң Жуалы ауданының оқу бөлімінде әдіскер болып қызметке тұрды. Жандарбек өз өмірінің жартысынан көбін осы Жуалы ауданында өткізді. 1975 жылы отбасын құрып, 2 қыз, 2 ұл тәрбиелеп, олардан біраз немере сүйді. Бүгінде ұл-қыздары әке мен ана жолын жалғастырып, мемлекеттік қызметкер, өнер және педагогика саласының мамандары. Өзінің өмір жолында Жандарбек мұғалімдіктен бастап, мектеп директорының орынбасары, Жуалы ауданының Шақпақата ауылындағы Құрманбек Сағындықов атындағы орта мектеп директоры, аудандық балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің директоры, аудан әкімдігі білім бөлімінің инспекторы, бас маман секілді қызметтерді атқарып, бірқатар ұжымды басқарды. Ауданның сыйлы, құрметті азаматы болды. Түрлі деңгейдегі наградалармен марапатталды. Соеымен қатар оның өнерді қатты құрметтеп, сүйгенінің арқасы болар, қобызшы, мәдениет пен педагогика саласының үздігі, жұбайы Күнімбала Оразымбетқызы екеуі балаларын кішкентайынан өнерге баулып, киелі сахна тәрбиесін беріп, 1991 жылдары «Жаңабаевтар» отбасылық ансамблін құрды. Бүгінде бұл ансамбльдің құрылғанына және мәдениет пен өнер саласына қызмет етіп, ел алғысына бөленіп келе жатқанына 30 жылдан асты. Еліміздің мәдениет саласында еңбектері жанып, республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы атанып, марапаттарға ие болды. Жамбылдағы халықтық атағын иеленген әзірге жалғыз өнерлі отбасы. Жандарбек Арыстанұлы өз өмірінде өнерге қатты көңіл бөліп, кейінірек домбырасымен ән, терме, толғау, күй шығарып, әуесқой сазгер атанды. Автордың бүгінде «Төле бидің толғауы», «Бауыржанның батасы», «Қара терме», «Қазақтың әнші отбасы», «Шәмшінің шіркін әндері-ай», «Қазақ сарбаздары», «Кенекем», «Ақ шағала» «Жапырақтар», «Махамбеттің басымын» атты және тағы да басқа көптеген шығармасын қазақ эстрада әншілері мен еліміздің өнерпаздары орындап жүр. Бір сөзбен айтқанда, ел арасында ұмытылмас сөзі, тарихта мәңгіге жазған хаты мен шығармалары ұрпаққа өсиет ретінде қалды. Жандарбек Арыстанұлы 2011 жылдың 7 қаңтарында 59 жасында кенеттен дүниеден озды. Десек те өзі кеткенімен көзі кеткен жоқ. Артында жұбайы – «Жаңабаевтар» отбасылық халық ансамблінің анасы Күнімбала Оразымбетқызы және өнерпаз ұл-қыздары, келіндері, немерелері бар. Өз өнері мен отбасы арқылы халыққа рухани тәрбие берген әкенің орны қоғамда бөлек. Өнер атадан балаға қонады дегендей, үлкен ұлы Нұржан Жандарбекұлы әке ізін жалғап келеді. Бүгінде ол 40-тан астам әннің авторы әрі Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі. Қай халықта болмасын өзінің атадан балаға мұра болып жеткен, көзінің қарашығындай сақтап, қымбат ұлттық қазынасына айналған өнері болады. Соның бірі – музыка өнері. Рухани жан әлемінің азығы саналған өнердің терең қойнауына ену – кез келгенге бұйыра бермейтін қасиет. Осынау Алланың берген таланты мен дарынын бойына бала жастан сіңіріп, қиындығы мен қызығы қатар жүретін ән өнерінің арқасында Жандарбек Арыстанұлының отбасы бүгінде үлкен отбасылық өнер ұжымына айналып отыр. Бұл отбасылық ансамбльдің тұсауын 1994 жылы Жаңатас қаласында өткен облыстық өнерлі отбасылар байқауында кескен. Сол байқауда 1-орын алған олар жұртты аузына қаратып еді. Өнерлі отбасының ұл-қыздары Айжан, Нұржан, Нүркен, Фариза бала күндерінен-ақ сахна төрінде ән салып, би биледі. Содан бері өнерден қол үзбеген олар 2010 жылы өздерінің шығармашылық концертін алдымен Жуалы ауданы жұртшылығына ұсынып, артынша Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында елге тағы бір есеп беріп, думандатқан-ды. Отбасының анасы, 40 жылдық ұстаздық өтілі бар, білім мен өнерді қатар алып жүрген Күлімбала Оразымбетқызы киелі өнердің тізгінін өз қолына алып, өз дәрежесінде іске асырып келеді. 2013 жылы 16 сәуірде «Жанабаевтар» халықтық ансамблі әкелері Жандарбектің рухына арнап Жуалы аудандық мәдениет үйінде және Тараз қаласы «Баласағұн» орталық концерт залында «Сағыныш» атты еске алу концертін өткізді. Осы жылдың 7 маусымында Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде «Қастерлеп жүрсін өнеріңді ұрпағың» атты Махамбет және Раманқұл Әуезовтер атындағы І Республикалық отбасылық ансамбльдер байқауы өтті. Байқаудың мақсаты – Қазалы жерінде Мырза, Жалдыбай, Дайрабай сынды күйшілердің ізін жалғаушы, Қазалы ауданында алғашқы халық оркестрін ұйымдастырушы, дирижер, күйші, қобызшы Махамбет және музыкант Раманқұл Әуезовтердің өнерін кейінгі ұрпаққа өсиет етіп, есте қалдыру. Сондай-ақ мәдениет пен өнерге өзіндік үлес қосып жүрген шығармашылық ұжымдардың қатарын көбейту, отбасылық ансамбльдер жанрының өсу деңгейін сарапқа салу, орындаушылық шеберліктерін шыңдау, өнерлерін халыққа насихаттау, көпшілікке үлгі ету, олардың өнерінің кең таралуына ықпал жасау мақсатында ұйымдастырылды. Байқауға еліміздің әр аймағынан «халықтық» атағы бар 10 отбасылық ансамбль қатысты. Әулиеата өңірінің атынан байқауға қатысқан Жуалы ауданынан шыққан «Жаңабаевтар» отбасылық халықтық ансамблі Шал Мырзаның «Мереке» күйін, Сыр өңірінен шыққан композитор Бексұлтан Байкенжеевтің «Ақ гүлім» әнін ансамбльдің сүйемелдеуімен, Юбер Жироның «Париж аспанында» композициясын, заманауи бағытта өңделген халық әні «Ақбаянды» квартет жанрында орындады. Нөмірді Нұржан Жаңабаев «Мерейлі отбасы» әнімен қорытындылады. Отбасылық ансамбльдердің өнерін бағалау кезінде ансамбльдердің ойнау шеберліктеріне, репертуар таңдауына баса назар аударылды. Байқауда ерекше өнер көрсетіп, көрермендер ықыласына бөленген ансамбльдерге қазылар алқасының шешімімен жүлделі орындар, дипломдар мен арнайы сыйлықтар табыс етілді. Сыр мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, өзіндік із қалдырған күйші, қобызшы Махамбет және Раманқұл Әуезовтер атындағы «Қастерлеп жүрсін өнеріңді ұрпағың!» атты дәстүрлі республикалық отбасылық ансамбльдер байқауында үздік өнер көрсеткені үшін Жаңабаевтар отбасы ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Айта берсек, бұл ансамбльдің жетістіктері көп. Отбасы құндылығын арттыруда еліне үлгі бола білген осындай әулеттер Отан алдында үлкен мәртебеге ие.
Нұржан ӘЛІШ