Руханият

Қара машина

Қара машина

Бұл тақырыпқа қатысты сөз қозғайтын болсақ, өткен ғасырға оралуға тура келеді және ой-санаңды қорқыныш, бойыңды үрей билейді. Сол кезең қазақ баспасөзіне қара бұлт төнген қауіпті сәттер еді. Жалпы қаламгерлердің әр қадамы бақылауға алынып, басқан ізін билік тыңшылары аңдып, кімнің қайда, не істеп жүргенін тіміскілейтін уақыт. Алды-артын тірі көлеңке торлаған баспасөз өкілдерінің сол кездегі тағдырлары қандай болғаны тарихтан белгілі. Ұлтымыздың басынан өткен аумалы-төкпелі сол бір уақытта қазақтың талай зиялылары саяси қуғынның құрбаны болды. Тарих түкпірінде есімдері қанмен жазылған ұлт жанашырларының күреске толы ғұмырлары азаттық жолына арналды. «Алаш» деп атқа мінген атақты қайраткерлер – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Темірбек Жүргенов, Санжар Асфендияров, Смағұл Сәдуақасов, Ораз Жандосов, Жанайдар Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Жүсіпбек Аймауытов, Қоңырқожа Қожықов, Құдайберген Жұбановтар. Ал біз біле бермейтін кейбір есімдер елеусіз қалмауы керек. Кеңестік кезеңнің солақай саясаты қолына қалам ұстағандарды қынадай қырды. Солардың ішінде қарапайым журналистер де қара тізімге ілінді. Қара тізімге ілінгендерді НКВД тыңшылары қара машинамен аңдып, қайтпас сапарға алып кетті. Беймезгіл уақыттарда күтпеген қонақтар келіп, сырттан есік қаққаннан кейін сол есікке қайта оралмағандар қаншама? Бар жазығы – өз ұлтының қамын ойлағандығы. Бұл туралы жерлесіміз, ақын Бауыржан Үсенов өзінің «Қара машина» деген өлеңінде былай деп жырлаған еді: «Үш ұлы адам дарын ескен түрінен, Келбетіне Құдайдайын үңілем. Бір-ақ жылда қайтыс болған, тарихи, Құбылыс деп ойлайтынмын мұны мен. Содан бері шошынамын дүсірден, Содан бері көз алмаймын мүсіннен. Қараңғы түн, қап-қара бір машина, Шықпай қойды, шықпай қойды түсімнен. Әлі алдымда батпағым көп кешпеген, Көкейімде құпиям көп шешпеген. Шындық жайлы айта берсем, бір түнде, Қара машина ап кетердей сескенем...» Бұл 11 шумақтан тұратын ақын жырының үзіндісі. Осы өлеңді жазамын деп өзі де талай қудалауға ұшырады. Кеңес билігі ыдыраудың алдында тұрған уақыт болғандықтан автор қара машинаның құрығынан аман қалды. Бірақ ақын өлеңі жоғалып кетті. Кейін тәуелсіздігімізге қол жеткізген кездерде Қарағандыда бір асаба жігіттің тойда оқып тұрған сәтін көріп, Бауыржан Үсеновтың танысы сол өлеңді той жүргізушіден қағазға түсіріп алған екен. Жамбыл ауданында «Шұғыла»-«Радуга» газеті жаңадан ашылған жылдары журналист Сағат Арынов бас редактор болып қызмет жасапты. Осы уақыттарда бас есепші қызметіндегі бір адам редактордың қолымен қаржы жымқырған екен. Жазықсыз жала жабылған журналист ағамыз қызметтен қуылып, онымен қоса еш жерге жұмысқа алмайтындай қудалауға ұшыраған. Бұл туралы Сағат Арыновтың ұлы Ғалым Сағатұлына айтып берген. – Мен ол кезде студенпін. Әкем осы жағдайдың кесірінен инсульт алды. Әділдік іздеп бармаған жері қалмады. Қызмет атаулыдан шеттетіп тастады. Кеңестік партияның дәурені жүріп тұрған шақ. Партияның заңы қатал. Шалыс басқанның аяғын аспаннан келтіреді. Бірақ нақты дәлелі жоқ болғандықтан ба, іс әлі сот алдына жетпеген болатын. Бұл тұстарда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасан Шаяхметұлы Бектұрғанов болатын. Ол кісінің әкеме деген көзқарасы өте жақсы болды. Журналист ретінде де, қызметіне адал азамат ретінде де оң тұрғыдан қарады десем, еш артық айтқандығым емес. Өз шындығын бірінші хатшыға жеткізу, Бектұрғановтың қабылдауына кіру оңай болмады. Басшылыққа кіреберіс күзеттен бастап, кабинетіне баруға дейін талай адамнан рұқсат алу керек. Олар сенің кім екеніңді анықтап, тарихыңды зерттейді. Жалпы айтқанда, үлкен басшыға жолығудың жолы табылмай біразға дейін әуре-сарсаңға түсті. Құдай жарылқап, бір күні ғимаратқа кіреберісте Бектұрғановпен бетпе-бет кездесіп қалып, өзі қабылдауына кіргізіпті. Болған мән-жайды әкем өзі жеткізіп, бірінші басшының ықпалымен қызметіне қайта оралды. Сол кезеңдердегі журналистердің жұмысы өте қиын еді, – дейді Ғалым Арынов. Сонымен қоса журналист әкесінің алғаш оқуға түскен кезіндегі естелік әңгімесін де айтып берді. Арынов алғаш Алматыға журналист мамандығы бойынша оқуға түсерде бір үлкен кедергіге тап болыпты. Сталиндік жүйенің әлі күшіне еніп тұрған шағында талапкердің алдына атасының тарихы көлденең келіпті. Өз заманында молда болған атасы билік назарына іліксе керек. Алайда Арынов бәрібір оқуға түсті. Жеті ұрпағымызға дейін 70 жыл құлдық қамытын кигізген кеңестік солақай саясаттың салқыны Сағат Арыновқа да тиді. Бүгінде бақилық болған жерлес ағамыз Сағат Арынұлының артында ұрпағы мен өлмес дүниелері қалды. Қазірде осы салада қызмет етіп жүрген қаламгерлердің еңбегі зор. Бұл бейбіт заманда артыңнан аңдитын қара машина жоқ шығар. Десек те ақиқатты айтқан адамның қай кезде де дұшпаны көп.

Нұржан Әліш