Руханият

Жамбыл шығармасын жастар да оқуға ынталы

Жамбыл шығармасын жастар да оқуға ынталы

Бүгін облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы «Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы»-ның ұйымдастыруымен «Жамбылтану» орталығында «Жамбыл мұрасы және жас ұрпақ талғамы» атты рухани кездесу өтті.

Бұл рухани басқосуға өңірдегі жас ақындар және Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының ұстаздары мен кітапханашысы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз иновациялық институтының қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімдері, ардагерлері қатысты. Кездесу кешінің алғы сөзін Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, «Жамбылтану» бөлімінің меңгерушісі Көсемәлі Сәттібайұлы сөйледі. – Қазір қоғамда Жамбылдың атына күйе жаға салу, оны сол кездегі саясаттың сойылын соққан ақын ретінде көрсету деген сияқты жаман үрдіс белең алған. Сол кездегі саясатты жырлағанына Жамбыл кінәлі емес. Мүмкін кей өлеңдерін қасындағы хатшылары-ақ өзгертіп қағазға түсіре берген шығар? Сондықтан бүгінгі жас ұрпақ ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың шығармаларына деген көзқарасы дұрыс болуы керек. Оның шығармалары мектеп оқулықтарында да көрініс табуы керек. Сонымен қатар жастар арасында «Ленинградтық өренім» деген сияқты өз заманының ұранына арналған өлеңдермен ғана танымал болып қалмау керек. Қайта оның қазан төңкерісіне дейін жазылған шығармаларына зер салуымыз керек,– деді Көсемәлі Сәттібайұлы. Ал Жамбылдың жырлары мен қырларына тоқталып оның айтыстағы ерекшеліктерін айрықша атаған Жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Меңдібай Әбіл бірінші кезекте оның қайраткер ақын екендігіне назар аударғанымыз жөн екенін және мектеп бағдарламасында «Жамбылтану» деген арнайы пән қосылып оқытылса екен деген тілегін жеткізді. Ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Талас ауданының құрметті азаматы Үміт Битенова Жамбылға жалаң көзқараспен қараудың қате екенін, оның жырларындағы көркемдіктің әлі де лайықты деңгейде аталып өтілмей жатқанын айтты. Дөңгелек үстелдің соңында айтыскер ақын Есет Досалы өзінің арнау өлеңін оқып, оқушылар Жамбылға деген көзқарастарын айтып, оның шығармашылығына талдау жасады. – Мен Жамбыл атамыздың өлеңдерін ұнатып оқимын. Ол кісінің жырларынан мен сол дәуірдегі толғаныстарды көремін. Алайда ол кісінің өлеңдері сол дәуірдің еншісі десек де әлі күнге дейін оқыған адамға рух береді, –дейді Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының оқушысы Інжу Жақып. Иә, осындай өскелең ұрпақ бар кезде Жамбыл атамыздың шығармалары әлі де оқыла беретініне бізде сенім білдірдік. Басқосуды қорытындылаған Көсемәлі Сәттібайұлы өзінің осындай жастардың жалынын көргенде бір серпіліп қалатынын айтып, олардың алдағы жолына сәттілік тіледі.

Шапағат Әбдір