Білім

МЕКТЕП – БІЛІМ ТІРЕГІ, ҰСТАЗ – ОНЫҢ ЖҮРЕГІ

МЕКТЕП – БІЛІМ ТІРЕГІ, ҰСТАЗ – ОНЫҢ ЖҮРЕГІ

«Мұғалім үшін үйдегі баласынан, мектептегі оқушысы артықтау болып кететін де кездері болады. Мектебіміз керемет мектептермен материалдық-техникалық базасы жағынан деңгейі бірдей болмаса да, жалпы мектептермен салыстырмалы түрде, білімі жағынан ешбір мектептен кем емес. Себебі біз шәкірттерімізбен мақтанамыз. Мектеп бітіріп кеткен түлектеріміз мектебі туралы қалам тербеп, өлең жазса да, дәрежесі артып қызметкер болса да, мектептегі қызық кездерді баяндап бізбен әңгіме-дүкен құрса да жүрегіміз алып-ұшып солар үшін қуанамыз. Олар жеткен жетістік – біздің мектеп үшін абырой», дейді Талас ауданы Ойық ауылындағы Бөлтірік Әлменұлы атындағы орта мектебінің директоры Гулфайруза Орманова.

Ойық ауылындағы Бөлтірік Әлменұлы атындағы орта мектеп 1937 жылы Октябрь мектебі болып бой көтерген. Кейіннен 1941-1945 жылдары болған Ұлы Отан соғысына байланысты бірнеше жылға жабылып қалып, соғыс біткен соң бастауыш сынып оқушыларына арналып қайта ашылды. Мектеп тәуелсіздік алғанға дейінгі уақыт аралығында көп өзгеріске ұшырап, ал 1992-1993 жылдар аралығында бүкіл қазақ жұртына би ретінде төрелігін айтып, шешендігімен көпті тыңдата білген Бөлтірік шешеннің есімі беріледі. Осынау тарихы тереңде жатқан Бөлтірік шешеннің есімімен аталған мектептің ертеректегі мұғалімдері мен түлектері облыс, республика деңгейінде танымал. Бөлтірік Әлменұлы атындағы орта мектебінде математика пәнінен дәріс берген Болат Ізбасов, мектеп директоры болған Маратбек Мұхтаров сынды мектепте қызмет еткен мұғалімдердің тұяқтары Марғұлан Ізбасов, Ғазиз Мұхтаров ағайлар қазір де осы мектепте оқушыларға білім беруде. 1996-2007 жылдары мектепте директор қызметін атқарып, мектептің көркеюіне үлкен үлес қосқан Нұрқаш Сағатов ағайдың ұлы Қален Нұрқашұлы қазірде «Жомарт түлек» атанып, мектепке демеушілік етуде. Ал Ерғали Сағат, Әбиірбек Тінәлиев сынды ертеректегі мектеп түлектері бүкіл Қазақстанға танымал сазгер, әнші, жазушы атанды. 2008-2009 жылдары мектеп директоры болған Күлшат Қожатаева Ойық ауылының тумасы. Кейіннен «Талас аудандық білім бөлімінің» басшысы қызметін атқарған. Қазіргі таңда Тараз қалалық №32 мектептің директоры қызметінде. Осындай шәкірт тәрбиелеген мектептің беделі жоғары. Осындай үлкен жетістікке жеткен мектепте 15 сәуір күні «Тыңдалым дағдысын қалыптастыруда кездесетін қиындықтар және оны шешу жолдары» атты аймақтық семинар өткен болатын. Семинарға «Шапағат» қоғамдастығы бірлестігіне қарайтын Жамбыл орта мектебі, Д.Қонаев атындағы Ойық ауылдық орта мектебі, Ш.Смаханұлы атындағы негізгі мектебі, Жаңатұрмыс негізгі мектептері өкілдері келіп, тәжірибе алмасты. Қонақтарды күтіп алу салтанатты түрде ұйымдастырылған, бұл жұмыстар 8 және 10-сынып оқушыларына жүктелді. 8-сыныптықтар қонақтарды күтіп алса, 10-сынып оқушылары қонақтарды Бөлтірік шешеннің өлеңдерін мәнерлеп оқып, тыңдарманды өзіне еріксіз баурап алды. Кейіннен мектеп мұғалімдері ашық сабақ өтті. Математика пәнінің мұғалімі Марғұлан Ізбасов 8-сынып оқушыларына «Рационал теңсіздіктерді шешу», бастауыш сынып мұғалімі Раушан Қосыбаева 1-сынып оқушыларына «Қақпашы. Бас әріптен басталып жазылатын сөздер», бастауыш сынып мұғалімі Баян Ахметова мектепалды дайындық сыныбының тәрбиешісі «Сиқырлы әріптер» атты ашық сабақтар өткізді. Кейіннен мектеп психологі Нұргүл Амирова семинар қонақтары үшін «Жақсы көңіл күйі – жан азығы» атты тренинг өткізіп, психологиялық ойындар ойнатып, көңіл күйлерін көтерді. Соңынан мектеп директоры Гулфайруза Орманова «Тыңдалым дағдысын қалыптастыруда кездесетін қиындықтар және оны шешу жолдары» атты тақырыпта коучинг жүргізді. Семинар қонақтары дән-риза болып, Бөлтірік Әлменұлы атындағы орта мектептің көп өзгергенін, семинардың сәтті өткенін айтып, мектеп ұжымы мен басшылығына алғыс айтып тарқасты.

Назира НҰРМАН, Б.Әлменұлы атындағы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Ойық ауылы, Талас ауданы