Қоғам

ӘКЕГЕ ҚАРАП ҰЛ ӨСЕР...

ӘКЕГЕ ҚАРАП ҰЛ ӨСЕР...

Бабаларымыздың өміріне жақсы немесе жаман әсер ететін тәрбиешілердің көп болғандығы байқалады. Сол тәрбиешілердің ішіндегі ең әсерлісі – әке. Яғни баланың тәлім-тәрбиесінде әкенің рөлі ерекше.

Осы бағытта 18 маусым – Әкелер күніне орай, әкелердің мәртебесін асқақтату мақсатында облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Әкем – менің асқар тауым» атты іс-шара өтті. «Дөңгелек үстелді» облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашты. Еркінбек Бейсембайұлы өз сөзінде іс-шараның басты мақсаты – отбасы құндылығын насихаттау, әкелердің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, отбасындағы әкенің міндеттері мен рөлін көтеру бағытында әңгіме өрбітті. Сондай-ақ Түркістан қаласында өткен халқымызды ортақ мақсатқа ұйыстыратын бірегей құрылым – Ұлттық құрылтай жөнінде де айтып өтті. Іс-шара барысында Төле би атындағы №8 гимназияның оқушылары бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін бейнелейтін сахналық қойылым қойып, әке туралы ән шырқады. Басқосуда облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы Әкелер кеңесінің төрағасы Қ.Ильясов әкелер рөлінің төмендеп кетуінің себеп-салдары мен онымен күресудің жолдарына талдау жасаса, облыстық ардагерлер кеңесінің жанындағы Билер кеңесінің төрағасы О.Есіркепов мектеп жасындағы балаларға әкелердің тұрақты көңіл бөлуі, оларды ұлтжандылыққа тәрбиелеу бағытында сөз өрбітті. Осы орайда мына бір ғибратты тәмсілді қазіргі әкелерге ой салып, одан тиісті қорытынды шығарады деген ниетпен ұсынып отырмыз. Үйіне қатты шаршап келген әкесі өзін есік алдында тағатсыздана күтіп отырған баласын көреді. Бала әкесінен: – Әке, осы бір сағатта қанша ақша табасыз? – деп сұрапты. Онсыз да жұмыстан қажып жүрген көңіл күйі жоқ әкесі: – Онда шаруаң қанша? – деп жауапты қысқа қайырыпты. Баласы сонда да қоймай: – Әке, өтінемін, айтыңызшы? Білгім келеді, – деп тұрып алады. Тезірек құтылғысы келген әкесі: – Қатты білгің келіп бара жатса, сағаты екі мың теңге, – деп жауап беріпті. – Онда маған мың теңге қарызға бере тұрыңызшы, – деп жабыса кетіпті баласы. Қатты ашуланған әкесі: – Әй, таусылмайтын сенің ойыншықтарыңа шаша берер менің ақшам көп емес. Одан да өз бөлмеңе бар да, есікті жап! – деп айқайлапты. Бала үндемей ғана өз бөлмесіне кетіпті. Баласының бүгінгі қылығына жыны ұстаған әкесі сабасына түскен соң: «Бұл неге ақша сұрай қалды? Әлде бірдеңеге қажетсінді ме екен? – деп, білмекке баласының бөлмесіне бас сұғыпты. – Балам, бағана ұрысқаныма ренжіме! Жұмыстан қатты шаршап келгендікі ғой. Міне, 1000 теңге ала ғой, – деп ақшаны ұсыныпты. Қатты қуанған бала жалма-жан жастығының астындағы өз ақшаларын да шығарып, бәрін қосып санай бастады. Ақшасы бола тұра неге сұраған деп қабақ түйген әкесіне баласы: – Әке, мендегі ақша жетпеген еді. Міне, енді екі мыңға толды. Осыны алып, мен үшін бір сағатыңызды бөліңізші, – деп, әбден жұмысбасты болып, баласына уақыт бөле алмай кеткен әкесін терең ойға батырған екен. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты С.Исматова әкенің ұлы есім екендігіне жан-жақты талдау жасаса, осы оқу орнындағы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы, техника ғылымдарының докторы, профессор С.Мырзашев жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудегі әкенің рөлі жөнінде хабардар етті. Ал Талас аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы Билер кеңесінің төрағасы С.Әбсадықов әкелердің бала тәрбиесіндегі орны мен рөлі жөнінде сөз қозғаса, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің жанындағы Әкелер кеңесінің төрағасы М.Шоңбаев Отан отбасынан басталатындығы жайында өз ой-пікірін білдірді. Жиынға қатысқан ардагерлер ойларын ортаға салып, өздерінің көзқарастарын, пікірлерін бөлісті. Басқосу соңында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев келелі отырысты қорытындылап, отбасындағы әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту, ұлттық салт-дәстүрімізге байланысты әке орнының ерекше екендігін ұғындыру ісі қашанда өзекті екеніне тоқталды. Сондай-ақ әкенің қоғамдағы, отбасындағы рөлін айшықтау мақсатында атқарылатын жұмыстарды кеңінен насихаттауды алдағы уақытта да жалғастыру әрқашан ардагерлер назарында болатынын атап өтті. Алдаберді МАҚАШЕВ, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі