Әлеумет

Тату елдің туы биік

Тату елдің туы биік

Қонақжайлылық, қамқорлық, мейірімділік секілді қасиет қазақтың қанында бұрыннан бар. Бір кездері заман зәуімен елімізге жер ауып келген өзге этнос өкілдерін өзекке теппей, бауырымызға басуымыз соның дәлелі. Бейбітсүйгіштік пен татулықты ту етудің арқасында бүгінде қазақ елі қауіпсіз мекенге айналып отыр. Мұнда мемлекет құрушы қазақ халқымен бірге өзге этностардың бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқанына қоғамда барлық азаматтарға өзара құрметпен қарау және теңдік құндылықтардың лайықты деңгейде сақталуы сеп болып отыр.

Өз тәуелсіздігімізді жариялаған уақыттан бері елімізде тұрақтылық және келісім моделін дамыту мен қазақстандық біртектілікті одан әрі нығайту жолында ауқымды жұмыстар атқарылды. Оның ішінде облыс бойынша және аудандарда жүйелі жұмыстар жүзеге асты. Мәселен, Байзақ ауданында 30-дан аса ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Аталған ауданда 18 ауылдық округ, 43 елді мекен бар. Жалпы ауданда халық саны 111 500 адамды құрайды. Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Иманованың айтуынша, мұндағы Бурыл, Қызыл жұлдыз, Қостөбе ауылдарында өзге этнос өкілдері көптеп шоғырланған. – Бурыл ауылдық округінде халық саны – 13 652, оның ішінде қазақтар – 8 765, түріктер – 3 613, орыстар – 431, әзірбайжандар – 463, күрдтер 59 болса, бұдан да басқа тағы өзге этнос өкілдері бар. Қостөбе ауылдық округінде 7 296 адам тұрады. Оның ішінде 2 812-сі қазақ, 2 476-сы түрік, 319-ы күрді, 383-і орыс, 450-і әзірбайжан. Қызыл жұлдыз ауылдық округінде 6 390 тұрғын бар болса, оның ішінде 4 618-і қазақ, қалғаны түрік, күрді, орыс, әзірбайжан және басқа да өзге этнос өкілдері. Ауданда этносаралық тұрақтылықты үйлестіру мақсатында 2016 жылдың басынан бері аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінде 1 штат ашылып, аудан көлеміндегі іс-шаралардың жүйелі өтуі ұйымдастырылып келеді. Ұлтаралық татулық пен бірлікті нығайту, елдің ынтымағын сақтауда аудандағы түрік, орыс, неміс, кәріс этномәдени орталық өкілдіктерінің қосып отырған үлесі қомақты. Этномәдени орталықтар облыстық этномәдени бірлестіктерінің аудандағы филиалы есебінде жұмыс атқарып жатыр. Түрік этномәдени орталығының жетекшісі – С.Аббасов. Бұл ұйым 1994 жылы облыстық «Түрік Ахыска» этномәдени орталығының Байзақ аудандық филиалы есебінде ашылған. Құрамында 11 мүшесі бар. Сол секілді ауданда «Коре», «Радонеж», «Немістер қоғамы» секілді этномәдени орталықтар жұмыс істейді. Этномәдени орталық өкілдері үшін өздерінің ұлттық салт-дәстүрлері мен мәдениетін дамытуға барынша жағдай жасалған. «Қоғамдық келісім» мекемесінен арнайы бөлме беріліп, керекті құрал-жабдықтармен, жиһаздармен жабдықталған. Осы жылдың алты айында этномәдени орталық өкілдерінің қатысуымен 12 іс-шара өткізіліп, оған 1 500-ге жуық адам қатысты. Сарыкемер ауылында «Қоғамдық келісім» орталығы жұмыс атқарады. Орталықтың мақсаты – аудан аумағында татулық пен бірлікті нығайту, ұлтаралық келісімді сақтау, түрлі мәселелермен келген тұрғындарға жүйелі кеңес беріп отыру. Сонымен қатар түйткілді мәселелер туындаған жағдайда оны шешу. «Қоғамдық келісім» орталығы ғимаратында аудандық ардагерлер кеңесі, аудандық ҚХА ақсақалдар кеңесі, аудандық қоғамдық кеңес, медиаторлар орталығы, билер кеңесі, этномәдени орталық жетекшілері және «Сенім» орталығы орналастырылған. Бүгінгі күнге дейін орталықта медиаторлардың қатысуымен 100-ден астам тұрмыстық дау-дамай шешілді. Қоғамдық кеңес және ардагер, ақсақалдар кеңестері арқылы 50-ге жуық азаматқа кеңес берілді, – дейді Салтанат Бәйтеліқызы. Аудандағы этномәдени орталықтар өздерінің тілін, салт-дәстүрлерін, әдеп-ғұрыптарын және мәдениетін сақтау, ел бірлігі мен татулығын нығайту, мемлекеттік тілді меңгеру жұмыстарына белсенді атсалысуда. Аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Тілдерді оқыту» орталығы этнос өкілдері арасында «Söile» клубы арқылы ай сайын тұрақты түрде жұмыс жүргізіп жатқанын да айта кетуіміз керек. Азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және этникалық және тілдік қатыстылығына қарамастан, тіршілік әрекетінің барлық салаларында кемсітушілікке жол бермеу басты жолға қойылған. Сонымен қоса мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында этнос өкілдері, жастар, ауыл тұрғындары арасында іс-шаралар өткізіп тұрады. Мұндай іс-шаралар биыл Бурыл, Талас, Қостөбе, Сарыкемер, Байзақ ауылдарында ұйымдастырылыпты. Мәселен, биылғы 8 маусымда облыстық «Жаңа-Ру» жастар коалициясы «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» атты интеллектуалды квест ойынының өтуіне мұрындық болған. Өзге этнос өкілдерінің қатысуымен өткен облыстық сайыста Байзақ ауданы құрамасы ерекше көзге көрініп, «Белсенді команда» номинациясымен марапатталыпты. Ауданда өзге этнос өкілдерінің арасында ел экономикасына сүбелі үлес қосып, іргелі шаруашылықтарды басқарып, ел құрметіне бөленген азаматтар да жеткілікті. Түрік ұлтының өкілі Наби Ағалиев – «Ағали» шаруа қожалығының жетекшісі. Сүт өндіретін цехымен қатар мал бордақылап, бірнеше жергілікті адамды жұмыспен қамтып отыр. 280 гектар суармалы жеріне астық дақылдары, алма бақ егілген. Техникасы да жеткілікті. «Ахысха» шаруа қожалығын басқаратын Сүлеймен Ахметов 255 гектар жерге астық, көкөніс егу арқылы елге танылған. Неміс ұлтының өкілі Шейир Адлер де гектарынан 800-900 центнер өнім алатын қант қызылшасын өсірудің хас шебері. Орыс ұлтының өкілі Владимир Лесняк сүт өнімдерін өндірумен, қарашай ұлтының өкілі Маут Фазулов егіншаруашылығымен айналысады. Тәуелсіз еліміздің, оның ішінде ауданымыздың дамуына үлестерін қосып, еңбегімен елдің құрметіне бөленген мұндай азаматтар қатары күн санап артып келе жатқаны қуантады. Ауданда Қазақстан халқы Ассамблеясының ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді. Кеңес құрамы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығымен мақұлданған. Құрамында ардагерлер, жастар, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері бар. 1 аудандық, 3 ауылдық Қазақстан халқы Ассамблеясының ақсақалдар кеңесі құрылып, жұмыс жоспарлары бекітіліп, қызметтік бөлмелермен қамтамасыз етіліпті. Кеңес мүшелері жұмыс жоспарына сәйкес орта білім беру мекемелерінде қоғамдық келісімді, ұлтаралық татулық пен достықты насихаттауға бағытталған түрлі тақырыптарда жиындар, кездесулер өткізіп, байқауларға жиі қатысып отырады. Ұлттық құндылықтарды насихаттау, оқушылар мен жастар арасында көптілдік мәдениетті қалыптастыру мақсатында ауданда жыл басынан этномәдени орталықтармен бірлесе түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылған. Атап айтқанда, Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Байзақ ауданындағы Сарыкемер ауылының орталық алаңында «Бірлігі жарасқан тәуелсіз елім бар!» атты концерттік бағдарлама, ал «Береке бірліктің бастауы» атты мерекелік іс-шаралар 18 ауылдық округте өткен. Этнос өкілдерінің қатысуымен ауданда 3 спорттық іс-шара ұйымдастырылыпты. Тарқата айтқанда, Қостөбе ауылдық округінің Талас ауылында еркін күрестен жасөспірімдер арасындағы аудан біріншілігі, Бурыл ауылында волейболдан «Біз болашаққа сенеміз!» атты ұранмен жасөспірім қыздар арасындағы №11 балалар жасөспірімдер спорт мектебінің ашық турнирі, Қостөбе ауылында волейболдан ауылдағы этнос өкілдерінің қатысуымен жарыс жалауы көтерілген. – Аудан аумағында ұлттар татулығы мен бірлігін насихаттау тек іс-шаралар өткізумен ғана шектелмейді. Бұл бағытта аудан елді мекендерінде 3 көрнекі ақпарат құралы да орналастырылған. Жыл басынан аудандық «Ауыл жаңалығы – Сельская новь» газетінде ұлтаралық татулық пен достықты, аудан аумағында орналасқан этностардың бір-бірімен берекелі қарым-қатынасының жемісін, этномәдени орталықтардың жұмысының нәтижесін насихаттау бойынша 8 мақала, «Мәңгілік ел», «Болашағы біртұтас ұлт», «Біз – қазақстандықтармыз!», тағы басқа да айдарлармен жарияланды, – дейді С.Иманова. Біздің мемлекетіміздің басты жетістігі – Қазақстан халқының ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен өзара түсіністігі және сыйластығын сақтау. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында ел бірлігінің, қоғамдық келісім мен бірлікті сақтаудың маңызын назардан тыс қалдырған емес. Халық бірлігі – мемлекеттілік негізі. Қазіргі Қазақстан қоғамының жаңару жолымен тиімді дамуы, ең алдымен, елдегі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық түсіністікке байланысты.